Шұғыла Өмірбек – қазақ спортының жарқын жұлдызы. Әйелдер күресінен жастар мен ересектер арасында әлем чемпионатының алтын медалі бұйырмай келген еді. Олқы соққан тұсымызды былтыр осы қызымыз бүтіндеп, тұңғыш әлем чемпионы атанды.
Сербияның Нови-Сад қаласында 23 жасқа дейінгі жастар арасында өткен жаһандық додада Шұғыла қарсыластарының бәрін айқын жеңіп, әлемнің үздігі болып танылды. 55 кг салмақ дәрежесінде белдесуге түскен жерлесіміз алдымен молдовалық Михаэла Самойлованы даусыз ұтты. Ширек финалда румын қызы Александра Волкулескуді де еркін еңсеріп, Германия балуаны Амори Оливия Андричті белдесудің алғашқы минутында-ақ кілемге алып ұрды. Финалдық сында түрік қызы, жастар арасында Еуропаның теңдессіз балуаны атанған Туба Демирді 12:8 есебімен жеңді. Шұғыла оның алдында, 2024 жылы жастар арасындағы Азия чемпионатының күміс медалін иеленген еді.
Біріккен күрес әлемі (UWW) 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатын 2017 жылдан бері тұрақты өткізіп келеді. Бұған дейін аруларымыз әлем чемпионатының финалына шыққан емес.
– Былтыр тура Республика күні қарсаңында әлем чемпионы атанып, көк туымызды желбіреткеніме қуанышым шексіз. Бұл жетістік – жеке бапкерім Нұржігіт Сәрсенбекұлы ағайым екеуміздің бірнеше жылдан бергі есепсіз еңбегіміздің жемісі. Ендігі межеміз – 2028 жылы өтетін Лос-Анджелес Олимпиадасы. Сол асуға ат байлау жолында тынымсыз тер төгу қажет, – дейді балуан қыз.
Шұғыла отбасында жеті ағайынды. Алдында әпкесі, үш сіңлісі, екі інісі бар. Күресі үйірмесіне күтпеген жерден қабылданыпты. 4-сыныпта оқып жүргенінде мектепте күреске баулитын бапкері талантты балаларды іздеп келеді.
– Сәйкестікті қараңыз, дәл сол сәтте мен бір оқушымен шекісіп қалдым. Бізді байқап қалған Нұржігіт Ерімбетов «қайсар мінезді екенсің, күреспен шұғылданғың келе ме?» деді. Бірден келісім бердім де, ертеңіне кілем үстінде жақттығуды бастадым, – дейді кейіпкеріміз.
Шұғыла алдағы сәуір айында Қырғызстанда ересектер арасында өтетін Азия чемпионатында бақ сынайды.