Наурыз мейрамында Түркістан қаласындағы жаңа атшабардың ашылуына орай ұйымдастырылған көкпардан әлем чемпионатында командалар жоғары деңгейдегі шеберліктерін көрсетіп, жанкүйерлерге тартысты әрі әсерлі ойын сыйлады, деп жазады Egemen.kz.
Халықаралық бәсекенің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы чемпион атанды. Олар финалда Өзбекстан көкпаршыларын 9:2 есебімен жеңді. Өзбекстан құрамасы екінші орынға ие болды. Ауғанстан командасы үздік үштікті түйіндесе, Ресей шабандоздары төртінші орыннан көрінді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы марапаттарға ие болды. Оларға медальдар, кубоктар және алғысхаттар табысталды. Сонымен қатар жүлде қоры да үлестіріліп, бірінші орын иегерлеріне 15 миллион теңге, екінші орынға 7,5 миллион теңге, үшінші орынға 4,5 миллион теңге берілді. Төртінші орын алған командаға 3 миллион теңге көлемінде сыйақы табысталды.
Сондай-ақ жаңа атшабарда ұлттық спортты дәріптеуге мақсатында бірнеше жарыс өткізілді. Мысалы, дәстүрлі садақ атудан Азия чемпионаты жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Чемпионатқа Қазақстан ұлттық құрамасынан бөлек, Моңғолия, Қытай, Қырғызстан, Үндістан, Солтүстік Кипр, Түркия, Өзбекстан, Ресей және Таиланд елдерінен келген спортшылар қатысты. Жалпы саны 110-ға жуық мерген 10 мемлекеттің намысын қорғады.Қатысушылар барлық санатта бақ сынап, ерлер мен әйелдер арасында үздіктер анықталды. Тартысты бәсеке қорытындысында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Моңғолия құрамасы екінші орынға тұрақтаса, Қырғызстан спортшылары үздік үштікті түйіндеді.
Батыс Қазақстанда Ұлттық спорт лигасы ашылды