Атырау облысында мүмкіндігі шектеулі 27 726 адам тіркелген. Оның ішінде бірінші топ санаты 2 984 адамға берілген. Екінші топта 10 010, үшінші топта 9 781 адам бар. Кәмелетке толмаса да 4 951 баланың мүмкіндігі шектеліп отыр.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының дерегіне қарағанда, өткен жылы әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 24 789 мүгедектігі бар адамдар техникалық оңалту құралдарымен, әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етіліпті. 3 329 адамға протездік-ортопедиялық, 536 мүмкіндігі шектеулі жанға сурдологиялық көмек беріліпті. Тифлотехникалық құралдармен 1 409, арнаулы жүріп-тұру қызметімен 746 адам қамтылған. Санаторий-курорттық емделуге 6 153 жіберілген. 1 045 мүгедек жеке көмекшінің, 213 адам ымдау тілі маманының қызметін алған.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында мүгедектерді тасымалдайтын 156 инватакси бар. Оның ішінде 10 көлік қана арнайы жабдықталған. Былтыр 156 инватаксимен 4 175 қозғалуда қиындығы бар мүгедектерге 328 721 тасымал жасалыпты.
Дегенмен мүгедектердің мұңына атүсті қарайтындар бар. Айталық, Жылыой аудандық прокуратурасының қызметкерлері инватакси қызметін ұйымдастыруға қатысты өрескел заң бұзушылықтарды анықтады. Ауданның бірінші, екінші топтағы мүгедектері қозғалыс кезінде, диспетчерлермен байланыс орнатуда негізсіз шектеулерге тап болған.
«Прокуратура қызметкерлері мүмкіндігі шектеулі азаматтардың конституциялық құқығының сақталуына талдау жүргізді. Талдау барысында жергілікті инватакси қызметі ауылдық округтер мен елді мекендерге көрсетілмегені, диспетчерлік қызметтің жұмысы тиісті түрде ұйымдастырылмағаны анықталды. Нәтижесінде, Жылыой ауданында тұратын 156 тұрғынның құқығы толықтай қалпына келтірілді. Мүгедектердің құқығын бұзып, өз міндетін тиісінше орындамағаны үшін үш лауазымды қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды», деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Индер ауданының прокуратурасы да осындай кемшілікті анықтап отыр. Аталған ауданда да арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету, мүмкіндігі шектеулі жандардың инфрақұрылымға, көлік нысандарына қолжетімділігін қамтамасыз ету саласында елеулі бұзушылықтар кездеседі.
«Тексеру көрсеткендей, мемлекеттік қолдау көбінесе ресми түрде жүзеге асырылады. Қадағалау органы күндізгі бөлімше жұмыс істейтін жартылай стационарлық үлгідегі ұйымда Әлеуметтік кодекстің талаптары бұзылғанын анықтады. Өрескел жағдай – балаларды қолдауға арналған бейінді ұйымда бірде-бір қамқоршы жоқ», деп мәлім етті облыстық прокуратурадан.
Ауданда мүмкіндігі шектеулі балаларға мүлде қызмет көрсетілмеген. Жауапты адамдар мұны ғимараттың жоқтығымен түсіндіреді.
«Шенеуніктер тек қағаз толтырумен айналысып, балалар қажетті оңалту мен көмексіз қалған. Индербор кентінің инфрақұрылымын тексеру нәтижелері одан да сорақы болды. Прокуратура мүмкіндігі шектеулі жандарға жекелеген нысандардың қолжетімсіз екенін анықтады. Тексеру нәтижелері бойынша бұзушылықтар жойылды. Индербор кентінің әкімі мен ұйым басшысы әкімшілік, аудан әкімінің аталған салаға жетекшілік ететін орынбасары мен әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Осылайша, 19 мүмкіндігі шектеулі баланың құқығы қорғалды», деп ақпарат берді прокуратурадан.
Тегінде мүмкіндігі шектеулі жандар да – қоғамның белді мүшесі. Бұқараның бұл тобындағылар да өзгелер секілді лайықты қызмет алғысы келеді. Алайда қолында билігі бар шенеуніктер мүгедектерді шеттетуге болмайтынын ескере бермейді. Әсіресе кәмелетке толмаған мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдер қамқорлықсыз қалмауға тиіс.
Атырау облысы