Қызылордада бір күнде екі бірдей емхананың құрылысы басталды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Мәжілісі депутаттары Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысқан игі шара барысында алдымен Титов шағын ауданындағы 400 орындық жаңа емхананың іргетасы қаланды.
Өңір басшысы жиналған жұртшылықты жаңа нысан құрылысының басталуымен құттықтап, өңірдің денсаулық сақтау саласында атқарылған ауқымды жұмысты саралап өтті.
Еліміздің әлеуметтік саясаттағы басым бағыттарының бірі – медициналық қызмет сапасын арттыру. Құрылысы басталып жатқан жаңа емхана Титов шағын ауданындағы 40 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді. №5 қалалық емхананың жаңа ғимаратын салуға 9 млрд 823 млн теңге жұмсалып отыр. Аумағы 9 мың шаршы метрге жететін нысан заманауи талаптарға сай жоғары сапалы технологиялармен жабдықталады.
«Бұл – ана мен бала өмірін сақтауға, қазыналы қарттарымыздың денсаулығын жақсартуға бағытталған мемлекет қолдауы. Алдағы уақытта да өңір халқының өмір сапасын арттыруға арналған кешенді жұмыс жалғасады», деді облыс әкімі.
Қаланың сол жағалауынан салынатын 500 келушіге арналған екінші емхана тұрғындарға амбулаториялық-емханалық, диагностикалық, күндізгі стационарлық медициналық қызмет көрсететін көпсалалы мекеме болады. Мұнда жалпы және акушерлік-гинекологиялық тіркеу, педиатрия, мамандандырылған, шұғыл медициналық көмек, профилактика, мектеп медицинасы бөлімдері қарастырылып отыр.
Жалпы, Сыр өңірінде денсаулық сақтау инфрақұрылымын жетілдіру жүйелі түрде жалғасып келеді. Осы бағыттағы нақты көрсеткіштерге тоқталсақ, 2022–2025 жылдары салаға 50 млрд 100 млн теңге қаржы бөлініп, 26 млрд 400 млн теңгеге 40 нысан салынып, пайдалануға берілген. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 10 млрд 700 млн теңгеге салынған 28 нысан халық игілігіне қызмет етіп келеді. Кейінгі жылдары ауыл тұрғындарына шұғыл медициналық көмек көрсетуге арналған 6 жоба іске асырылды.
ҚЫЗЫЛОРДА