• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тұлға Бүгін, 08:40

Жұбан әулетінің жәдігерлері

20 рет
көрсетілді

Ағайынды Жұбановтардың мемориалдық музейі 1983 жылы Мұғалжар ауданы Ембі қаласындағы орта кәсіптік-тех­никалық училище жатақханасының үш бөлмесінен ашылды. Сол жылы Алматыдан композитордың қызы Ғазиза Жұбанова арнайы келіп, әкесінің біраз дүниесін сыйға тартты. Олардың арасында Ахмет Қуанұлының домбырасы мен дирижерлік фрагі, өз қолымен жазылған нота дәптерлері бар еді.

Сол жылдары қазақ руха­ния­ты­ның ардақты­ла­ры Жұба­нов­тар туған топырақта музей ұйым­дас­тыруға Мұғалжар аудандық ком­сомол коми­тетінің хатшысы Қуандық Әлішев көп еңбек сіңірді. Уақыт өте келе жиналған жәдігерлер тар бөлмелерге сыймады. Меке­ме­нің атауы 1999 жылы Құдай­берген Жұбановтың 100 жылдығы қар­саңында ағайынды Жұбанов­тар мемо­риалдық музейі деп өзгертіліп, Ахмет Жұ­ба­нов­тың 100 жылдық то­­­йында ар­найы салынған жаңа ғимарат­қа көшті.

Осы жердегі ең құнды дүние­лердің бірі – 1944 жылы қарақалпақ елінен музыкалық мұра жинауға барған сапарында композиторға сыйға берілген жасыл шапан. Шебердің қолынан шыққан, әлі күнге дейін өңін бермеген барқыт шапанның өңірі мен екі жеңі ақ-қызыл жіптермен өрнектелген. Тағы бір назар аударарлық дүние – Ахмет Жұбанов қолтаңбасын қойып, сыйға тартқан кітаптары. 1960 жылы «Қазақтың мемлекет­тік көркем әдебиет баспасынан» жарық көрген «Құрманғазы Сағырбаев өмірі мен творчество­­­­­­сы» кітабының алғашқы беті­не «Алуаш пен Жиенбайға – аға­сы­нан, ескерткіш. Июнь, 1962. Алматы» деп қолын қойса, «Замана бұлбұлдары» кітабы­на «Хадиша мен Бердіғалиға – ағасынан» деп жазып, 1964 жылы қаңтарда сыйға тартқан. «Струны столетий» кітабын 1961 жылдың қарашасында Қалиқан мен Қанифаға сыйлаған. Осыдан көрініп тұрғандай, Алматыдағы Жұбан әулеті елдегі туыстарымен байланыс үзбеген.

Құдайберген мен Ахметтің атақонысы – Ембіден 90 шақырым жердегі Жаңатұрмыс деген ауыл. «Жаңақоныс – тарихы терең, бүгін­де жұрты тұрақтанған, берекелі қоныс. Жаңа мектебі, мәдениет үйі салынған. Ескі ауылдың шетіндегі әулет қорымында олардың әкесі Қуан, анасы Бибішынар мен Қуанның інісі Тәпен жерленген. Жаңатұрмыста Қуан атаның қазған құдығы да бар. Суы мол, тұщы, қара жолмен әрлі-берлі өткен жолаушылар осы жерге аялдап өтеді. Ауыл жұрты құдықтың айналасын қоршап қойған. Қуан атамыз заман ағымын ерте сезінген, көзіқарақты адам болған. 1910–1913 жылдары қазақ ауылдарында бір кластық мектептер ашуға рұқсат беріледі. Темір – Орқаш болысында да екі орыс-қазақ училищесін ашу жоспарланғанын естіген Қуан ата бір мектепті өз ауылынан салуға Орынбордан рұқсат алып келеді. Ол кісінің мектеп ашу жөнінде жазған арызы Орын­бор мұрағатында сақталған. Сол кезеңде бір кластық деп аталған мектептерде оқу мерзімі үш жылға созылған. Ауыл адамдары лай мен саз қосып, балшық илеп, кесек басып, төбесін қамыспен жауып мектеп тұрғызды. Өткен ғасыр басында талай жастың көкі­регіне білім нұрын ұялатқан Қуан мектебі жөнінде қарттардан сұрап, нобайын жасауға кірістік, нәтижесінде, іргетасы кішкентай қалақ тастармен өріліп, қабыр­ғасы саз кірпіштерден қаланған, төбесі тал бұтақтарымен жабыл­ған Қуан мектебінің нобайы экс­позициямызға қойылды. Келу­шілер одан ХХ ғасырдың басын­дағы ауыл мектебін көреді», дейді Мұғалжар аудандық ағайын­ды Жұбановтар мемориалдық музе­­йінің директоры Анархан Самиғоллақызы.

 

Ақтөбе облысы 

Соңғы жаңалықтар