Қазақстанда оқушылардың сабақ кезінде ұялы телефон пайдалануына заң жүзінде шектеу қойылған. Бұл норма 2024 жылы «Білім туралы» заңға енгізіліп, 2026 жылдың ақпан айына дейін елдегі барлық білім беру ұйымдары үшін міндетті болып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қолданыстағы заң бойынша сабақ үстінде смартфон қолдануға тыйым салынады. Атап айтқанда, хат алмасу, әлеуметтік желілерге кіру, видео көру, ойын ойнау – бәрі де оқу процесі кезінде рұқсат етілмейді. Дегенмен, оқушыларға телефонды мектепке алып келуге болады. Оны тек үзіліс кезінде, төтенше жағдайда немесе мұғалімнің рұқсатымен оқу тапсырмасын орындау үшін қолдануға мүмкіндік бар.
Ережені алғаш рет бұзған жағдайда ескерту жасалады. Қайталап бұзса, жауапкершілік ата-аналарға жүктеледі. Айыппұл көлемі 5 айлық есептік көрсеткішке дейін жетуі мүмкін (21 625 теңге).
Оқушылар наурызда 11 күн демалады
Қазіргі таңда Парламент Мәжілісінде мектеп аумағында смартфон қолдануды толық шектеуді көздейтін заң жобасы қаралуда. Бұл құжат педагог мәртебесі мен білім саласына қатысты заңнамаларға өзгерістер енгізуді ұсынады.
Қолданыстағы норма бойынша мектептер үзіліс кезіндегі телефон пайдалану тәртібін өздері анықтай алады. Ал жаңа ұсынысқа сәйкес, тыйым тек сабақта ғана емес, бүкіл оқу күні бойы, яғни үзілістерде де күшіне енуі мүмкін.
Бұл жағдайда оқушылар мектепте мүлде смартфон қолдана алмайды. Ерекше жағдайлар тек уәкілетті орган бекіткен арнайы ережелер арқылы қарастырылмақ.
Ұсынылған түзетулерге сәйкес, телефон пайдалану тәртібін реттеу құзыреті Білім беру саласындағы уәкілетті органға беріледі. Яғни бірыңғай талаптарды министрлік немесе өңірлік білім басқармалары бекітеді.
Толық тыйым салу бастамасы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Қолдаушылар кибербуллинг азаятынын, әлеуметтік желілерге тәуелділік төмендейтінін, балалар тірі қарым-қатынасқа көбірек көңіл бөлетінін, сондай-ақ оқу үлгерімі мен тәртіп жақсарып қымбат гаджеттерге байланысты әлеуметтік теңсіздік болмайтынын айтады. Ал қарсы тарап ата-анамен жедел байланыс қиындайтынын алға тартып, цифрлық сауаттылық шектелетініне алаңдаушылық білдірген.
Бала және әлеуметтік желі: тыйым басталды!
Көптеген ел мектептерінде смартфон қолдануға түрлі деңгейде шектеу енгізілген. Кейбірінде ұлттық деңгейде толық тыйым салынса, басқаларында мектеп әкімшілігі өз тәртібін белгілеген.
Сонымен қатар бірқатар елде медициналық немесе ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Қазақстандағы Назарбаев зияткерлік мектептерінде 2025 жылдың қыркүйегінен бастап телефонға шектеу енгізілген.
Бұл бастама тәртіп пен қауіпсіздікті күшейтуді мақсат етеді. Алайда қоғамда цифрлық еркіндік пен бақылау арасындағы тепе-теңдік мәселесі әлі де талқыланып жатыр.