• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Құрылыс Бүгін, 08:20

Енді Катонқарағайға ұшақпен жетесіз

20 рет
көрсетілді

Алып әуе кемелерін қойып, автобус бұрылмайтын Өрнек ауылының тұсында халықаралық әуежай салынып жатыр. Бұл – ауданның ғана емес, Шығыстағы туризмнің дамуына серпін беретін үлкен жоба. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен қолға алынған әуежайдың іргетасы Зайсан, Катонқарағайда былтыр наурызда қалана бастады. Бүгінде Катонқарағайдағы әуежай құрылысының 52%-ы аяқталып үлгерген.

Алтайдың баурайындағы күн-түні демей дамылсыз жүріп жатқан құрылыс­қа 250 адам, жүзден астам техника жұмылдырылған. Жұмысшылардың дені – жергілікті тұрғындар. Барлап, таңдап алынған әуежай орны аудан орталығынан небәрі 25-30 шақырым жерде ғана. Күні кеше Күршім көпірінің құрылысын мерзімінен бұрын аяқтаған «ОблШығысЖол» ЖШС мердігер мекемесінің мамандары әуежай құрылысына да бел шеше кіріскен. Бір бригада ұшу-қону жолағындағы артылған топырақты шығарумен айналысса, енді бірі ғимараттардың іргетасын құйып, қабырғаларын қалап жүр. Құрылыс алаңына бас-көз болып жүрген жоба жетекшісі Нұржан Ескендіровтің айтуынша, жұмыс жоспардағыдай жүргізіліп жатыр. Туындаған ешқандай мәселе жоқ.

– Жоба ауқымды әрі жауапты болған­дықтан, уақытпен санаспай еңбек етудеміз. Жұмыс жүйелі ұйымдастырылған. Ұшу-қону жолағындағы артық топырақты шығарып, перрондарды, әкімшілік ғима­раттарды көтеріп үлгердік. Сонымен қатар республикалық маңызы бар күре жолды әуежай аумағын айналып өтетіндей жерге көшіреміз. Оның ұзындығы – 5 км. Ұшу-қону жолағының ұзындығы – 2 км, 260 метр, – дейді Н.Ескендіров.

Ат шаптырым аумақты алып жатқан құрылыс алаңын аралап көрдік. Ұшу-қону жолағы мен айналма жол, перрондардың астыңғы қабаты толық төселіп, асфальттауға дайын. Әкім­шілік ғимараты құрамына әуе­жай терминалы, диспетчерлік мұнара, апаттық-құтқару бекеті, гараж, қойма, жылу қазандығы кіреді. Бұлардың да құрылысы қарқынды. 

– Жолақтың айналасы теп-тегіс болуы керек. Сондықтан да артық-ауыс топырақ тонналап шығарылып жатыр. Жалпы шығарылатын топырақ көлемі 500 текше метрден асады, – дейді Н.Ескендіров.

Әлбетте, таулы жер болған­дықтан, тегістеу жұмысы оңайға соқпайды. Ерсілі-қар­сылы ағылған 40 тонналық жүк көліктерінің өзі тауысып біт­пей жатыр. Бір қарағанда, екі шақырым жерге асфальт төсеу жеңіл болып көрінгенімен, науа іспетті алып шұңқыр қазып, оны үгілмейтін тастармен толтыру, тегістеу жұмысы барынша тиянақ­тылықты, қажыр-қайратты талап етеді. Мердігер компания өкілдерінің сөзіне сенсек, құрылыс жұмысы жыл соңында аяқталады.

Халықаралық әуежай ашыл­ған соң, ұшақтар қай бағыттарға қатынайды? Билет­тердің құны қанша болады? Көптің көкейін­дегі бұл сұрақтарға да жауап іздедік. Шығыс Қазақстан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы берген мәліметке сәйкес Катонқарағай ауданын­да жаңа әуе айлағы жыл соңында, Зайсандағы нысан мамыр-маусым айларында іске қосылуы мүмкін. Құрылыс аяқталған соң, Астана, Алматы, Өскемен, Семей қалаларына тікелей әуе рейстері ашылады. Сондай-ақ халық­аралық әуе қатынасын дамыту көзделіп отыр. Рейстердің жиілігі әуежайлар пайдалануға берілгеннен кейін нақтыланады.

Облыс аумағында жолау­шылар тасымалдайтын әуе компанияларының шығынын субсидиялау мәселесі де қарас­тырылған. Мәселен, «Өскемен – Зайсан», «Өскемен – Катон­қарағай» бағыттарында қатынай­тын ұшақтардың шығынын өтеу облыс бюджеті есебінен жүргізілуі ықтимал, – деді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бас­шысының міндетін атқарушы Ернар Мәулетханов.

Ұшақ билетінің нақты ба­ғасы жаңа рейс­тер ашылған соң белгілі болады. Дегенмен Е.Мәулетханов «Өскемен – Катон­қарағай», «Өскемен – Зайсан» бағыттарындағы ұшақ билетінің құны бір адамға шамамен 15–20 мың теңгеден аспайтынын айтты.

Көлік министрлігі Азамат­тық авиация комитетінің «Қазаэронавигация» РМК хабар­­лауынша, ұшу-қону жолағы 2 260 метр болса, бола­шақта ұзындығын 3000 ме­тр­ге дейін жеткізуге болады екен. Сөйтіп, Bombardier Q400, ATR 42/72, CRJ200 үлгідегі ұшақтарды қабылдай алады. Ал қазіргі заманғы халық­аралық стандарттарға толық сәйкес келе­тін терминал сағатына 150 жолаушыға дейін өткізе алады. Жолаушыларға арнал­ған барлық қажетті инфрақұрылым қарас­тырылған. Тіпті әуежайда бизнес-лаундждер мен Duty Free дүкендерін ашуға мүмкіндік бар.

– Мүгедектігі бар адамдар мен көп қозғала алмайтын жан­дарға ыңғайлы, кедергісіз орта жасалады. Атап айтқанда, жолаушылар терминалының бейімделген инфрақұрылымы, санитария-тұрмыстық үй-жай­лар, көру, дыбыстық навигация, ерекше жандарға арналған мамандандырылған қызмет көрсету қарастырылған, – деді «Қазаэронавигация» кәсіп­орнының жетекші инженері Ләззат Тумышева.

ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, жаңа әуежайларда қажетті мамандармен қамтамасыз ету мә­селесі толық шешімін тапқан. Мәселен, бір әуежайдың қа­лып­ты жұмыс істеуі үшін 18 мамандық бойынша 57 қыз­меткер қажет. Қазір қажетті мамандар «Өскемен қаласының әуежайы» АҚ базасында даярланып жатыр. Бұған қоса жергілікті тұрғындар арасынан кандидаттар іріктелген. Әуежайларды кадр­мен қамтамасыз ету мақсатында былтыр «Өскемен әуежайы» АҚ, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы, Еңбек мобильділігі орталығы өкілде­рінің қатысуымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдас­тырылған.

Қолға алынған жұмыс пен жос­пар жүзеге асса, Астана, Алматы, Өскемен, Семей бағыттарында тікелей әуе рейстері ашылып, шекаралық аймақтың әлеуметтік-экономикалық, туристік дамуына ықпал етері анық.

 

Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай, Зайсан аудандары