Қазақстанда басталған конституциялық өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудың жаңа кезеңін айқындап отыр. Бұл тек нормаларды түзету емес, билік тармақтарының жауапкершілігін нақтылау және олардың тиімділігін арттыруға бағытталған қадам. Реформа жағдайында заң шығарушы орган – Парламенттің рөлі айрықша мәнге ие бола бастады.
Жаңартылған құрылым бойынша Парламент 145 депутаттан тұрады. Өкілеттік мерзімі – 5 жыл. Депутаттар бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі арқылы пропорционалды өкілдік жүйесі негізінде сайланады.
Бұл тәсілдің негізгі қағидаты айқын: партия қанша пайыз дауыс алса, Парламентте сонша орынға ие болады. Осылайша сайлаушы таңдауы мен сайлау нәтижесінің арасындағы тікелей байланыс сақталады. Азаматтардың дауысы жоғалмайды, ал қоғамдағы саяси көңіл-күй заң шығарушы орган құрамынан көрініс табады.
Бұрынғы Қазақстан халқы Ассамблеясының парламенттік квотасы алынып тасталды. Бұл қадам өкілдік жүйесін толықтай пропорционалды қағидатқа көшіруге бағытталған. Сонымен қатар өңірлік деңгейде мажоритарлық тетіктердің сақталуы партияға кірмейтін азаматтарға да саяси процеске қатысу мүмкіндігін қалдырады.
Өкілеттіктердің кеңеюіРеформа аясында Парламенттің бірқатар маңызды өкілеттігі нақты айқындалды. Депутаттардың көпшілік даусымен Президенттің Вице-президентті тағайындауына келісім беру нормасы енгізілді.
Әділетті Қазақстанның конституциялық көрінісі
Сондай-ақ Парламент Президент ұсынған: Конституциялық Сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясының мүшелерін, Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындауға келісім береді.
Бұдан бөлек, Президенттің ұсынысы бойынша Жоғарғы сот судьяларын сайлау және қызметтен босату құзыреті де заң шығарушы органға берілді. Бұл нормалар Парламенттің мемлекеттік билік жүйесіндегі институционалдық салмағын арттырады.
Заң шығару сапасына басымдықЗаң жобаларын қараудың үш оқылымдық форматы енгізілді. Алғашқы екі оқылымда мазмұндық талқылау жүргізілсе, үшінші оқылымда құжаттың құқықтық нақтылығы қамтамасыз етіледі. Бұл нормалар заң сапасын арттыруға бағытталған.
Парламент комитеттерінің санын реттеу мәселесі конституциялық заң деңгейіне көтерілді. Сонымен қатар маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін заңдардың ауқымы кеңейтілді.
Сарапшылар жаңа Конституция жобасын қабылдау перспективаларын талқылады
Қазіргі жағдайда заң шығару тек формалды рәсім емес. Ол – стратегиялық бағыт айқындайтын процесс. Экономикалық бастамалар, әлеуметтік кепілдіктер, институционалдық реформалар – барлығы құқықтық негіз арқылы жүзеге асады.
Саяси жауапкершілік және ашықтықПропорционалды жүйе партиялық өрісті ынталандырады. Белсенді азаматтар өз саяси ұйымдарын құрып, бағдарламалық ұстанымдарын ұсына алады. Бұл саяси әртүрліліктің артуына ықпал етеді.
Сонымен қатар заң шығару үдерісінің ашықтығы ерекше маңызға ие. Қоғамдық тыңдаулар мен сараптамалық талқылаулар қабылданатын шешімдердің сапасын арттыруы тиіс.
Конституциялық реформа жағдайында Парламент тек заң қабылдайтын орган емес, мемлекеттік саясаттың мазмұнын айқындайтын негізгі институтқа айналып келеді. Оның тиімділігі кәсібилікке, жауапкершілікке және қабылданған шешімдердің сапасына байланысты.
Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының ұжымы жаңа Конституцияны қолдады
Парламенттің беделі – қабылданған заңдардың өміршеңдігімен өлшенеді. Ал сапалы заң – тұрақты дамудың кепілі.
Нұржан СӘУЛЕН,
ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институтының
Ғылыми зерттеу орталығының басшысы