Бүгінгі мектеп партасында отырған бала – ертеңгі инженер, өнертапқыш немесе жаңа технологияның авторы болуы әбден мүмкін. Қазіргі жаһандану дәуірінде мемлекеттердің даму деңгейі табиғи ресурстарымен емес, зияткерлік капиталымен, ғылыми жаңалықтарымен және технологиялық жетістіктерімен өлшенеді. Сондықтан білім беру жүйесінің алдында тұрған ең маңызды міндет – шығармашылықпен ойлайтын, жаңа идея ұсына алатын, күрделі мәселелерге технологиялық шешім таба білетін жас буынды қалыптастыру.
Осы мақсатта елімізде білім беру саласында ауқымды жаңғыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның жарқын көріністерінің бірі – Мемлекет басшысы бастамашы болған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы. Бұл жоба тек жаңа мектеп ғимараттарын салумен шектелмейді, ол – болашақтың білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Заманауи зертханалар, робототехника және STEM кабинеттері, шығармашылық студиялар оқушылардың инженерлік ойлауын дамытып, ғылым мен технологияға деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Осындай білім кеңістігінде өсіп келе жатқан жас буын бүгінде халықаралық деңгейдегі ғылыми-техникалық жарыстарда өз қабілеттерін дәлелдей бастады. Соның айқын мысалы – оқушылардың инженерлік ойлауын дамытуға бағытталған «FIRST Robotics» чемпионаты.
Робот-полиция
«FIRST» (For Inspiration and Recognition of Science and Technology) – оқушыларды ғылым мен техникаға қызықтыруға, инженерлік ойлау қабілетін дамытуға бағытталған халықаралық бағдарлама. Қазақстанда бұл жоба USTEM Foundation қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асырылуда.
2023 жылдан бастап Маңғыстау облысында ұйымдастырылып келе жатқан «FIRST Robotics» чемпионаты оқушылардың бағдарламалау дағдыларын, ғылыми-техникалық шығармашылығын және STEM бағытындағы білімін дамытуға тың серпін берді. Бүгінде бұл қозғалысқа жалпы білім беретін мектептермен қатар «Келешек мектептерінің» оқушылары да белсенді қатысып, өздерінің инженерлік әлеуетін көрсетіп келеді.
Чемпионаттың басты ерекшелігі – оқушыларды тек робот құрастыруға үйрету емес, оларды мәселені шешетін, зерттейтін, шығармашылықпен ойлайтын және командада жұмыс істей білетін тұлға ретінде қалыптастыру. Әрбір команда өз жобасын әзірлейді, роботты құрастырып, оны стратегия бойынша бағдарламалайды, жобасын қорғап, жарыс алаңында сынайды. Осы арқылы оқушылар логикалық ойлау, шығармашылық, коммуникация және көшбасшылық дағдыларын қатар дамытады.
«Figure AI» бүкіл денені басқаратын робот миын таныстырды
Қатысушылардың басты мақсаты – халықаралық деңгейде өз күшін сынап, әлемдік финалға жолдама алу. Әлемдік финал АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтеді. Бұл – жас қатысушылар үшін үлкен мотивация әрі өз білімдерін халықаралық деңгейде көрсетуге берілген мүмкіндік.
Қазақстандық оқушылар бұл чемпионатта халықаралық деңгейде де жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Ұлттық құрама Бүкіләлемдік чемпионатта қатарынан төрт рет жеңіске жетті: Женева (2022), Сингапур (2023), Грекия (2024) және Панама (2025). Бұл – еліміздің жас инженерлерінің тұрақты табысының айқын дәлелі.
Бүгінде Маңғыстау облысында 100-ге жуық команда құрылып, 500-ден астам оқушы осы чемпионатқа қатысып отыр. Қатысушылардың жасы 4 пен 17 жас аралығын қамтиды. Қуаныштысы, бұл қозғалыс тек қала мектептерімен шектеліп қалған жоқ. Шалғай ауылдардағы білім ордалары мен жаңа ашылып жатқан «Келешек мектептерінің» оқушылары да белсенді қатысып келеді. Бұл – жаңа форматтағы мектептердің оқушыларды заманауи технологиялық бағытта дамытуға нақты үлес қосып отырғанының дәлелі.
