Желдің күші – табиғаттың сарқылмас байлығы. Кейінгі жылдары әлем елдері осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға басымдық беріп келеді. Еліміз де жаһандық үдерістен шет қалып отырған жоқ. Аталған бағыттағы іргелі жобалардың бірі Қарағанды облысы Осакаров ауданында табысты жүзеге асып жатыр.
Игілігі көп инвестиция
Мемлекет басшысы ел экономикасын әртараптандыру әрі экологиялық қауіпсіздікті күшейту мақсатында жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру жөнінде нақты міндет қойғаны белгілі. Соған сәйкес алдағы жылдары елімізде өндірілетін электр энергиясының кемінде 30 пайызы «жасыл» энергетикадан алынуға тиіс.
Осы стратегиялық бағытты жүзеге асыру жолында еліміздің әр өңірінде бірқатар ірі жобалар қолға алынып жатыр. Солардың бірі – Осакаров ауданында салынып жатқан жел электр стансасы. Қуаттылығы 150 мегаватт болатын стансаның құрылысы өңірдің энергетикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, инвестициялық белсенділікті күшейтіп, экологиялық тұрғыдан таза қуат өндіруге жол ашпақ. Мұнда қазір құрылыс жұмысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл жоба өңірдің өндірістік әлеуетін күшейтуге бағытталған маңызды бастамаға айналып отыр.
Жел электр стансасы толық іске қосылған кезде аймақтың электр энергиясына деген сұранысын қамтамасыз етіп қана қоймай, зиянды қалдықтардың азаюына да оң әсерін тигізеді.
Сарапшылардың пікірінше, еліміздің табиғи-климаттық ерекшеліктері жел энергетикасын дамытуға қолайлы. Әсіресе орталық және солтүстік өңірлерде желдің жылдамдығы жоғары болғандықтан, мұндай жобалардың экономикалық тиімділігі де зор. Осакаров ауданындағы жаңа станса осы әлеуетті тиімді пайдаланудың жарқын мысалы десек болады.
Осакаров кентіндегі құны 42,6 млрд теңге болатын жел электр стансасының құрылысын «Гиперборея» ЖШС қолға алған. Жалпы, аудан аумағында құны 301 млрд теңгеге бағаланатын үш ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Электр стансасы жобасы аясында әрқайсысының номиналдық қуаты 7,7 мегават болатын 21 жел энергетикалық қондырғысы орнатылады. Сонымен қатар қосалқы станса салынып, электр жеткізу желілері тартылып жатыр. Бұл нысан салынып біткен соң, өңірдің энергетикалық жүйесіне қосылып, тұрақты қуат көзі ретінде энергияны молайтуға тиіс.
Жобада әлемдік тәжірибесі мол жетекші компаниялардың озық технологиялары қолданылып жатқанын атап өткен жөн. Электр жабдықтарының бір бөлігі Германияның әйгілі өнеркәсіптік концерні – «Siemens AG» өндірген құрылғылармен жабдықталған. Мамандардың айтуынша, бұл жабдықтар кемінде жиырма жыл бойы үздіксіз қызмет көрсетуге қабілетті.
«Гиперборея» ЖШС-нің техника жөніндегі директоры Дмитрий Силантьевтің айтуынша, станса іске қосылғанда өндіріс үдерісі толық автоматтандырылған жүйемен басқарылатын болады.
«Жасыл» энергетика – болашақтың сенімді қуат көзі. Ол көмір мен газға тәуелділікті азайтып қана қоймай, қоршаған ортаға келетін зиянды да төмендетеді. Қазірдің өзінде жел энергетикасының жеті қондырғысы орнатылды. Жалпы саны – 21 қондырғы. Қазір елімізде ТМД мен Еуропада орнатылған ең қуатты жел генераторлары пайдаланылады. Әрбір генератордың бірлік қуаты – 7,7 МВт. Осындай бір генератор бүкіл бір елді мекенді толық энергиямен қамтамасыз етуге қауқарлы. Барлық жүйе толық автоматтандырылып, жел турбиналарының жұмысын операторлар компьютер арқылы бақылап отырады. Қазір құрылыс жұмысына 150-ге жуық адам тартылған», дейді ол.
Экология мен экономикаға тиімділігі
Жел электр стансасының құрылысы басталғанға дейін мамандар желдің күшін алдын ала өлшеу мақсатында арнайы мұнара орнатқан. Бұл мұнара ауа ағынын өлшейді. Әртүрлі биіктікте орналасқан төрт сенсор жел ағынының дерегін тіркеу үшін қажет.
«Өлшеу нәтижелері бойынша қаржылық модель жасалды. Ол стансаның тиімді екенін көрсетіп, осы аудандардағы желдің орташа жылдамдығын анықтады – секундына 8,5 метр. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Бізге осындай стансаларды салуда тәжірибесі бар Қытай, Германия, Франция, басқа да елдердің кеңесшілері келеді. Олар генераторлардың биіктігіне, желдің күшіне, сондай-ақ стансаның далалық және таулы жерге орналасқанына таңданысын жасырмады», дейді Дмитрий Силантьев.
Энергетикалық нысан жұмысын бастаған соң, 20 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар станса көмір мен газдан өндірілетін энергияға деген тәуелділікті азайтып, зиянды шығарындылардың төмендеуіне мүмкіндік береді.
«Бізде жаңа, заманауи жабдық бар. Ол Германия мен Қытайдан жеткізілген. Стандарттар бойынша электртехникалық жабдықтың қызмет ету мерзімі – 20 жыл. ЖЭС-тің өзі де осы уақыт аралығында сенімді жұмыс істейді. Бұл мерзім ішінде ақаулар мен төтенше жағдайдың болмауына сенімдіміз, қажет болған жағдайда ғана қызмет көрсету жүргізіледі. Біз өндірген энергияны ортақ желіге жеткіземіз, ол өңірлер бойынша бөлінеді. Ал Осакаровка қосалқы стансасы Қарағанды мен Астана арасындағы жоғары вольтты желілерді байланыстырады. Бұл біздің өңірлерге тұрақты, сенімді электр энергиясын қамтамасыз етуімізге мүмкіндік береді. Жел генераторларының турбиналары Қытайда жасалған, ал модель шамамен екі жарым жыл бұрын әзірленген. «Эксперименттік модель бір жылға жуық Қытайда жұмыс істеп, өзін сенімді көрсетті. Сол себепті компания осы турбиналарды таңдауға шешім қабылдады», дейді техникалық директор.
Турбиналар өз саласындағы ең танымал компания – америкалық-канадалық UWL Solutions сертификатынан өткен. Бұл олардың сапасы мен сенімділігін растайды және стансаның тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді.
Қарағанды өңірінде жасыл энергия бағытындағы жұмыс жалғасын табады. Алдағы уақытта Теміртау қаласында қуаттылығы 500 мегаватт болатын жел электр стансасын салу жоспарланып отыр. Ал Қарқаралы ауданында 200 мегаватттық тағы бір жоба жүзеге асуы мүмкін. Қазір бұл бастамалардың техникалық-экономикалық негіздемелері әзірленіп жатыр.
Осакаров даласында бой көтерген алып турбиналар – жасыл экономиканың жарқын көрінісі. Бұл жоба сәтті іске қосылғанда өңірдің ғана емес, тұтас елдің энергетикалық жүйесіне серпін беріп, экологиялық тұрғыдан таза әрі тұрақты энергия ретінде құндылығы артпақ.
Қарағанды облысы,
Осакаров ауданы