Бала тәрбиесі – барша халыққа ортақ құндылық. Осы тақырыпты зерттеп, зерделеп, жалпы адам баласына ортақ тұжырым ұсынған шетелдік әлеуметтік психолог мамандар баршылық. Мысалы, америкалық танымал психолог Диана Баумринд көпшілікке бала тәрбиелеудің үш негізін ұсынған екен. Оның біріншісі – сыйластық тәрбие (authoritative), екіншісі – авторитарлық тәрбие (authoritarian), үшіншісі салғырттық тәрбие (permissive) десе, кейінгі жылдары Стэнфорд университетінің (АҚШ, Калифорния штаты) психолог мамандары Элеонор Маккоби мен Жон Мартин төртінші негіз ретінде еркін тәрбие (uninvolved) ұғымын қосыпты.
– Әуелі, – дейді жоғарыдағы психолог мамандар. – Құрметті ата-ана, сіз бала тәрбиелеу ісінде біз ұсынып отырған төрт негіздің қайсысына бейімділігіңізді білу аса маңызды. Өйткені әр адамның мінез-құлқы, өмір сүру дағдысы, қоғамдық көзқарасы, адамдармен қарым-қатынасы, өзінің әлеуетін бағалауы, денсаулығы әрқилы. Сол себепті ата-ата бала тәрбиесінде ұсынылып отырған төрт негіздің бірін өзінің жаратылыс болмысына қарай таңдауға тиіс. Өйткені тәрбие негізі дегеніміз – ата-ананың балаға қатынасын реттейтін басты қағидат.
Осы орайда төрт тәрбие негізіне жеке-жеке тоқталар болсақ: бірінші – сыйластық тәрбие. Мұның басты ұстанымы: қатаң талап қою арқылы баланың бағытын түзу; жеке тәртібін қадағалауда жылы рай таныту; баланың көзқарасына құрметпен қарау; қателігін мойындауға үйрету; бастысы ата-ана мен бала арасындағы қатынастың шегін белгілеу, т.б.
Бұл ұстанымдарды басшылыққа алған ата-ана баласының тәрбиесін жақсы бағытқа түзей алады. Әрі баланың арман-мақсат жолындағы пейілін қолдайды. Осылай ортақ сыйластық тәрбиеге қаныққан бала дара көзқарасты, тәртіпті болып өседі.
Мысалы, балаңыз қандай бір сайысқа қатысу керек болды. Бірақ кешігіп, бара алмады. Сол үшін қапаланды. Мұндайда ата-ана: «Сенің қапаланғаның дұрыс, бірақ уақыттық оқиға үшін жүйкеңе салмақ түсірудің қажеті қанша», деп баласын қолдай отырып, мәселені шешудің оңтайлы жолын ұсынады.
Тәрбиенің екінші негізі – авторитарлық тәрбие хақында айтсақ. Оның басты сипаттары: қатаң талап қояды, бірақ нәтижесіне мән бермейді; баланың көзқарасы мен танымын ескермей, міндет жүктейді; баланы «біз айттық болды» деген біржақты шешімге бойұсындырады; отбасылық ортақ мәміледе ата-ананың пікірі үстем тұрады.
Бұл шарттарды үлгі тұтқан ата-ана баласына өздерінің көзқарасын тықпалап, оның жеке пікірімен санаспайды әрі үнемі бақылауында болуын қалайды. Егер бұл талаптары орындалмаса, жазалау тәсіліне көшеді.
Мысалы, бала ата-анасымен бірге дүкенге бас сұққан бойда, ойыншық алып беруін өтінді. Ата-анасы «жоқ» деп жауап қатты, бала жылады. Ата-анасы баласына: «Жылауды доғармасаң, үйдегі барлық ойыншығыңды далаға шығарып тастаймыз», деп үрей тудырды. Нәтижесінде, балаға «өзін әрдайым қауіпті сәттер күтіп тұр» деген түсінік қалыптасады да, ұдайы үрей құшағында жүреді.
Америкалық психологтер ұсынып отырған үшінші негіз – салғырттық тәрбие. Оның сипаттары: талап ету жайы әлсіз; жауапкершілік нашар; баланың ісі мен әрекетіне мән бермеу; қамқорлық танытып, балаға дұрыс бағыт-бағдар нұсқалмайды, т.б.
Тәрбиенің мұндай бағытына бой алдырған ата-ана баласының болашағына алаңдамайды, тіпті қарым-қатынасы суық тартып тұрады. Бұл негізге – отбасылық құндылыққа мән бермейтін, балаларының ас-ауқатына назар аудармайтын, олардың іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарамайтын ата-аналарды жатқызамыз.
Бала тәрбиесінің төртінші негізі – еркін тәрбие. Мұның сипаттары: шектен тыс талап қоймайды; ашық қатынас орнатады; баланы өзі шешім қабылдауға үйретеді; баланың болашақ бақытын бәрінен жоғары қояды.
Бұл бағытты ұстанған ата-ана балаларын дос-құрдасы сияқты еркін әрі тең ұстайды. Әрқандай шиелісті оқиғаның алдын алады, болған жағдайда жауапкершілікті өздеріне алып, барлық мәселеде балаларының пікірін тыңдайды.
Мысалы, ертең сабақ, бірақ балалар түнімен кино көруді қалады. Әрине, бұл зиян. Балалар ертең сабақ үстінде ұйықтайды, я болмаса шаршап отырады. Ата-ана осыны біле тұра рұқсат береді. Өйткені олар балаларының өз бетімен шешім қабылдап, ісінің дұрыс-бұрыстығын сезгенін қалайды.
Жоғарыдағы психологтер өздері ұсынған төрт негіздің ішінде сыйластық тәсілі ең нәтижелі деп таныпты.