• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:33

Тасқынның алдын алу шаралары күшейтілді

10 рет
көрсетілді

Премьер-министр­дің орынбасары Қанат Бозымбаев Ақмола облысына екі күндік жұмыс сапарымен келіп, өңір басшысы Марат Ахметжановпен бірге Астрахан, Шортанды, Аршалы, Целиноград және Атбасар аудандарындағы тасқынға қарсы іс-шаралардың орындалуын тексерді.

Сапардың алғашқы күні Премьер-министрдің орынбасары Аршалы ауданы­ның Жібек жолы ауылындағы ұзындығы 6,3 шақырымды құрайтын жаңа қор­ғаныс дамбасын қарап шықты. Бұл нысан көп жылдан бері өзекті болып келген су тасқыны мәселесін шешуге мүмкіндік беріп, жалпы саны 15 мың адам тұратын жақын маңдағы елді мекендерді қорғауды қамтамасыз етеді.

Шортанды ауданында «Дам­синская» бөгетіне жөндеу жұ­мыстары жүргізілді. Мұнда шлюз-қақпаларға реконструкция жүр­гізіліп, Дамса өзені арқылы өтетін 5 млн текше метрге дейін су көлемін реттеуге мүмкіндік жасалды. Бұл Дамса, Шортанды, Степное және Научный ауылдарын су басу қаупі­нен қорғауға бағытталған.

Екінші күні Қанат Бозымбаев Атбасар қаласындағы Жабай өзе­нінің арнасын тазарту және қор­ғаныс үйіндісін тұрғызу жұмы­сымен танысты. Бүгінгі таңда өзеннің 7,2 шақырым учаскесі тазартылды. Қазіргі уақытта арнаны тереңдету, кеңейту және түзеу жұмысы жалғасып, қала маңында қорғаныс дамбасы салынып жатыр.

Сонымен қатар «Атбасар – Сочинское» автожолы бойында жыл сайын су басу қаупі төнетін аумақта жаңа автомобиль көпірінің құрылысы аяқталды. Бұл Атбасар ауданындағы төрт елді мекеннің 2 мың тұрғыны үшін тасқын ке­зеңін­де көлік қатынасының үзілу мәселесін шешуге мүмкіндік берді.

Бұдан кейін Премьер-министр­дің орынбасары Астрахан ауда­нын­­дағы Ескі Қалқұтан ауы­лы маңындағы Қалқұтан өзені­нің ар­насын түзеу, тазарту және терең­дету жұмыстарымен танысты. Биыл ұзындығы 20,8 шақырым­ды құ­райтын Қалқұтан өзенінің жаға­лауын бекіту және арнасын те­реңдету жобасы басталды. Қалқұ­тан, Ескі Қалқұтан және Еңбек ауыл­дарын су басу қаупін азайту мақса­тында 17 млн текше метрге дейін еріген суды ұстай алатын «Қызыл Жұлдыз» бөгетіне күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.

Целиноград ауданында Қанат Бозымбаев Ақмол – Нұресіл – Та­лапкер облыстық жолының апатты учаскесінде автомобиль көпірін салу мәселесін талқылады. Бұл Есіл өзенінің арнасын түзеу жобасын толық аяқтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Премьер-министрдің орынбасары Целиноград ауданында атқарылған тасқынға қарсы іс-ша­ралар туралы есепті тыңдады.

Жалпы, Ақмола облысында тасқынға қарсы іс-шаралар 163 елді мекен мен 32 жол учаскесін қамтыды. 70 елді мекенде су басу қаупі жойылды. Қалған елді мекендерде қауіп барынша азайтылды. Кейінгі екі жылда су басу қаупі бар аумақтардан 718 отбасы көшірілді.

Азаматтық қорғау қызмет­терінің күштері мен құралдары жоғары дайындық режіміне кө­шірілді. Бұл – 2,5 мың адам, 1 мың­нан астам техника, 400-ге жуық мотопомпа және 37 жүзу құралы. Қажетті инертті материалдар, қап­тар мен жанар-жағармай қоры да-йындалды.

15 наурыздан бастап тасқынға қарсы штабтар тәулік бойы жұ­мыс істейді. Қауіпті учаскелерде тұрақты мониторинг жүргізу мақсатында 19 дрон қолданылады.

«Қазгидромет» РМК дерегіне сәйкес Ақмола облысында тас­қын­ның шарықтау кезеңі 30 наурыздан кейін болады деп күтіліп отыр. «Tasqyn» ақпараттық жүйесіндегі модельдеу нәтижелері бойынша қауіп аймағында Астрахан, Атбасар және Бұланды аудандарындағы елді мекендер бар.

«Біздің міндетіміз – тасқынның шарықтау кезеңін толық дайын­дық­пен қарсы алу. Барлық алдын алу шаралары барынша қысқа мерзімде аяқталуға тиіс. Алдын ала әрекет етіп, қауіп аймағындағы елді мекендердің толық дайын болуын қамтамасыз ету қажет», деп атап өтті Қанат Бозымбаев.

Вице-премьер қарды тәулік бойы шығаруды қамтамасыз етуді, өзен арналары мен су өткізу құры­лыстарын тазарту жұмыстарын жеделдетуді, уақытша орналастыру пункттерін тексеруді, қажетті техника мен материалдардың резервін дайындауды, сондай-ақ халықты уақтылы ақпараттандыруды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар