Осы оқу жылынан бастап оқушыларды тамақтандырудың жаңа стандарты енгізілді. Мұны Денсаулық сақтау министрлігі өткен жылдың 4 наурызында бекітті. Алайда Солтүстік Қазақстан облысында оқушыларды тамақтандыруды жүзеге асыратын кәсіпкерлермен бағаға келісе алмағандықтан, бұл стандарт өңірде осы жылдың 10 қаңтарынан бастап қана еніп отыр.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Протопопова 2025 жылғы бюджет қайта қарастырылмайтынын, сондықтан ескі мәзірде көрсетілген бағаның шеңберінде жаңа стандартты енгізу қажеттігін айтқан. Басқа облыстар бюджеттерін қайта қарап жатқанда бұлар неге оны істей алмайтыны белгісіз. Әйтеуір жаңа жылдан кейін қосымша ақша тапқан болуы керек, жоғарыда айтқанымыздай 10 қаңтардан бастап жаңа стандарт енгізілген.
Мамандардың айтуына қарағанда, жаңа стандарт бойынша оқушылардың ас мәзіріне ет, жеміс, көкөніс сияқты құнарлы тамақ өнімдерін көбірек қосу қарастырылған. Әрине, өскелең ұрпақтың бойына қуат беретін сапалы тағамның бағасы да бұрынғыдан қымбаттау болуы керек. Қазір бір баланы ауқаттандыратын ас мәзірінің құны – республика өңірлері бойынша орта есеппен 800 теңге көлемінде. Ал облыстық санитарлық-эпидемиологиялық департамент қызметкері Гүлнәр Сейітова бұл стандартты енгізетін мезгілдің уақыты жеткенін айтады.
«Өйткені осыған дейін мектептердің беріп жүрген тамағы оқушылардың физиологиялық талабын қанағаттандырмайды. Оның үстіне санитарлық талаптарды бұзуға да жол беріліп келді. Жаңа стандарт осыны болдырмайды деп сенеміз», деді ол.
Жаңа стандарт бойынша мектеп асханасында газдалған сусындар, өнеркәсіптік тәтті-дәмділер, шұжықтар, майонез, майлы және майға қуырылған тағамдар ұсынылмайды. Есесіне көкөніс, жеміс, бұршақ пен басқа дәндердің жармалары, сүт, ашыған сүт өнімдері көбірек болуы керек.
Сондай-ақ 6–11 мен 12–18 жастағы оқушылардың тамақтану уақыты әртүрлі болғандықтан, олардың жасына сәйкес рацион да екі түрлі жасалады. Онда баланың жасына байланысты калорияның, ақуыздың, майдың нормасы сақталуы міндетті.
Жуырда Кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалында мектеп асханаларына қызмет көрсетіп жүрген кәсіпкерлер тарапынан дау туды. Бұлар жаңа стандартқа бастапқыда қарсы болған еді. Әрине, оларды да түсінуге болады: жаңа стандартпен қызмет көрсету еліміздің басқа өңірлерінде 800 теңгенің маңында болса, бұларға әлі де сол ескі стандарттың орташа бағасы 637 теңгемен қызмет көрсетіңдер деген талап қойылған. Бұған қарсы болғандардың арасында белсенділік көрсеткен асханаларды жалға алған кәсіпкерлердің басын біріктірген «Ботақан» ЖС төрағасы Ольга Усольцева. Ол жаңа стандарттағы күркетауық еті мен көксерке балығын, сондай-ақ түрлі-түсті сәбізді табу қиын деп мәселе көтерген. Бұл тағамдарды басқаларымен ауыстыруға болады ғой. Дегенмен кәсіпкерді бәрінен бұрын ақының сол қалпында қалдырылғаны қынжылтатын сияқты көрінген. Марина Лаптева есімді кәсіпкер жаңа стандартты енгізуге пештің қызуы жетпейді деген сылтауды да алға тартқан. Қарсылығын осылай білдірген кәсіпкерлер, әйтеуір жаңа стандартты жүрдім-бардым енгізе бастаған.
Ендігі дау – оқушылар жаңа стандартпен дайындалған тағамдарды жемейді, дайындалған тамақтың 80 пайызын қоқысқа тастауға мәжбүрміз, мұның өзі бюджеттің ақшасын далаға шашу емес пе деген сылтаудан туып отыр. Мемлекет мүддесін ойлағансып отырған кәсіпкерлердің түпкі мақсаты қандай екені белгілі. Даудың басында тағы да сол «Ботақанның» бастығы О.Усольцева жүр. Кәсіпкерлер палатасына өздерінің әріптестерін, прокуратура, санитарлық-эпидемиологиялық департамент, білім басқармасы қызметкерлерін шақырып алған олар ақының өсірілмеген қыжылын жаңа сылтаулармен жаңғыртып берді. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, әрбір дауға бір себепкер болады. Бұл жолғы себеп – мемлекеттік органдардың бірлескен отырысының 19 ақпандағы хаттамасы болып шықты. Онда шенеуніктер асхананы жалға алған кәсіпкерлер ата-аналар жиналысында жаңа стандарттың озықтығын түсіндірсін, балалардың жаңа тағамдарға бірден үйренбей, ептеп үйренетінін айтсын деген талап қойған екен. Сонымен қатар кәсіпкерлер кейбір тағамдардың неге желінбейтінін анықтап, оның қорытындысын тиісті шара қолдану үшін облыстық білім басқармасы мен санитарлық-эпидемиологиялық департаментіне жіберсін делінген.
«Өзі де үркейін деп тұрған жылқыға жапырақ шашсаң не жорық» демекші, өзі де ақыны көтермегенге қыжылып, сыныққа сылтау іздеп жүрген кәсіпкерлер мына бір болмашы талапқа «Бұл біздің міндетіміз емес» деп өре түрегеліп, қарсы шықты. Кәсіпкерлердің құқын қорғау жөніндегі кеңесте барлық шағым мемлекеттік органға бағытталып, жаңа стандарттың тиімділігін ата-аналар мен оқушыларға түсіндіру солардың міндеті емес пе? Олар неге өз міндеттерін бізге жүктейді деген сияқты пікірлерді қарша боратты.
Әрине, тамақтың 80 пайызы желінбейді деген – артық сөз. Өйткені оны анықтау үшін арнайы зерттеу керек. Бірақ сол бір санға нағыз шындықтай жабысып қалған О.Усольцева: «Ата-аналар бізді тамақты дәмді қылып жасамайтындай көреді. Біз болсақ бекітілген мәзірмен дайындаймыз, ал оның 80 пайызы желінбейді. Біз дәмді әзірлейміз, барлық мәселе – тамақтың құрамында. Кейбір дәмдерді балалар аузына да алғысы келмейді», деді.
Кеңес төрағасы, заңгер Инеш Қуанова осы дау жайында орынды пікір білдірді. Ол: «Бизнес субъектісінің міндеті – тамақты сапалы және қауіпсіз дайындау. Ал педагогикалық немесе әлеуметтік зерттеумен айналысу оның міндеті емес», деп тұжырды. Сондай-ақ облыстық СЭД бастығының орынбасары Татьяна Горлова қызмет көрсетушіге тапсырыстың мәзірін жасауды мектеп директоры жүктейді. Сондықтан барлық мәселе тапсырыс беруші ретінде директормен шешілуі керек деп қорытты. Соңғы екі адамның пікірімен дау тыйылғандай болды.
ПЕТРОПАВЛ