• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 07:50

Экспортты шектеуге зәрулік жоқ

10 рет
көрсетілді

Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Сыртқы сауда және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті.

Жиында азық-түлік қауіпсіздігі, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты мен импортына қатысты бірқатар маңызды шешім қабылданды. Ішкі нарықтағы баға ахуа­лы тұрақтанып, қойма қорлары жет­кілікті екені ескерілді. Осы жағдай картоп экспортына уақытша шектеу енгізудің қажеті жоқ екенін көрсетті. Комиссия мүшелері экспортты шектеу туралы ұсынысты қолдамады.

Сиыр етін сыртқы нарыққа шығаруға арналған квота беру тәртібін жеңілдету мәселесі де талқыланды. Қолданыстағы талаптар экспорттаушылардан кемінде 5 мың басқа арналған бордақылау алаңы мен жеке ет комбинатын талап етеді. Комис­сия отырысында Үкімет бекіткен Мал ша­руа­шылығын дамытудың кешенді жос­па­ры ескерілді. Құжат ірі қара мал санын 7,9 млн бастан 12 млн басқа жеткізуді, экс­порт­тық әлеуетті арттыруды көздейді. Осы­ған бай­ланысты Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лі­гі квота бөлу қағидаларына өзгеріс енгізеді.

Аналық мал басын сақтау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстаннан ірі қара мен ұсақ малдың аналық басын, бұқашықтарын сыртқа әкетуге қойылған шектеуді ұзарту жөнінде шешім қабылданды. Бұл талап Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне де қатысты.

Құс шаруашылығы саласындағы жағдай да қаралды. Елде 70 құс фабрикасы жұмыс істейді. Оның 34-і жұмыртқа бағытында, 29-ы ет өндіруге маманданған, 7 кәсіпорын асыл тұқымды құс өсіреді. Былтыр тауық жұмыртқасының өндірісі 4 568,5 млн данаға жетіп, 2,4 пайызға өсті. Ішкі нарықты қамту деңгейі 98 пайызды құрады. Осы көрсеткіштерді ескере отырып, алты ай мерзімге ЕАЭО елдерінен тауық жұмыртқасын импорттауға ты­йым салу туралы шешім қабылданды. Тиісті бұйрықты Ауыл шаруашылығы министрлігі шығарады.

Комиссия отырысында теміржол саласына қатысты ұсыныс та қаралды. Мәселе теміржол жылжымалы құрамына арналған бөлшектер мен теміржол төсемінің элементтерін үшінші елдерден әкелуге шектеу қоюға байланысты болды. Талқылау барысында отандық жиынтықтаушы өндірушілердің, локомотив шығаратын кәсіпорындардың, тұтынушылардың ұстанымы тыңдалды. Қорытындысында мұндай шектеу енгізу орынсыз деген шешім қабылданды.

Дегенмен ұлттық өндірушілерді қолдау мәселесі назарда қалды. «Қазақстан темір жолы» ҰК-ге жылжымалы құрам­ға арналған қосалқы бөлшектер мен теміржол төсемі элементтерін сатып алу кезінде отандық өнімге басымдық беру тапсырылды.

Соңғы жаңалықтар