• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:35

Балтабай ауылындағы баянды істер

90 рет
көрсетілді

Еңбекшіқазақ ауданында Есік қаласы мен 25 ауылдық округ бар. Солардың бірі 10 мыңға таяу халық түтін түтетіп отырған Балтабай ауылдық округінде 19 түрлі этнос өкілі ынтымақтаса тіршілік етіп отыр. Округ аумағына 7 елді мекен, 3 саяжай кіреді.

Мемлекеттік қызметте 20 жылдан астам табанды еңбек етіп, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан Сәуле Алипованың Балтабай ауылдық округінің әкімі болып бекігеніне екі жылдан аса уақыт өтті. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау туралы Президент бастамасына сәйкес, өткізілген сайлауда басым дауысқа ие болған С.Алипова өзіне жүктелген міндеттерді орындауда жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек етіп келеді.

«Ауыл әкімі болып сайланған күннен бастап ең алдымен халық үніне құлақ түруді жөн көрдім. Осы мақсатта WhatsApp желісінен ауыл тұрғындары үшін «Ашық әкімдік/ Доступный акимат» атты арнайы чат ашып, 7 ауыл бойынша олардың талап-тілектерін тыңдадым. Алматыдай алып мегаполистен 60-ақ ша­қырым жерде тұратын ауылдың көр­кеюі де маңызды. Сол себепті ауыл хал­қының бірінші кезектегі сұранысы ауылішілік жол, жарық және әлеуметтік нысандардың жаңартылуы болды», дейді Сәуле Базарбайқызы.

Ауылдағы ағайынның тілін та­­уып, ашық диалог құруда «Құрметті дос­­тарым» деп сөз бастауды дағдыға айнал­дыр­ған ауыл әкімі нәзіктігіне қара­мастан халықпен қоян-қолтық жұмыс істеп, қиыннан қиыстыра жол табуға бар білім-білігін, күш-жігерін жұмылдырады.

«Екі жылда атқарылған жұмыстан ауыл жұрты толық хабардар. Бюджеттің кіріс-шығыстары туралы чатта толық есеп беріледі. Округке қарасты 7 ауыл­да 55 көше болса, соның 50 пайызы ғана асфальтталған. Қазір бұл көрсеткіш 86 пайызға жетті. Осы жылы 10 көше­ні асфальттауға ұсыныс берілді. Мер­ді­герлермен бірлесе жұмыс істеу нәти­же­сінде ауылішілік көшелер сапалы жасалып, тұрғындар көңілінен шықты. Асфальт төселмес бұрын 7 ауылдың жолына демеушілердің көмегімен 15 млн теңгеге қиыршық тас төселіп, жолдың тақтайдай тегіс болуына септігі тиді. Жалпы алғанда, ауылішілік көшелердің асфальтталуына 428 млн 194 мың теңге қаржы жұмсалды. Балтабай ауылына су құбырлары 60-жылдары тартылған, содан бері әбден тозып біткен. Бірі жамалса, тағы бір жері жарылып, ауызсу ең үлкен проблемаға айналған еді. 25 млн теңгеге жобалық сметалық құжат жасалып, биыл су құбыры толық жаңартылады. «Прометей» саяжайының су мұнарасы насостарымен 1 млн теңгеге жаңартылды. Енді 3 саяжайға демеушілердің көмегімен 12 млн теңгеге су құбырларын жерас­тына түсіру жұмыстары атқарылады. Сонымен қатар осы жылы Балтабай ауылына көгілдір газ келеді. Бұл да – ең үлкен жаңалық», деген ауыл әкімі ауылдың ірі кәсіпкерлері әлеуметтік жобаларға қолұшын беруден аянып қалмайтынын атап айтты.

Бұған қоса, ауылдық амбулаторияның кешенді жөндеу жұмыстары мерзімінен бұрын атқарылуы ауыл жұртын қуант­қан. Оған бюджеттен 174 млн теңге жұмсалған. Сонымен қатар Ақбастау ауылындағы электр бағаналары мен трансформатор, желілерімен қоса 158 млн теңгеге жаңартылған. Бұрнағы жылы Күш ауылына 50 млн теңгеге модульды амбулатория салынып, пайдалануға берілген. Балтабай ауылындағы Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне арнап бой көтерген ескерткіштің ескіріп, тозып кеткені ескеріліп, былтыр 80 жылдыққа орай айналасын қоршап, ағаш көшеттерін отырғызып, күрделі жөндеуден өткізілуі де үлкен жетістік. Аллеяға балалар алаңы салынып, түнде самаладай жарқырап тұратын арнайы арканың жасалуы жұртшылықтың көңілін серпілткен. Сондай-ақ Балтабай-Бірлік ауылы арасындағы 6 шақырым жол бойындағы бағаналарға түнгі шамдар орнатылып, екі ауылдың арасы жарқырап тұр.

