24-29 наурыз аралығында Чехияның Прага қаласында мәнерлеп сырғанаудан Олимпиададан кейінгі маңызды бәсеке – әлем чемпионаты өтеді. Жаһанның ең үздік мәнерлеп сырғанаушылары тартысқа түсетін дүбірлі додада Қазақстан атынан ерлер арасындағы жекелей сында – Диас Жиренбаев, әйелдер арасында Италияда өткен ХХV қысқы Олимпиадада үздік ондыққа енген – Софья Самоделкина өнер көрсетеді, деп жазады Egemen.kz.
Михаил Шайдоров Милан төріндегі төртжылдықтың басты бәсекесінде елімізде мәнерлеп сырғанау мектебінің жоғары деңгейі қалыптасқанын жарқын жеңісімен айқындады. Десе де, Олимпиада чемпионы әлем біріншілігіне қатыспайды. Қазақстанның мәнерлеп сырғанау одағы оған салмақты себеп барын атап өтті.
«2025 жылдың қаңтар 2026 жылдың ақпан айына дейінгі кезеңде Михаил Шайдоров әлем чемпионаты, Азия ойындары, Төрт құрлық чемпионаты, Гран-при кезеңдері мен финалы, сондай-ақ Олимпиада ойындарын қоса алғанда ауқымды 10 халықаралық жарысқа қатысты. Бұл – физикалық және психологиялық тұрғыдан өте үлкен жүктеме. Біз чемпионымызға толыққанды демалыс беруді жөн көрдік. Сондай-ақ ол осы уақыт аралығында тиісті қалпына келтіру және оңалту шараларынан өтеді», деп түсіндірді Қазақстан мәнерлеп сырғанау құрамасының бас бапкері Әсем Қасанова.
Прагадағы тартыс тәжірибелі мәнерлеп сырғанаушылар мен жас таланттар арасында өрбидіЖыл сайынғы дәстүрлі біріншілікке әлемнің 50 елінен 200-ге жуық үздік мәнерлеп сырғанаушы қатысады. Прагада ұйымдастырылатын «мұздағы бәсекеде» тартыс тәжірибелі спортшылармен қатар «жас жұлдыздар» арасында өрбімек.
Мәселен, Миландағы Олимпиаданың күміс және қола жүлдегерлері Юма Кагияма мен Сюн Сато, 8-орын алған АҚШ өкілі Илья Малинин, сондай-ақ саладағы тәжірибелі мәнерлеп сырғанаушылар Адам Сяо Хим Фа (Франция), Даниэль Грассль (Италия), Маттео Риццо (Италия), Джейсон Браун (АҚШ) да чемпиондық атақты иеленуге үмітті.
Адуынды қарсыластармен айқасқа Қазақстан атынан 2003 жылы туған Тараз қаласының тумасы Диас Жиренбаев түседі. Диас Жиренбаевтың қолына Халықаралық конькишілер одағы ұйымдастыратын бәсекеде өнер көрсету жолдамасы жайдан-жай берілген жоқ. Ол Германияда өткен халықаралық NRW Trophy 2025 турнирінде елімізді лайықты түрде таныстыра алды. Спортшы осы сында 4-орынға ие болып, маңызды техникалық минимумды орындады.
Надежда Парецкая дауы: Біздің төреші Шайдоров пен Самоделкинаның өнерін әдейі төмен бағалады ма?
Бұл нәтиже оған Прагада өтетін әлем чемпионатында өнер көрсетуге мүмкіндік сыйлады. Бүгінде халқымыз даңқты мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен мен қысқы Олимпиада ойындарында елімізге 32 жылдан кейін алтын медаль тарту еткен Михаил Шайдоровтың ізін жалғаушы талант туралы не біледі?
Мұз айдынға алғаш рет 9 жасында бардыДиас мәнерлеп сырғанаумен салыстырмалы түрде кеш – 9 жасында Астана қаласындағы Оқушылар сарайында айналыса бастаған. Жас дарынның алғашқы бапкері – Владимир Викторович Руди.
Ал әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алған мәнерлеп сырғанаушыны 2021 жылдан бастап Алматыдағы Denis Ten Academy академиясында Оксана Тен баптап жүр.
Диас Жиренбаев жыл өткен сайын мұздағы көрсеткішін жақсартып келеді. Ол 2024-2025 жылғы маусымда спорт шеберлері арасында мәнерлеп сырғанаудан өткен Қазақстан чемпионатында бірінші тұғырдан көрінсе, жалпы ел біріншілігінде 4 рет күміс, 2 рет қола медаль қанжығалаған. Отандасымыз халықаралық аренада да сәтті өнер көрсетіп, ISU (Халықаралық конькишілер одағы) қамқорлығымен өтетін көптеген халықаралық турнирлерде бақ сынап жүр. 2022 жылдан бері Қазақстан атынан Төрт құрлық чемпионатында өнер көрсетіп келеді. 2025 жылы Харбинде өткен Қысқы Азия ойындары мен Қысқы Универсиадада бақ сынады. Сондай-ақ ол ISU Challenger Series турниріне тұрақты түрде қатысып, шеберлігін шыңдап келеді.Айта кетейік, Диас халықаралық жарыстардан бос қайтып жүрген жоқ. Мәселен, 2022 жылғы Denis Ten Memorial Challenge турнирінде күміс жүлде иеленсе, 2024 жылы Люксембургте өткен Coupe du Printemps 2024 халықаралық турнирінің жеңімпазы атанды. 2023 жылғы Denkova-Staviski Cup 2023 және 2022 жылғы Sofia Trophy 2022 халықаралық турнирлерін қола медальмен қорытындылады.
Мәнерлеп сырғанаушының командасы қазіргі уақытта Диас Жиренбаевтың Прагада өтетін әлем чемпионатына қызу дайындалып жатқанын жеткізді.