Ел азаматтарына ұсынылған автокөлікті лизингпен алу мүмкіндігі отандық өндіріске тың серпін беріп, жаңа қырынан дамытады деп күтілген еді. Былтыр автолизинг бағдарламасы іске қосылды. Бірақ жұртшылыққа жаңа көлік мінгізуге тиіс бағдарлама басталмай жатып тоқтап қалды. Сарапшылардың пікірінше, жеңілдетілген несиеге балама болатын бастаманың жарты жолдан үзілуіне техникалық түйткілдер себеп болған.
Басқа несие түрлеріне балама ретінде ұсынылған автолизингтің өзіне тән ерекшелігі бар. Қарапайым тілмен айтсақ, сатушы компаниямен бірнеше жылға келісімшартқа отыру арқылы су жаңа көліктің иесі бола алады. Оны сатып алғаннан бастап, ай сайын келісілген уақытқа дейін ақысын төлейсіз. Содан соң көңілден шықса, көлік құнының қалған бөлігін төлеп, толық сатып алуға болады. Ал оған дейін темір тұлпар ресми сатушы компанияның атында тіркеліп тұрады. Яғни көлікті өзіңіз мініп жүресіз, бірақ ол басыбайлы сіздікі емес. Мәселе де осы жерден туындаған.
Жоғарыда айтқандай, бағдарлама үзілісінің басты себебі – құқықтық база мен техникалық жүйенің дайын болмауы. Лизингке сәйкес құны толық өтелмейінше, автокөлік заңды түрде лизинг беруші компанияның жеке мүлкі болып қала береді.
Ал пайдаланушы ол кезде көліктің уақытша иесі немесе жалға алушысы болып саналады. Іс жүзінде бұл құқықтық тұрғыдан түсініксіз жағдайға әкелуі мүмкін. Мәселен, жол ережесі бұзылды делік. Автоматты бейнебақылау жүйелері айыппұлды көлік иесінің атына рәсімдейтіні түсінікті. Ал көліктің заңды иесі – лизинг беруші компания. Демек, айыппұлдар ереже бұзған жүргізушіге емес, компанияға жіберіледі.
Қазір осы мәселеге қатысты инвесторлар, машина жасау саласының өкілдері мен уәкілетті министрлік үшжақты келісім аясында лизингтің жаңа регламенттерін әзірлеп жатыр. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Мұхамед Андаков хабарлады.
«Ұлттық экономика министрлігінен бірқатар ұсыныс түсті. Ішкі істер министрлігі тарапынан да сұрақтар бар. Негізінен жол ережесін бұзған жағдайда айыппұл іс жүзіндегі пайдаланушыға емес, көлік құралының иесіне жазылады. Бағдарлама алғаш рет іске қосылып жатқандықтан мұндай мәселелер жеткілікті», дейді ол.
Оның айтуынша, барлық түйткіл шешілген соң автолизингтің жаңарған шарттары қосымша жарияланады. Бағдарламаның жаңа нұсқасында көлік маркаларына қатысты шектеулерді алып тастау жоспарланып отыр екен. Лизинг елде өндірілген көліктерге де, шетелдерден әкелінген көліктерге де қолжетімді болады.
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Таяуда лизинг кезіндегі айыппұл мәселесін шешуге Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков ұсыныс берді. Депутат Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мен Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің төрағасы Сәбит Нұрлыбаевқа ресми хат жолдаған. Хатта ол аталған тетікті кеңінен іске қосуға кедергі келтіретін құқықтық, цифрлық тосқауылдарды жоюды ұсынды. Депутаттың хатында аталып өткендей, «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодекстің 31-бабының 2-тармағы көліктің нақты иесін айыппұлға тартпауға жол береді. Биыл ақпанда өткен жиында Құқықтық статистика және арнайы есеп комитеті әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімін (ӘІЖБТ/ЕРАП) жаңарту мүмкін еместігін мәлімдеді. Бұл шешім былтырғы 9 желтоқсандағы Президенттің «Цифрландырудың кейбір мәселелері туралы» Жарлығымен байланысты. Ол QazTech платформасынан тыс жаңа объектілер жасауға мораторий енгізген. Алайда ӘІЖБТ мемлекеттік кредиттік бюро арқылы құрылған Бірыңғай сақтандыру деректер базасымен интеграцияланған. Бұл бюро Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне қарайды.
Осыған орай Олжас Құспеков деректер базасына «Лизинг алушы» деген жаңа баған қосып, сақтандыру ақпараттық жүйесі арқылы шешім қабылдауды ұсынды. Бұған сәйкес көлікті нақты пайдаланушы туралы мәлімет сақтандыру келісімшарты негізінде қалыптасып, ӘІЖБТ-ге жолдануы мүмкін. Бұл тәсіл шетелдік көліктерге қолданылатын тетікке ұқсас.
Депутаттың сөзінше, мұндай шешім көліктің нақты пайдаланушысын дұрыс анықтауға, айыппұлдарды бағыттау тәртібін реттеуге, құқықтық белгісіздікті жоюға, құқық қолдануда бірізділікті қамтамасыз етуге, лизинг қатынастарының барлық тарап мүддесін теңестіруге, отандық лизинг үлгісін халықаралық тәжірибеге жақындатуға жол ашады.
Кедергілер еңсерілсе, отандастарымыз тың тәсілмен су жаңа көліктерді тізгіндей бастайды. Алайда осы бастаманың қолданыстағы қаржылық құралдардан қандай ерекшелігі бар? Мәселен, бөліп төлеу арқылы көлікті шартты түрде 10 млн теңгеге сатып алдыңыз делік. Онда сізге бұл соманы 3-5 жылға бірдей айлық төлемге бөліп беруші еді. Тәуелсіз автокөлік одағының басшысы Эдуард Эдоковтың айтуынша, лизингте бұл тетік едәуір күрделі. Себебі мұнда жалға алу мерзімі біткеннен кейінгі көліктің қалдық құны қалай қалыптасады деген сұрақ бар.
