• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Digital Бүгін, 08:28

Игілігі мол интеллектуалды жобалар

0 рет
көрсетілді

Бүгінде жасанды интеллект инфрақұрылым игілігін арттыруда тиімді әрі сенімді құралға айналды. Мәселен, өңірдің жасыл желектерін цифрлық форматта есепке алатын «TreeMap» жобасы, жол жамылғысының сапасын автоматты түрде бақылайтын «JoLScan», ақылды автотұрақты басқаруға арналған «ParkKing.kz» жүйесі, ұялы байланыс сапасын талдайтын «CellMap» пен интеллектуалды бағдаршамдар, «Жаяу жүргінші өткелі» кешені – айтарлықтай нәтиже көрсетіп отырған жобалар.

Бүгінде облыс аумағында ша­мамен төрт мыңға жуық камера орнатылған. Оның ішінде, 180-і аппараттық-бағдар­ла­ма­лық кешен ретінде жұмыс істеп тұр. Бұған жылдамдық өлшегіштер, жол қиылыстарындағы бақылау жүйелері, ақылды жаяу жүргіншілер өткелдері кіреді. Кешендердің саны жыл сайын орта есеппен 300-ге артып келеді. Биыл да қосымша 300 бей­не­бақылау камерасы орнатылады.

Қазір қала аумағында бет-әл­пет­­ті тану мүмкіндігі бар шамамен 100 бейнебақылау камерасы жұ­мыс істеп тұр. Өткен жылы бұл жүйе іздеуде жүрген 268 азаматты анық­тауға көмектесіпті. Бірегей плат­форма Бірыңғай қауіпсіздік ақпа­раттық ресурстары кешенімен, Ішкі істер министрлігінің іздестіру дерекқорларымен интеграцияланған.

Қарағандыда кейінгі жылдары қолға алынған цифрлық жобалардың бірі – бағалар мониторингі жүйесі. Бүгінде жүйе «Магнум», «Корзина», «Аян» супермаркеттерінде жұмыс істеп тұр. Деректер сайтқа автоматты түрде жиналады, ал сайтта жоқ сауда желісіндегі ақпарат қолмен енгізіледі. Қазіргі таңда платформада 100 мыңнан астам әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімі бар.

– Белгілі бір өнімді таңдап, оның нақты бағасын картадан көруге болады. Мысалы, бір тауардың құны 166 теңге болса, бұл дерек парсинг арқылы нақты дүкеннен алынған. Жүйе ақпаратты ойдан шы­ғар­майды, барлығын автоматты түрде жинайды. Сондай-ақ картадан дүкеннің нақты орналасқан орнын да көре аласыз. Бағалар мониторингі жобасы «Android» және «iOS» платформаларындағы мобильді қосымша форматында қолжетімді. Кез келген қала тұрғыны «KrgPrice.kz» сайтына кіріп, логин мен құпия сөзсіз қажетті ақпаратты еркін көреді, – дейді облыстық ақпараттандыру басқармасының басшысы Константин Ильницкий.

Басқарма алдағы уақытта әлеу­мет­тік маңызы бар азық-түлікпен шек­телмей, қала тұрғындарына ма­ңызды басқа да тауарлардың баға­сын бақылауға енгізуді жоспарлап отыр. «Small» сауда желісіндегі бағалар да мониторингке алынбақ. Бұл арқылы қанттың қай дүкенде арзан, ұнның қай жерде қымбат екенін салыстырып, бағалық карта жасауға мүмкіндік туады. Жоба тұрғындарға нақты әрі тиімді ақпарат береді.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында іске қосылған «TreeMap» жүйесі «TreeMap» қаланың барлық жасыл белдеулерін картаға түсіреді. Қала аума­ғында жалпы саны 863 мың тал тіркелген. «TreeMap» жүйесі ағаш­тар­ды тек тіркеумен шектелмей, олар­д­ың санитарлық жағдайына, өсу дең­гейіне, түріне қарай автоматты түрде жіктей алады.

– Мысалы, картада бір қарайған терек ерекше көзге түсіп тұр делік. Оның қашан отырғызылғанын, дұ­рыс өспеу себебін немесе арнайы инфекцияның ықпалын анық­тау қажет. Климаттық фактор­лар да ағаштың дамуына әсер етуі мүмкін. Бұл тек дендрологтер мен эколог­тер­дің зерттеу объектісі ғана емес, біздің техникалық мамандар үшін деректерді жинап, оларды жылдам әрі тиімді өңдеу міндеті тұр. Мобильді қосымшаға қосылған нейрондық желі үш фотосурет арқылы ағаштың түрін анықтап, биылдан бастап оған қажетті күтім шараларын да ұсына алады, – дейді Қарағанды облыстық ақпа­раттандыру басқармасының басшысы Константин Павлович.

Дәстүрлі әдіс бойынша маман 763 мың ағашты жаяу аралап, әрқайсысының координаттарын картаға енгізуі қажет еді. Бұл – өте қымбат әрі көп уақытты қажет ететін жұмыс. Ал «TreeMap» арқылы кез келген ерікті ағашты суретке түсіріп, геолокациясын белгілей алады. Сол сәтте ағаш автоматты түрде картаға енгізіліп, нейрондық желі оның түрін анықтайды.

Бұл жүйе тек есеп жүргізумен шек­телмейді. Ол қаланың жасыл желек­терін тиімді басқаруға, ауру ағаш­тарды уақтылы анықтауға, табиғатты қорғау шараларын жүйелі жүргізуге мүмкіндік береді.

