• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Энергетика Бүгін, 07:43

Көмір қуатын дамыту жөніндегі Ұлттық жоба

10 рет
көрсетілді

Энергетикалық теңгерімді сақтау мен жаңа технологияларды енгізу мәселесі – күн тәртібіндегі басым бағыттың бірі. Осы міндетті іске асыру мақсатында Үкімет көмір негізіндегі қуат көздерін жаңарту мен кеңейтуді қамтитын ұлттық жоба әзірледі. Бастама тұрақты энергиямен қамтуға қажетті алғышартты қалыптастыруды көздейді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлт­тық құрылтайдың V отырысында берген тапсырмасын іске асыру аясында Үкімет көмір генерация­сын дамыту жөніндегі ұлттық жобаны бекітті. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Құжат 2030 жылға дейін еліміздің энерге­тикалық қауіпсіздігін нығайтуға әрі экономиканың базалық қуаттарға деген сұранысын қамтамасыз етуге бағытталған.

Ұлттық жоба индустриялық даму мен цифрлық экономи­ка­ның қарқынды өсуі жағдайын­да электр энергиясына деген қажеттіліктің арта түсетінін ескереді. Кейінгі жылдары IT-сек­тордың кеңеюі, дерек орта­лықтарының көбеюі мен жасанды интеллект технологияларын енгізу тұрақты базалық жүктемені талап етеді. Бұл ретте жаңартылатын энергия көздері барлық сұранысты толық қамтамасыз ете алмайтыны ескеріліп, көмір генерациясының рөлі стратегиялық маңызға ие болып отыр.

Жоба аясында 7,8 ГВт жаңа қуат көздерін енгізу әрі қол­даныстағы нысандарды жаң­ғырту көзделген. Сегіз жаңа электр энергиясы көзін салу жоспарланып отыр. Олардың қатарында Екібастұздағы 2 640 МВт, Курчатовтағы 700 МВт, Жезқазғандағы 500 МВт ірі жобалары, сондай-ақ Көкшетау, Семей мен Өскемен қалаларында заманауи жылу электр орталық­тарын салу қарастырылған. Бұған қоса Ақсу ГРЭС, Екібастұз ГРЭС-2 мен Қарағанды энергия торабын қоса алғанда, жұ­мыс істеп тұрған 11 стансаға кешен­ді жаңғырту жүргізіледі. Нәти­жесінде, 2030 жылға қарай негізгі энергетикалық жабдықтардың тозу деңгейін 12,6%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр.

Жобаларды іске асыру бюджеттен тыс қаражат есебінен жүзеге асырылады. Жалпы инвес­тиция көлемі 7,5 трлн теңгеден асады. Бұл энергетика саласына ұзақмерзімді инвестициялар тартуға әрі инфрақұрылымды жаңғыртуға мүмкіндік береді.

Ұлттық жобада экологиялық талаптарға айрықша назар аударылған. Жаңа нысандар «таза көмір» қағидаттарына сәйкес заманауи технологиялар негізінде салынады. Атап айтқанда, жоғары тиімді электр сүзгілерін орнату, азот тотығын каталитикалық жолмен бейтараптандыру жүйелерін енгізу әрі газдарды дымқыл тәсілмен күкірттен арылту көзделіп отыр. Бұл шаралар қалдықтардың көлемін азайтып, халықара­лық экология­лық стандарттар­ға әрі ең үздік қолжетімді технология­лар талаптарына сәйкес келуге мүмкіндік береді.

Жобаның әлеуметтік бағыты кадрлық әлеуетті нығайтуға арналған. Салада жаңа жұмыс орын­дарын ашу, соның қа­тарында шамамен 4,5 мың тұрақ­ты жұмыс орнын құру көздел­ген. Қызметкерлерді әлеу­меттік қолдау шаралары да қарастырылған. Атап айтқан­да, «Отбасы банкімен» бірле­сіп көмір электр стансалары қыз­мет­керлеріне арналған жеңіл­дікті ипотекалық тетіктер енгізу жоспарланып отыр. Бұған қоса, салалық жоғары оқу орын­дарының базасында мамандар­дың біліктілігін жүйелі түрде арттыруға басымдық беріледі.

Ұлттық жоба энергетика, өнеркәсіп пен көлік салалары­ның өзара үйлесімді дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. 2030 жылға қарай энергетикалық мақсаттағы көмірге қосымша сұраныс жылына шамамен 20 млн тоннаны құрайды деп күтіледі. Осыған байланысты ашық вагондар паркін кеңейту, теміржол инфрақұрылымын жаңғырту әрі ішкі нарыққа арналған тасымалдың болжамды тарифтік дәлізін қалыптастыру көзделген.

Жалпы, ұлттық жобаны іске асыру еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтуға мүмкін­дік береді. Бұған қоса қазандық агрегаттары, трансформаторлар мен автоматтандыру жүйелерін өндіруді дамыту арқылы отандық машина жасау саласына мультипликативтік әсер береді. Нәтижесінде, көмір генерациясы экономиканың ұзақмерзімді өсімін қамтама­сыз ететін технологиялық тұрғы­дан жаңғырған әрі экология­лық талаптарға жауап беретін секторға айналады.

Соңғы жаңалықтар