Орталық референдум комиссиясы республикалық референдумда дауыс берудің алдын ала нәтижелерін жариялады. Комиссия мәліметіне сәйкес, жаңа Конституцияны қолдап халықтың 87,15 пайызы дауыс берді.
Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров 16 наурыздағы таңғы сағат 8.00-дегі жағдай бойынша еліміздің барлық өңірі мен шетелдегі 10 388 референдум учаскесінде дауыстарды санау аяқталғанын мәлімдеді.
«Кеше таңертең аумақтық референдум комиссиялары дауыс беру нәтижелері туралы хаттамалардың электрондық көшірмелерін ұсынды. Облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының комиссияларынан алынған деректердің негізінде Орталық референдум комиссиясы республикалық референдумда дауыс берудің алдын ала нәтижелерін анықтады», деді Н.Әбдіров.
Референдумға қатысуға құқығы бар 12 482 613 ел азаматының 9 127 192-сі (73,12 пайыз) дауыс беру учаскелеріне келіп, қатысты. «2026 жылғы 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сұраққа 7 954 667 адам «Иә, қабылдаймын», 898 099 адам «Жоқ, қабылдамаймын» деп жауап берген.
146 558 бюллетень жарамсыз деп танылған, 127 868 бюллетень жарамды, бірақ есепке алынбады, өйткені оларда жауап нұсқаларының екеуі де белгіленген.
«Республикалық референдум туралы заңнаманың нормаларына сәйкес, егер референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі дауыс беруге қатысқан болса, референдум өткізілген деп саналады. Республикалық референдумға шығарылған мәселе бойынша шешім егер оны жақтап, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, «қабылданды» деп есептеледі», деді Н.Әбдіров ОРК-да өткен брифингте.
ОРК төрағасының айтуынша, республикалық референдум заңнамасына сәйкес, аумақтық референдум комиссиялары дауыстар саналғаннан кейін әрбір өңір бойынша хаттамалардың түпнұсқаларын Орталық референдум комиссиясына табыстауы қажет. Республикалық референдумның қорытындылары Орталық референдум комиссиясында белгіленеді.