• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 10:08

Соңғы 7 жылда еліміздегі ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі екі есе артты

10 рет
көрсетілді

Соңғы 7 жылда Қазақстандағы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі екі есеге жуық өсіп, 2019 жылғы 5,2 трлн теңгеден 2025 жылы 9,8 трлн теңгеге жетті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қол жеткізілген нәтижелер Мемлекет басшысы айқындаған агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы жүйелі саясаттың және саланы жан-жақты мемлекеттік қолдаудың арқасында мүмкін болды.

Аграрлық салаға көрсетілген ауқымды қаржылық қолдау да айтарлықтай әсер етті. Көлемі 1 трлн теңгеге жеткен жеңілдетілген несиелердің арқасында ауыл шаруашылығы қатарынан екінші жыл рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізіп, аграрлық сектордың тұрақтылығы мен тиімділігін дәлелдеп отыр.

Оң өзгерістер ауыл шаруашылығының технологиялық деңгейінің артуы, заманауи агротехнологияларды кеңінен қолдану, сапалы тұқым пайдалану және тыңайтқыш енгізу көлемінің ұлғаюы нәтижесінде қалыптасты.

Жеңілдетілген қаржы ресурстарының молаюы фермерлерді қаржыландыру аясын едәуір кеңейтуге мүмкіндік берді. Қолжетімді несиеге шамамен 14 мың ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші қол жеткізді. Бұл отандық диқандарға жоспарлау сапасын арттырып, қаржылық міндеттемелерді орындау тәртібін күшейтуге мүмкіндік берді.

Өсімдік шаруашылығы да жоғары нәтиже көрсетті. Орташа өнімділік гектарына 16,3 центнер болған жағдайда 25,9 млн тонна астық жиналды. Оның ішінде 19,3 млн тоннасы бидай.

2025 жылы майлы дақылдардың да рекордтық өнімі алынды – 4,9 млн тонна. Сондай-ақ 1 млн тонна бұршақ тұқымдас дақыл жиналды. Бұдан бөлек 2,8 млн тонна картоп, 3,7 млн тонна көкөніс және 2,5 млн тонна бақша дақылы жиналды.

Мақта өнімінің жалпы түсімі гектарына 32 центнер өнімділікпен 466 мың тоннаны құрады. Бұл соңғы 18 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

Сонымен қатар егіс алқаптарын әртараптандыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Соңғы жылдары бидайдың бір ғана дақыл ретінде егілетін алқабы шамамен 900 мың гектарға қысқарды. Ал бұршақ тұқымдас дақылдардың егіс көлемі 275 мың гектарға, жоғары табысты майлы дақылдар 1 млн гектардан астам жерге ұлғайды. Ұйымдасқан шаруашылықтардағы картоп егістігі 12,5 мың гектарға артты.

Мемлекеттік қолдау нәтижесі саланың технологиялық жаңаруынан да көрініс табуда.

2025 жылдың қорытындысы бойынша минералды тыңайтқыш енгізу көлемі 1,8 млн тоннаға жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 500 мың тоннаға артты. Элиталық тұқымдардың үлесі 9,5 пайыздан 11,6 пайызға дейін өсті.

Алғаш рет ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу көлемі 250 млрд теңгеге жетті. Бұл техниканы жаңарту қарқынын едәуір жеделдетіп, екі жылдың ішінде машина-трактор паркінің тозу деңгейін 90 пайыздан 70 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік берді.

2025 жылы аграрлық сала өкілдері 25 мың ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 22 мың бірлік болған. Соның нәтижесінде техниканы жаңарту деңгейі 5,5 пайыздан 6,5 пайызға дейін өсті.

Өңдеу өнеркәсібі де айтарлықтай өсім көрсетіп отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,9 трлн теңгені құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 8 пайызға артты (3,3 трлн теңге).

2019 жылмен салыстырғанда тамақ өнімдерін өндіру көлемі 2,3 есеге өсіп, 1,7 трлн теңгеден 3,9 трлн теңгеге жетті.

Қазіргі уақытта тамақ өнімдерін өндіру өңдеу өнеркәсібі құрылымының 13 пайызын және жалпы өнеркәсіп өндірісінің 6 пайызын құрайды.

Соңғы жылдары негізгі өнім түрлерін шығару айтарлықтай артты. Мысалы: сары май өндірісі 2 есеге, өсімдік майы 1,9 есеге ірімшік пен сүзбе өндірісі 1,7 есеге, шұжық өнімдері 43,3 пайызға, өңделген сүт өндірісі 16,4 пайызға, ұн өндірісі 10,7 пайызға, макарон өнімдері 1,4 пайызға өсті.

Қазіргі уақытта негізгі 24 түрлі азық-түлік тауарлары бойынша ішкі нарықты отандық өндіріс есебінен қамтамасыз ету деңгейі 80–100 пайыз және одан жоғары болып отыр.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында өңірлерде 246,9 мың тонна өнім алдын ала келісімшарт арқылы сатып алынды. Оның ішінде картоп, пияз, қырыққабат және сәбіз бар. Бұл өнімдер сауда желілері, әлеуметтік дүкендер және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы белгіленген төмендетілген бағамен сатылуда.

11 наурыздағы жағдай бойынша 153,4 мың тонна өнім сатылды. Оның ішінде 89,9 мың тонна картоп, 17,4 мың тонна пияз, 22,0 мың тонна сәбіз және 24,1 мың тонна қырыққабат бар.

Ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу үлесі жыл соңына дейін 70%-ға жетеді

Ресми статистика деректеріне сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі тұрақты деңгейде сақталуда. Бағаға мониторинг жүргізу және әлеуметтік маңызы бар тауарларға сауда үстемесінің өндіруші бағасының 15 пайызынан аспауы әрдайым бақылауда.

Өндірісті әртараптандыруға және қосылған құны жоғары өнім үлесін арттыруға бағытталған жүйелі мемлекеттік қолдау саланың экспорттық көрсеткіштеріне де оң әсер етті.

Соңғы 10 жылда алғаш рет Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің экспорты 7 млрд АҚШ долларына жетіп, өткен жылғы көрсеткіштен 37 пайызға жоғары болды.

Жиналған өнім ішкі нарықтың қажеттілігін толық қамтамасыз етуге және экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беріп отыр. 2024–2025 маркетингтік жылы 15,3 млн тонна астық экспортталды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 60 пайызға жоғары (9,6 млн тонна) және соңғы 20 жылдағы ең жоғары экспорт көрсеткіші саналады.

Ауыл шаруашылығы кооперациясы: Оларды ынталандыру тәсілі қандай?

Бұл Қазақстанның аграрлық саласы ел экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің бірі ретінде өз орнын сенімді түрде нығайтып келе жатқанының айқын дәлелі.

Соңғы жаңалықтар