Қазақстанда «Abu Dhabi Commercial Bank (Kazakhstan)» еншілес банкі ашылады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Abu Dhabi Commercial Bank PJSC-ке елімізде еншілес банк құруға рұқсат берді. Бұл қадам Мемлекет басшысының банк секторында бәсекелестікті арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
ADCB – Біріккен Араб Әмірліктерінің ең ірі банктерінің бірі, негізгі акционері Абу-Даби Үкіметіне толық тиесілі Mubadala Investment Company PJSC. Банктің халықаралық рейтингтері жоғары деңгейде – Fitch Ratings бойынша A+/F1/Stable. 2025 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша ADCB активтері 210 млрд доллардан астам, меншікті капиталы – 24 млрд доллардан асады, жылдық таза пайдасы – 3 млрд доллардан жоғары. Бұл көрсеткіштер еншілес банкке ұзақ мерзімді қаржылық қолдау көрсету қабілетін растайды.
Еншілес банкке қатысты ADCB жалғыз акционер болады. Бас банк Қазақстан заңнамасына сәйкес жарғылық капиталды қалыптастырып, стратегиялық басқару мен қаржылық-операциялық қолдауды қамтамасыз етеді.
Енді кез келген банкте тұрғын үйге ақша жинауға болады
Жаңа банк банктік қызметтердің толық спектрін ұсынуды жоспарлап отыр, сонымен қатар «ислам терезесі» арқылы исламдық қаржыландыруды дамытуға ниеттенеді. Бұл нарыққа баламалы қаржы құралдарының қолжетімділігін арттырады. Әмбебап банк лицензиясы банк инфрақұрылымы дайын болған соң және қызметті бастауға барлық дайындық жұмыстары аяқталғаннан кейін беріледі.
Агенттік келіп түскен өтініш пен құжаттар негізінде Басқарманың 2026 жылғы 20 наурыздағы № 8 қаулысымен ADCB-ға еншілес банкті ашу рұқсаты берілді. Сонымен қатар, құрылатын банкке банк холдингі мәртебесі мен еншілес ұйым құруға қатысты рұқсаттар да бекітілді.
Ұлттық банк 10 мың теңгелік ескі банкноттарды пайдалану мерзімін ұзартты
Жаңа банктің ашылуы Қазақстанда банк секторындағы бәсекелестікті дамытуға, бизнес пен халық үшін қаржылық қызметтер аясын кеңейтуге және халықаралық банк капиталын тартуға ықпал етеді.