Маңғыстау ауданы, Шетпе селосындағы «Келешек мектептері» жобасы аясында ашылған №1 жалпы білім беретін мектептің информатика пәні мұғалімі Нұрбек Сенғалиевтің айтуынша, бұл жарыс оқушылар үшін үлкен мүмкіндіктер алаңы:
«Біз биыл алғаш рет FIRST LEGO League жарысына қатыстық. Mangystau Regional чемпионатында «Keleshek League Explore» санаты бойынша «Brightest Presentation Award» номинациясын жеңіп алып, Астана қаласында өткен Орталық Азия чемпионатына жолдама алдық. Central Asia чемпионатында «Inspiration & Inclusion Award» иелендік. Бұл - біз үшін үлкен жетістік. Ең бастысы – балалардың «Менің қолымнан келеді!» деген сенімін қалыптастыру», дейді ұстаз.
Ал команда мүшесі Атахан Ахмедияр жарыстан алған әсерімен бөлісті:
«Бұл фестиваль мен үшін ең қызықты оқиға болды! Біз нағыз инженерлер сияқты жұмыс істедік. Роботты бағдарламалауды, командалық жұмыс жасауды үйрендік. Ең бастысы - жаңа достар таптық. Енді LEGO-ны жай ойыншық емес, күрделі мәселелерді шешетін құрал ретінде қараймын», дейді ол.
Соңғы жылдары өңірде STEM бағытындағы үйірмелер саны артып, жаңа робототехника кабинеттері ашылып жатыр. Әсіресе «Келешек мектептері» жобасы аясындағы білім беру ұйымдары бұл бағытты қарқынды дамытып келеді.
Елордалық оқушылар үш күнде ерекше робот құрастырып шығарды
Ақтау қаласындағы №32 мектептің информатика пәні мұғалімі Ұлжан Жубандықованың айтуынша, робототехника – бүгінгі білім берудің маңызды бағыттарының бірі:
«Бұл сала оқушылардың тек техникалық білімін ғана емес, логикалық ойлауын, шығармашылық қабілетін және командалық жұмыс дағдыларын дамытады. Біздің оқушылар түрлі жарыстарға қатысып, жоғары нәтижелер көрсетуде. Біздің оқушылар әртүрлі робототехника жарыстарына қатысып, өз білімдері мен қабілеттерін шыңдап келеді. Атап айтқанда, Маңғыстау Хаб, Artisan Education ұйымдастыруларымен болған әртүрлі деңгейдегі байқауларға қатысып, бақтарын сынап көрді және мектебімізден бірнеше команда First жарыстарының Маңғыстау аралалық, Батыс аралық турнирлеріне қатысып, екі команда Asia чемпионатына жолдама алып, Астанағада ұйымдастырылған Central Asia чемпионатына қатысып, Smart Tech командасы «Responsibility award» және Tech Titans командасы «Positive Energy award» номинацияларына ие болды. Бұл – олардың қызығушылығы мен еңбегінің нәтижесі», дейді ол.
Ең бастысы – балалар технологияны тұтынушы емес, оны жасаушы ретінде қалыптасып келеді. Олар дайын құрылғыны пайдаланбайды, оны өз қолымен құрастырып, өз алгоритмін жазады, өз шешімін ұсынады.
Бүгін робот құрастырып отырған бала – ертең жаңа технология ойлап табатын маман. Ал Маңғыстау даласында өсіп келе жатқан жас инженерлер – Қазақстанның технологиялық болашағы.
Н.А. ТЕЛБАЕВА,
Маңғыстау облысының білім басқармасының
«Каспий дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды
анықтау және қолдау орталығы директорының орынбасары