«Біріншіден, лизинг беруші сіздің лизингіңізді қаржыландыру үшін ақшаны қандай шартпен алатынын білуі маңызды. Ол ақшаның қанша пайызбен келетінін, қаншалықты пайда әкелетінін түсінуі керек. Сонымен қатар компания көліктің екі, үш немесе төрт жылдан кейінгі қалдық құны қандай мөлшерде болатынын болжай алуы қажет. Көлік жеке кәсіпкердің қолына тисе, жылына 10 мың шақырым жол жүреді делік. Ал такси жүргізушісі алса, жылына шамамен 50 мың шақырым жүруі мүмкін. Мұндай автокөліктің қалдық құны мүлде басқа болатыны түсінікті», дейді Э.Эдоков.
Осының бәрі лизингтің қаржылық есебін күрделендіреді. Елде мұның қалай есептелетіні әзірге түсініксіз. Оны реттейтін нормативтік құқықтық актілер де, ұсыныстар да жоқ. Қалдық құн автокөлікке, оны қай деңгейде пайдаланғанына байланысты қалыптасатыны сөзсіз. Эдуард Эдоков көлікті тиісті талаптарды сақтамай пайдаланғаны үшін айыппұл қарастырылуы мүмкін екенін айтады.
«Лизинг беруші мұндайға жол бермеу мақсатында алдын ала ережелер мен төлемдерді жазып қояды. Зиян келтірсеңіз, жөндеу ақысын немесе айыппұл төлейсіз. Лизинг дегеніміз – бизнес. Компания ешқашан шығынға жұмыс істемейтінін түсіну қажет. Егер автокөлік әбден тозған болса, оны жай ғана қабылдай салмайды. Келісімшарт талаптары мен сақтандыру шарттары іске қосылады», дейді сарапшы.
Оның айтуынша, шартта барлық шектеу көрсетіледі: жылдық жүріс лимиті, техникалық күйіне қойылатын талаптар мен т.б. Мәселен, жылына 10-20 мың шақырымнан асырсаңыз, тозу нормасын бұзсаңыз, қосымша ақы төлейсіз. Келісімдегі мерзімнен бұрын лизингтен шықсаңыз да солай. Шартты орындамағаныңыз үшін қандай да бір ақы төлеуіңіз ықтимал.
Ал жеке тұлғаларға арналған жаңа тәсіл автокөлік нарығына қаншалықты әсер ете алады? Автосарапшы Арсен Шакуовтың пікірінше, бұл бағдарламаның шарттарына байланысты.
«Жеңіл автокөліктерге келсек, бәрі бұрынғыдай қала береді деп ойлаймын. Лизинг болсын, несие болсын, шарттар мен пайыздар шамалас болады. Лизингті енгізген соң да автонесие өзектілігін жоймайды. Тек атауы өзгеруі мүмкін, жүйенің өзі баяғыдай сақталады. Бағаларды брендтер өздерінің маркетинг саясаты аясында қалыптастырады. Мысалы, жапон мен корей компаниялары әр нарық үшін өзі баға қояды. Сондықтан лизингтің әсерінен көлік арзандайды немесе қымбаттайды деу дұрыс емес», дейді ол.
Ал Э.Эдоковтың пікірінше, лизинг бөліп төлеуге қарағанда тартымды болуы маңызды. Олай болмаған жағдайда лизинг көп қаржы құралының біріне айналады. Адамдар оған қаржылық жағынан пайдада қалу емес, екі жылда бір көлік ауыстыру мақсатында жүгінетін болады.
«Қазір автокөлік – актив емес. Сондықтан кей жағдайда оны жалға алған да жақсы. Бүгінде көбі, әсіресе қазіргі жастар әлдебір пассивтерге байланғысы келмейді. Пәтерді де, көлікті де жалға алады. Сол себепті лизинг ел нарығына айтарлықтай әсер ете алмайды. Әрине, бұл – бүгінгі жағдайға қарап жасалған тұжырым. Елдегі барлық автокөліктің 67%-ы 10 жылдан асқан. Оларды қандай да бір тәсілмен жаңарту керек қой. Бірақ қаржы болмай, іс алға баспайды», дейді ол.
Сарапшының пайымдауынша, айлық төлемі несие төлемі мен бөліп төлеуге қарағанда айтарлықтай төмен болғанда ғана лизинг елде өркен жаяды.
«Мәселен, айына 100 мың теңге несиеге төлеймін делік. Ал лизингте бұл 150 мың болса, оның маған қандай қажеті бар? Демек, лизинг бағдарламаларын қаржыландыратын лизинг берушілер немесе екінші деңгейлі банктер ақшаны қазіргіден төмен, жеңілдетілген мөлшерлемемен алуы керек не мемлекет субсидия бөлуге тиіс», дейді Э.Эдоков.
Қорыта айтқанда, автолизинг – отандастарымыз үшін көлікке қол жеткізудің жаңа мүмкіндігі бола алатын тетік. Жоғарыда айтқан түйткілдер шешілсе, бұл бастама нарыққа тың серпін беріп, автопаркті жаңартуға жол ашары анық. Сарапшылар да шарттары жеңілдеп, қаржыландыру тетігі тиімді болған жағдайда лизингтің сұранысқа ие болатынын айтады. Ең бастысы – жүйе толық қолданысқа енсе, азаматтарға көлік алу бұрынғыдан да қолжетімді әрі икемді бола түспек.