• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Театр Бүгін, 08:25

Ертіс-Баяндағы «Ғашықтар хикаясы»

10 рет
көрсетілді

Екібастұзда жаңадан құрылған Ертіс-Баян теа­трында премьералық қойылым – «Ғашықтар хикаясы» комедиясы сахналанды. Студенттік шақ­тағы ғашық жігіттердің күлдіргі оқиғасы кеншілер шаһарындағы көрерменді күлкіге қарық қылды.

Студенттік шақ, албырт махаббат. Жатақхана бөлмесіндегі жігіттердің тағдыры бір күнде аласапыран болып, өз сүйгендері үшін тәуе­келдің қайығына мінеді. Жүрек­терін ғашықтық дерті бойлап, сезім тәлкегіне түскен жігіттер сүйік­тілерін қарату үшін қандай амалға барады? Оқиғаға жалған балгер араласып, қыза түседі.

Жалпы, Ертіс-Баян театры – былтыр қара күзде ғана тұсауы кесілген жас труппа. Соған орай өнер ұжымы қолдауға, жылы сөзге зәру екені айдан анық. Облыс орталығынан әдейілеп сапарлап барғандағы мақсатымыз – жас актерлердің аяқ алысын байқап, театрдың ішкі ауанын зерделеп көру еді. «Ғашықтар хикаясы» бұған дейін еліміздің талай сахнасында қойылып келген спектакль болғанымен, Екібастұз төрінде се­зім мен ойды тең тербетіп, ерекше көрінді. Бастапқыда шымылдықтың бер жағында басталғанда бұл қалай бола қояр екен деген күдік көкейде тұрып алды. Шымылдық түрілген уақытта залдағы декорация жарқ етіп, көңілдерге қуаныш сыйлады. Шетінен ұршықша иірілген, пластикалық епті ұл-қыздар. Пластикалық қимылдары сондай жарасымды, үйлесімді көрінді. Бірінші курс студенті Тұрсынбекті сомдайтын Нұрсерік Ормолдаев ор текедей орғып, денесін жыланша ирелеңдеткенде цирктің әртістеріне ұқсап кетеді екен. Бәрінен бұрын Дастан рөліндегі Нариман Жағыпаровтың өнері көрермен көңілінен шықты. Ермек­ті сомдаған Нұрым Алжаппаров, Рүстем – Бекзат Тәжиев, Айым – Нұрай Қанатқызы, Мәдина – Дария Советжанова, Қымбат – Әнел Төлегенова, Ғани декан – Есіркеп Еркебұланның, Аймауытов театры­­­нан арнайы келіп, Ақмақтаны сом­да­ған Баһаргүл Құрбанованың шеберліктері жиналған жұртты риза етті. Соңғы әуен шырқалған сәтте барлық көрермен орындарынан түрегеліп, ұзақ уақыт қошемет көрсетті.

«Жас актерлер сенімімді толық­тай ақтады. Бірінші күнгі премьера­­да ойнауға мүмкіндік бергенім дұрыс шешім екен. Театр жаңадан құрылып жатқан соң белгілі бір дәрежеде қиындық болады. Рек­­­ви­зиттерді, декорацияны өздері жасайды. Дей тұрғанмен барлық мәселені ұжым жетекшісі Талғат Сағынтаевпен бірлесіп шештік. Ал актер Нариман Жағыпаров болашағынан үміт күттіретін жас­тың бірі екенін байқатты», дейді қойылым режиссері Әділет Ақанов.

Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин атап өткендей, өнер ұжы­мы алдағы уақытта осындай қарқын­мен жұмысын жалғастыратын болса, оларға арнап жеке ғимарат салынады. Қазіргі күннің өзінде қаржылық жоспар жасалып қойған. Ал әзірше театр труппасы «Өнер» мәдениет орталығын паналайды. Театр жетекшісі Талғат Сағынтаев үлкен ұйымдастырушылық жұмыс атқарып, аз уақыттың ішінде театрға қажет дүниелердің барлығын ал­дырған. Алда жоспарлары көп. М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының тәр­биесін көрген танымал актер облыс пен қала басшылығы аяғын қаз-қаз басқан ұжымға айтарлықтай қолдау жасап отырғанын жеткізді. Актерлерге әкімдіктің көмегін пайдаланып 5 бірдей пәтер алып берген, алатын жалақылары жоғары.

«Ұжымымызда 18 актер бар, кілең жастар. К.Байсейітова атын­дағы Қазақ ұлттық өнер уни­вер­ситетінің және Т.Жүргенов атын­­дағы өнер академиясының түлек­тері. Өзім бұған дейін екі жылдай С.Сей­фуллин атындағы Қарағанды облыс­тық академиялық қазақ театрын­да бас режиссер, елордадағы Жастар театрында бір жыл режиссер болып қызмет атқардым. Үлкен ша­һарларда білім алған жастарды Екі­бастұзға алып келу оңайға соқ­пады. Бұған дейін «Қош махаббат» қойылымын үш мәрте сахна­лағанбыз, залға көрермен лық толды. Қала жұртшылығының шынайы қолдауын сезініп отырмыз», дейді театр режиссері Бибіажар Диқан.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы

Соңғы жаңалықтар