Республикалық референдумның дауыс беру үдерісін бақылау қорытындылары бойынша «Халық үні» тәуелсіз байқаушылар тобы алдын ала есебін жариялап, Алматыда брифинг өткізді. Байқаушылардың мәліметінше, дауыс беру рәсімдерінің негізгі бөлігі қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес ұйымдастырылған.
Референдум күні «Халық үні» қозғалысының байқаушылары еліміздің 11 қаласындағы 1 200-ден аса сайлау учаскесінде мониторинг жүргізген. Олар байқаудың ауқымдылығы елдің түрлі өңірлеріндегі дауыс беру барысын жан-жақты бағалауға мүмкіндік бергенін айтады. Қозғалыстың негізгі штабы Алматы қаласында орналасып, байқаушылар желісі елдің көптеген аймағын қамтыған.
«Байқау миссиясына дайындық барысында 11 қалада 2 мыңнан аса азамат арнайы оқытудан өтті. Байқаушыларды оқытуды қоғамдық-саяси үдерістер саласындағы танымал сарапшылар – белгілі саясаттанушы Дос Көшім және қоғам қайраткері Бекнұр Кисиков іске асырды. Оқыту нәтижесінде дайындықтан өткен азаматтардың арасынан 1 200 байқаушы іріктеліп, олар сайлау учаскелерінде жұмыс істеу үшін ресми жолдама алды. Референдум күні байқаушылар таңертеңнен дауыс беру аяқталғанға дейін учас-келерде жұмыс істеп, азаматтық бақылауды толық әрі жүйелі түрде жүргізді», дейді «Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобының жетекшісі Нұрболат Нышанбай.
Байқаушылардың бағалауынша, сайлаушылардың белсенділігі жоғары болған. Учаскелік комиссия мүшелері де дауыс беру рәсімдерін ұйымдастыруда қажетті кәсіби және ұйымдастырушылық дайындық деңгейін көрсете білген.
Сонымен қатар байқау барысында әртүрлі сипаттағы 200-ден аса заңбұзушылық фактісі тіркелген. Байқаушылардың мәліметінше, олардың басым бөлігі – техникалық немесе рәсімдік сипаттағы мәселелер.
«Атап айтқанда, ең жиі кездескен жағдайдың бірі – бірнеше адамның бір мезгілде дауыс беру кабиналарына бірге кіруі. Бұл дауыс беру құпиялылығы қағидатына қайшы. Сонымен қатар кейбір учаскелерде байқаушыларды тіркеуден бас тарту немесе олардың қызметіне немқұрайды қарау фактілері тіркелген. Бұған қоса сайлаушылар мен учаскелік комиссия мүшелері арасында түсінбеушіліктер, жеке куәліксіз дауыс беруге талпыныстар және өзге де жекелеген рәсімдік бұзушылықтар болды. Әрбір тіркелген жағдай бойынша байқаушылар тиісті актілер мен хаттамалар рәсімдеп, анықталған фактілерді ресми түрде тіркеген. Қазіргі уақытта жиналған ақпаратты жүйелеу және қосымша тексеру жұмыстары жалғасып жатыр», дейді тәуелсіз байқаушылар тобының өкілдері.
Байқаушылардың мәліметінше, жақын арада барлық материал қорытындыланып, әрі қарай талқылау үшін Орталық сайлау комиссиясына жолданады. Қозғалыс өкілдері анықталған кемшіліктер электоралдық үдерістерді жетілдіру бағытындағы конструктивті диалогке негіз болады деген сенім білдіріп отыр.
Сонымен қатар «Халық үні» тобы жүргізілген байқау миссиясы референдум нәтижелеріне күмән келтірмейтінін атап өтті. Ұйым өкілдерінің айтуынша, олардың негізгі мақсаты – дауыс беру үдерісін байқау, кемшіліктерді анықтау және олардың жойылуына ықпал ету.
Сарапшылар азаматтық байқау заманауи демократияның маңызды элементтерінің бірі екенін атап өтті. Қоғам өкілдерінің сайлау рәсімдерін байқауға белсенді қатысуы мемлекеттік институттарға деген сенімді нығайтып, электоралдық мәдениеттің қалыптасуына ықпал етеді.
«Халық үні» бақылаушылар тобы жүргізілген миссияны Қазақстандағы демократиялық институттардың дамуына азаматтық қоғам тарапынан қосылған маңызды үлес деп бағалайтынын жеткізді. Ұйым өкілдері алдағы уақытта да Орталық сайлау комиссиясы және өзге де мүдделі тараптармен ынтымақтастықты жалғастырып, электоралдық үдерістердің ашықтығы мен сапасын арттыруға күш салатынын мәлімдеді.
АЛМАТЫ