Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында аймақтарда бюджетті жоспарлау және орындау жұмысының сапасын арттыру айрықша маңызды екеніне тоқталды, деп жазады Egemen.kz.
«Қазіргі тәртіпке сәйкес жергілікті бюджет бекітілетін кезде депутаттарға жалпы мәлімет қана ұсынылады, тиісті түсініктемелер берілмейді. Сондай-ақ бюджет жобасы мәслихаттың қарауына соңғы сәтте жолданады. Сол себепті оны депутаттар үстірт қарап, қысқа мерзім ішінде қабылдауына тура келеді. Соның салдарынан қаражат халықтың нақты қажеттілігін өтемейтін, тиімсіз жобаларға жұмсалып кететін жағдайлар пайда болады. Ешкімге нақты жауапкершілік жүктелмеген соң, мәселе сұраусыз қалады. Демек жергілікті деңгейде тиісті бақылау жүргізілмейді деген сөз. Соның бәрі жергілікті тұрғындардың наразылығын туғызады. Мұндай келеңсіздікке тосқауыл қою үшін өкілді орган бюджетті жоспарлау үдерісіне әуел бастан атсалысуы керек. Бірақ бюджет бойынша барлық талқылау тек мемлекет пен өңірлік мүдделерге негізделуге тиіс, лоббизмге немесе популизмге жол бермеу керек. Басты ұстаным – бәрі де халық үшін», деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы әкімдіктегі бюджеттік комиссияның құрамына білімді, беделді мәслихат депутаттарын қосқан дұрыс екенін атап өтті. Президент осылайша, жұмыстың сапасын, қаражаттың тиімді жұмсалуын қадағалауға болатынын жеткізді.
«Қыруар қаржыны оңды-солды шашып, пайдасы жоқ бастамаларға жұмсауды доғару қажет. Әкімдер республикалық бюджеттен берілетін түрлі дотацияға сеніп отыра бермеуі керек. Масылдық ұғымынан біржола арылу қажет. Жергілікті билік өкілдері табысты көбейту үшін белсене жұмыс істеуге тиіс. Бюджет қабылданатын кезде «Қанша жұмыс орны ашылады, жеке инвестиция тартыла ма, бизнестің дамуына қандай жағдай жасалады, қанша салық төленеді?» деген сауалдарға нақты жауап берілуі керек. Күрішті күрмектен ажырата білу қажет. Бұл – барлық деңгейдегі әкімдер мен мәслихаттар депутаттары, ең алдымен, мемлекет мүддесіне қызмет ететін бір ұжым, бір команда деген сөз. Барлық аймақтың мәслихаттары мен әкімдіктері бірлесіп, бюджеттің әр теңгесінің ел игілігіне жұмсалуын қамтамасыз етуге міндетті», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент: Аймақтар өз бюджетін мұқият жоспарлап, табысын арттыруға баса мән беруге тиіс