AMANAT партиясы жанындағы Агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі кеңестің отырысында отандық азық-түлік өндірушілердің жағдайы қаралды. Сауда және интеграция министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп берді, деп жазады Egemen.kz.
Жиында сауда желілерінде импорт үлесінің артуы, ретробонустар мен қосымша қызметтер үшін төлемдердің көбейуі, сондай-ақ «көлеңкелі» импорттың күшеюі ішкі нарыққа кері әсер етіп отырғаны айтылды. Қатысушылар қабылданып жатқан шаралар саланың қазіргі сын-қатерлеріне толық жауап бермейтінін жеткізді.
АӨК кеңесінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов отандық өндірушілерді қорғау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы қажет екенін айтты. Оның ойынша, соңғы жылдары салалық одақтар импорттық өнімдердің үлесі артып келе жатқанын көтеріп жүр. Ірі сауда желілеріне маржасы жоғары тауарларды өткізу тиімді болғандықтан, көрші елдерде субсидияланатын өнімдер ішкі нарыққа белсенді еніп жатыр. Бұл жағдай әділ бәсекені әлсіретіп, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін. Депутат өндірушілер көтерген мәселелер Парламент деңгейінде қаралатынын жеткізді.
Қара алтын мен құбылмалы нарық: Әлемдік экономика қай бағытқа бет алды?
Жергілікті кәсіпорындар сауда желілерінің өнімді сөреге орналастыру үшін түрлі төлемдер талап ететінін айтып отыр. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, бірқатар сауда желілерінің табысының елеулі бөлігі өндірушілерге жүктелген қосымша қызметтер есебінен қалыптасады. Бұл өндіріс көлемінің қысқаруына және инвестициялық мүмкіндіктің шектелуіне ықпал етуі ықтимал.
Салалық одақтар альянсы өкілдерінің пікірінше, көрші елдерден келетін жеткізушілер ішкі нарықты игеру үшін демпинг тәсілдерін қолданады. Соның салдарынан отандық өнімнің бәсекеге қабілеті төмендейді. Альянс сауда желілері табысын ашық сауда үстемесі арқылы қалыптастыратын теңгерімді модель қажет екенін алға тартты.
Made in Kazakhstan: Отандық тауарларды шетел нарығына ұсынатын платформа іске қосылды
Жиында «көлеңкелі» импорттың ұлғаюы да алаңдаушылық туғызатыны айтылды. Мамандар шекарадағы бақылау тетіктерін жетілдіру, ведомстволар арасындағы үйлестіруді күшейту қажеттігін атап өтті.
Қатысушылар халықаралық тәжірибе жергілікті өндірушілерді жүйелі қолдау ішкі нарықтың тұрақтылығын қамтамасыз ететінін көрсететінін айтты. Отандық кәсіпорындарды қолдау экономикалық саясаттың басым бағытына айналып, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға қызмет етуге тиіс.