• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:55

Жетісудағы жаңа мамандықтар легі

20 рет
көрсетілді

Жетісу облысы дербес өңір болып құрылған сәттен бастап кадр даярлау ісі серпін алды. Бүгінде аймақтағы 18 колледж базасында 31 жаңа мамандық ашылып, 1 162 студент заман талабына сай білім алып жатыр. Бұл – жай ғана статистика емес, өңір экономикасының беталысын айқындайтын нақты көрсеткіш.

Ашылған мамандықтар цифр­ландыру үдерісімен, «жа­сыл» экономика қағидат­та­ры­­мен, өндірісті автоматтандырумен, агро­өнер­кәсіптік кешенді жаңғырту­мен, ин­фра­құрылым мен туризм сала­сының өркен­деуі­мен және қауіпсіздік бағытындағы жаңа талап­тармен тікелей сабақтас. Яғни білім жүйе­сі­ на­рық сұранысына бейімделіп, болашақ ма­ман­­дарды нақты өндірістік ортаға бағыттап отыр.

Соның айқын мысалы – су шаруа­шылығы саласы. Климаттық өзгерістер мен су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі күн тәртібінен түспей тұрған шақта, осы бағыттағы білікті кадрларға сұраныс арта түсті. Осыған байланысты Көксу политехникалық колледжінде су шаруашылығына қажет жаңа мамандық енгізіліп, салаға қажетті техниктер мен мамандар даярлана бастады. Бұл бастама өңірдегі ирригациялық жүйелерді жаңарту, су үнемдеу технологияларын енгізу және агросектордың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық қадам деуге болады.

«Осы жұмыстың нәтижесінде транс­­формацияланатын, жойы­лып бара жатқан,  аса тапшы маман­­дықтар айқындалып, өңір­дің техни­калық және кәсіптік білім ұйым­­дарында жұмыс берушілердің нақты сұ­раныстары негізінде бірқатар жаңа мамандық ашылды. Соның ішінде «Авто­маттандырылған жобалау жүйелері», «Графикалық және мультимедиялық дизайн», «Мехатроника», «Қашықтан басқарылатын авиа­циялық жүйелер (дрондар)», «Қант өн­ді­рісі» сияқты басқа да бірқатар мамандық бар. Олар­ды оқытуға қажетті материалдық-техни­калық базаны жақсартуға да тұрақты көңіл бөлініп отыр», дейді облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, өңір басшысының тапсырмасымен Жетісу экономикасының бес басым бағыты айқындалған. Атап айт­қанда, өңдеу өнеркәсібі, энергетика және жаңартылатын энергия көздері, ауыл шаруашылығы, ақпараттық-ком­муникациялық технологиялар және туризм индустриясы салаларында кешенді талдау жүргізілген. Нәтижесінде, Жаңа мамандықтардың өңірлік атласы әзір­ле­ніп, еңбек нарығына қажетті кадрлар картасы жасақталды.

Жаңа мамандықтар қатарында Жетісу­­дың аграрлық саласына аса қажет­ті гидромелиорациялық жүйелерді бақы­лаушы-реттеуші мамандығы Көксу поли­техникалық колледжінде ашылды. Кейінгі жылдары еліміздің бірқатар өңірінде орын алған ірі су тасқындары су шаруашылығы саласында мамандарға деген тапшылық бар екенін көрсеткен болатын. Су арнасын реттеу, бөгеттер мен каналдардың техникалық жағдайын бақылау кәсіби мамансыз жүзеге аспайды. Оған қоса аграрлық салаға түрлі жаңа технологиялар енгізу үшін де білікті ­кадрлар қажет. Сондықтан мұндай жаңа мамандықтың ашылуы ауыл шаруа­шы­лығын білімді мамандармен толық­тыруға үлкен ықпал ететіні сөзсіз. Осы орайда Көксу политехникалық кол­леджі «Қазсушар» РМК «Жетісу» филиалы­­мен келісімшарт жасасқан.

«Білім үдерісі дуалды жүйе негі­зінде жүзеге асырылады. Мұнда студенттер көп уақытын өндірісте өткізед­і. Филиалдың аудандық бөлімшелерінде тәжірибеден өтіп, оқу соңында «Гидро­мелиорациялық жүйені қараушы-рет­теуші» біліктілігін алады. Бұл – дип­ломның қағаз күйінде ғана қалмай, нақты еңбек нарығында сұранысқа ие болуы­на мүмкіндік беретін тиімді модель. Бүгін­гі күні колледжде 361 студент жеті түр­лі мамандықты игеріп, білім алса, со­ның ішінде «Гидротехникалық мелиорация» мамандығында 75 студент оқиды. Оқу бағдарламасы 11-сынып бітірген түлектерге арналған, оқу мерзімі – 10 ай», дейді колледж директоры Базархан Дүйсебеков.

Бұл атлас – жай құжат емес, бола­шаққа бағытталған стратегиялық бағ­дар. Ол қай салада қандай маман тапшы­лығы бар екенін, қай бағытта жаңа білім бағдарламаларын енгізу қажеттігін нақ­­ты көрсетеді. Соның негізінде колледж­дер оқу бағдарламаларын жаңар­тып, материалдық-техникалық база­сын күшейтіп, өндіріс орындарымен әріптестікті арттырып отыр. Жаңа маман­дықты меңгеріп жатқан сту­дент­тердің бірі Аслан Атикенов бізге пікірін білдірді.

«Менің бірінші мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Біраз жыл мектепте жұмыс істедім, кейін ауыл шаруашылығы саласына ауысқанды жөн көріп, ауылға келдім. Мұнда су шаруашылығына мұрап жетіспейтіндіктен, осы мамандықты оқып жатырмын. Бұдан әрі қарай ша­руашылықта инженер-гидротехник ретінде жұмысымды жалғастырамын. Бұл жерде суды тиімді пайдалану, суды қайталай қолдану, тамшылатып, жаңбырлатып, тұмандатып суару инновациялық технологиясын меңгеріп шығамыз», дейді ол.

Сондай-ақ колледжде жылыжай ша­руа­шылығы мамандығы ашылады. Жылыжай шаруашылығы аграр­лық саладағы басым бағыттың бірі бол­ған­дықтан, бұл мамандыққа да еңбек нары­ғында сұраныс бар. Қазір мамандық ашуды ұйымдастыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Теориялық және өндірістік сабақтарға қажетті барлық оқулық пен құрал-жабдық алынып, өткен жылы жылыжай салынған. Осылайша, колледж заманауи технологияларды меңгеру арқылы сапалы әрі мол өнім ала алатын білімді мамандарды даярлауға әзір.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, облыста 27 колледж жұмыс істесе, оның 21-і – мемлекеттік, 6-ауы – жекеменшік. Оларда 2025–2026 оқу жылында 14 мыңға жуық студент білім алады.

 

Жетісу облысы 

Соңғы жаңалықтар