Қала жолдарының сапасын автоматты түрде бақылауға арналған «JoLScan» жүйесі бірнеше жылдан бері сенімді жұмыс істеп келеді. Жоба уақыт өткен сайын жетіліп, сапасы мен тиімділігін арттыра түсті. Бұл жүйенің басты мақсаты – көліктер қозғалысына қауіп төндіретін ой-шұңқыр­ларды анықтау, жол қызмет­теріне нақты деректер беру.

– Бұрын телефон акселерометрін пайдаланып, жолдағы ой-шұңқыр­ларды тіркейтінбіз. Телефон автокө­лік­тің панеліне орнатылады да, көлік ойыққа түскен сәттегі деректер кар­таға енгізілетін. Осындай әдіспен бірнеше жобамызды жүзеге асырдық. Ал нейрондық желілер бұл үдерісті едәуір жеңілдетті. Қазір жолдағы ойықтар нақты көрсетіледі, – дейді басқарма басшысы Константин Павлович.

Жүйе тек жолдағы ойықтарды қадағалап қана қоймайды, қалалық қызметке тікелей хабарлама жолдайды. Мысалы, құдық қақпағы сынған жағдайда «JoLScan» автоматты түрде оның орнын картада белгілеп, қыз­мет­керлерге сигнал береді. Қысқы кезеңге арналған датасет қазіргі уақытта қанатқақты режімде үш автобус пен екі жеңіл көлікте сынақтан өтіп жатыр. Сонымен қатар №43, №45, №53 автобустарына орнатылған жүйе қаладағы ең ұзын көшелердің бір бөлігін қамтиды.

– Қытайлық көпфункциялы «YOLO» моделі негізінде жолдағы 15-тен астам әртүрлі ақауды анықтай ала­мыз. Жарық бағандарының істен шығуы, жолға түскен қоқыс қал­дық­тары, жырақтар, ойықтар – бәрін көреміз. Тіпті сөніп қалған немесе істен шыққан бағ­дар­шамдарды да тіркей аламыз. Бұрын нейрондық желі тек ойық­тар­ды анықтайтын, енді функциясы айтарлықтай кеңейді. Көрші Қытайдың есептеу қуаты біздікінен әлдеқайда жоғары екенін білеміз. Дегенмен бұл жобаны IT-суверенитет тұрғысынан дамытуды мақсат етіп отырмыз. Осы бағытта жұмыс биыл да жалғасады, – дейді Константин Павлович.

Қарағандыда жүргізушілердің уақытын үнемдеуге арналған жаңа «Park.king» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жүйе қаладағы бейнекамераларды пайдаланып, әр паркингтің бос немесе толы екенін нақты уақыт режімінде бақылайды. Осы ақпарат сервиске жіберіліп, жүргізушілер қай тұрақтың бос екенін алдын ала көре алады.

– Қаладағы барлық камералардың ішінде тек 350-і паркингтерді бақылайды. Биыл біз осы бағыттағы жұмысты кеңейтуді жоспарлап отырмыз: сауда орталықтары, халыққа қыз­мет көрсету нүктелері және ірі тұрғын үй кешендерінде жүйені іске қосамыз, – дейді Константин Ильницкий.

Биыл «Алтын арба» базары, ірі сауда орталықтары және ХҚО орталықтарында жүйені орнату жоспарланған. Сонымен бірге жеке мобильді қосымша әзірлеудің қажеті жоқ. Оның орнына веб-сервис іске қосылады, ал ақпарат «Yandex» платформасымен интеграцияланады. Келешекте автотұрақтар «Яндекс.Картада» көрсетілетін болады, бұл жүргізушілер үшін жүйені одан әрі қолайлы әрі қолжетімді етеді.

Қарағанды облысында республика бойынша Костанайдан кейінгі екінші өңір болып іске қосылған аппараттық-бағдарламалық «Ақыл­ды жаяу жүргінші» кешені тұр­ғын­дардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде нақты нәтиже көрсетіп отыр. Қазіргі таңда облыс аумағында мұн­дай кешендердің саны – 22-ге жеткен: 12-сі – Қарағандыда, 10-ы – Теміртауда орнатылған.

Аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылған жаяу жүргіншілер өткел­дерінде жаяу жүргіншілер қа­тыс­қан жол-көлік оқиғалары тір­кел­меген. Жүргізушілердің тәртібі де айтарлықтай жақсарған.

– Қостанайлық әріптестеріміз бізден бір қадам алда – олардың жү­йесі «Yandex» платформасымен бірік­тірілген. Біз жобаны олардан кейін іске қостық. Қазіргі уақытта жүйеде 206 бағдаршам нысаны көрсетілген. Кешен нейрондық желілер арқылы бейнеағынды талдайды. Егер белгілі бір аумақта жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысына кедергі келтіретін жағдай анықталса, жүйе бұзушылықты автоматты түрде белгілеп, ақпаратты Әкімшілік полиция басқармасына жолдайды. Жүйенің жұмыс істеу қағидасы қарапайым болып көрінгенімен, оның артында ауқымды әрі күрделі еңбек жатыр, – дейді басқарма басшысы Константин Павлович.

«Ақылды жаяу жүргінші» кешені – қаладағы жол қауіпсіздігін қамта­масыз етудің нақты тетігі. Жүйе адам­дардың өмірін сақтайды, жүр­гізу­шілер тәртібін жақсартады және қаладағы инфрақұрылымды цифр­лық негізде басқарудың үлгісін көр­сетеді.

 

Қарағанды облысы 

Соңғы жаңалықтар