Бұған қоса, Бірлік ауылында «Ауылды дамыту» бағдарламасы аясында шағын футбол алаңы мен балалар алаңы жасақ­талған. Күрежол бойындағы ауыл көше­ле­ріне автобус аялдамалары салынып, жолау­шыларға жағдай жасалған. Жалпы, Балтабай ауылдық округінде Өрнек, Күш, Бірлік және 3 саяжайдан мектеп оқушылары тасымалданып оқытылады. Осы 4 ауылға оқушылар аялдамасын жасау жоспарланған.

Округте кәсібін ашып, шаруасын дөңгелетіп отырған азаматтар аз емес. 2024 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бо­йынша 26 адам құжат тапсырып, оның 24-і 187 млн теңге несие алып, жұмыстарын жолға қойған. Биыл 3 АӨК құрылды. Балтабай ауылының кәсіпкерлері қазақ үй жасаумен ерекшеленеді. Алғашында қазақ үй жасаумен бір азамат кәсіп бастаса, мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде олардың саны осы күні 10-ға жетіп отыр. Қазақ үй жасау шеберлерінің өнімдеріне елімізден тысқары шетелдерден де тапсырыс түседі. Түркиядағы зілзалада Бал­табайдан 400-ге жуық үй көмекке жіберілген.

«Президенттің ауыл әкімдеріне көңіл бөліп, кездесу өткізуі – тарихта тұңғыш рет. Еркін диалог құрып, кеңес беруі – әрбірімізге зор серпіліс берді. Жігерлендіріп, алға ұмтылдырды. Жоғарыға жетпей жататын үнімізді естіді. Ауыл әкімдерінің мұң-мұқтажын тыңдап, министрліктерге тікелей тапсырма бергенде көңіліміз марқайып, мәртебеміз өсіп қалды. Осы уақытқа дейін құзырымызда жоқ жұмыстың барлығын ауыл әкімінің мойнына жүктеп қойғаны белгілі. Осының барлығының ара-жігін ажыратып, әр мекеме өзіне тиесілі міндеттерді атқару қажеттігін айқындап берді. Мұндай форумның өткізіліп тұруы ауыл халқының әлеуетін көтеру үшін аса маңызды деп ойлаймын», деді Сәуле Базарбайқызы.

Осы орайда ол ауыл табысын арттыратын тетіктерді жетілдіруді де сөз етті.

«Қазіргі күні ауылда салық түсімінің 6 түрі бар. Бұл ауылды дамытуға жетпей­тін түсімдер болғандықтан, ауылдар аудандық және облыстық бюджетке тәуелді. Сол себепті ауылдарға салықтың түсімдер саны мен түрін ұлғайту керек. Бұл ретте ауылда кәсібі бар, бірақ өздері қалада тіркелген кәсіпкерлердің тіркеуін сол ауылға алып келу маңызды. Сонымен қатар ауылдардағы сауда-сат­тықты, экологиялық айыппұлдар түсі­мін бақылау ауыл әкімдіктеріне берілуге тиіс», деді С.Алипова.

Мемлекет басшысының ауыл әкім­де­рінің алдына қойған тапсырмасының бірден-бірі – ауылға инвестиция тарту. Бұл ретте 2025 жылы Балтабай ауыл­дық округіне 25 млрд теңгені құ­рай­тын 7 инвес­тиция тартылды. Атал­ған инвестициялық жобалар жүзеге асар болса, округте қоқыс қал­дықтарын өңдей­тін зауыт, мал сүйе­гінен ұн жасайтын және терісін өң­дейтін зауыт, үй панель­дерін жасай­тын зауыт, заманауи жанар-жағар­май құю стансасы, сұйық бетон зауыты іске қосылып, жүздеген адам жұмыспен қамтылады. Балтабай ауылында жасалған игілікті істің тағы бірі – демеушілердің көмегімен құны 30 млн теңгені құраған өрт сөндіру бекеті салынды. Оған облыстық өрт сөндіру департаменті арнайы техника бөлген.

Мұнымен, мәселе түбегейлі шешім тапты деу артық. Өйткені 7 ауылдың басын біріктіріп отырған округте бір де бір мәдениет үйі, спорт кешені жоқ екені ескеріліп, ұсыныс берілген. Сондай-ақ Сәуле Базарабайқызы жыл сайын халқы саны өсіп жатқан Өрнек ауылына 180 орындық мектеп салу қажеттігін аудан әкімінің қаперіне салып, жоспарға енгізгенін атады. Бұл ауылға амбулатория да ауадай қажет. Өйткені Өрнекте бұрынғы жылдары 420 адам тұрса, қазір ауыл халқының саны 650 жанға жеткен.

 

Алматы облысы,

Еңбекшіқазақ ауданы

Соңғы жаңалықтар