• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 07:58

Блогер келін

50 рет
көрсетілді

Қараағаш ауылындағы Жақыпбек ата әулетінің қара шаңырағындағы Зарина Қобланқызы есімді келін үйдің шаруасына да ширақ, әлеуметтік желіде де белсенді. Instagram парақшасында 40 мыңға жуық оқырманы бар. Әлеуметтік желіде ауылдың қым-қуыт тіршілігін, отбасы құндылығын, келін өмірінің қызық-шыжығын боямасыз көрсетеді.

Күйеуі Рахым Жеңісқали екеуі бір кездесуден-ақ шаңырақ көтерген. Таныстықтары да қызық. Қаражал қаласындағы Зарина әпкесін ұзататын болады. Содан жігіт жолдас болып, Рахым келіпті. Көліктері бұзылып, ұзатуға үш сағат кешігіпті. Рахым тойдың бірінші дастарқанынан соң, бұзылған көлігін жөндеуге кіріседі. Көлігін жөндеп болып, қолын жууға үйге кіргенінде Зарина «Fairy» алып, алдынан шығады. Содан ұзату аяқталған соң, құдалар ауылына келіндерін алып қайтады. Соңынан қуғыншылар да көп ұзамай жолға шығады. Оның ішінде құдаша Зарина да бар. Сөйтсе, көлік жөндеп жүрген жігіт өнерлі көрінеді. Қолындағы домбырасымен ән салып, беташар тойдың көрігін қыздырады. Би де қыза түседі. Сері жігіт Рахым сол уақытта құдашаға сезімін білдіріп үлгеріпті. Той тарқаған соң, құдалар жолға шығайын деп жатқанда көліктері бұзылып қалады. Сөйтіп, қонып қалады. Ертеңінде Зарина ұйқысынан тұрса, Рахым көлік жөндеп жатыпты. Алтынқолды азамат көлікті отал­дырып, құдаларды ауылдың шыға бері­сіне дейін ақ жол тілеп, шығарып салады. Заринаға «аяғыңды көрпеге орап ал» деп қамқорлық танытқаны да құдашаның көңіліне шуақ сыйлапты.

Рахымның жанашырлығы, өнері, қо­лынан іс келетіні Заринаның жүрегін бірден баурайды. Сөйтіп, Зарина үйіне кеткен күні Рахым да вахталық әдіспен жұмысқа жол тартыпты. Махаббаттың ыстығын сезіне бастаған екеуі телефон арқылы 15 күн бойы жақынырақ танысыпты. Содан соң кездескен күні бірден үйленуге ұсыныс жасап, Зарина оны қабыл алып, жарқын болашаққа бірге қадам жасайды. Ол кезде Рахым отызға таяп қалған жігіт, Зарина 18 жасқа да толмаған.

«Жас айырмашылығы, алғашқы кездесу, қып-қысқа таныстық таңдауыма кедергі болмады. Оның бойында нағыз ер-жігітке тән қасиетті жас болсам да бірден аңғардым. Және «алақанымда аялаймын» деген уәдесін алдым. Бастысы, уәдесінде тұрып келеді», дейді жас келін.

Зарина Әбдухан – Қаражал қаласындағы №5 мектепті алтын белгіге бітірген. Ал былтыр жазда Қарағандыдағы «Bolashaq» жоғары колледжінің мектепке дейінгі тәрбие мамандығы бойынша қызыл дипломын алыпты. Жақын күндері жұмысқа да орналасуды жоспарлап отыр.

Жас қыздың жүрегін жаулаған Рахым Жеңісқалиұлы «Шұбаркөл көмір» АҚ-да алып техника тізгіндейді. 95 тонналық «Komatsu» маркалы жүк көлігін жүргізеді. Мұнымен қоса өнерлі өрен жұмыскер­лер арасынан құралған «Қара Алтын» то­бының белді мүшесі. «Кел, шырқайық!» тележобасының жеңімпазы болып келген талантты топ қазірдің өзінде елге танылып қалды.

Жас келін ата-енесінің ақ батасын алып отыр. Атасы Жеңісқали әлеуметтік желіні жүргізуге үнемі қолдау көрсетеді. Шын мәнісінде, атасының мейірімі, немерелеріне деген махаббат, қамқорлығы, келініне деген сыйластық, құрметін байқатпай телефонға түсіріп алған Зарина сол қалпында желіге жүктейді. Тосыннан түсірген видеолары миллиондаған қаралым жинап, көпшілік тәнті болып жатыр. Әсіресе үйдің шаруасына көмектесіп, манты түйіп жатқан жарқын сәті, немерелерін ойнатып жүрген видеолары тіпті, әсерлі.

Өнегелі отбасының көзінің ағы мен қарасындай Мәриям және Айжұлдыз есімді ботақандары бар. Кішкентай қыздарының ерке қылықтары үйдің бақытын еселеп отыр.

Анасындай аяулы болған енесі Рахат – ардақты ұстаз. Камерадан қысылатын көрінеді. Дегенмен алдағы уақытта ене мен келін арасындағы сыйластық мәнін ұғындыратын контент түсіруді ойластырып отыр.

Ауылының пысық келіні кәсіппен де айналысады. Былтыр Жаңаарқа ауданы әкімінің грант иегері атанды. Құйылмалы балмұздақ, тәтті мақта секілді балалар сүйіп жейтін дәмділер әзірлейді. Жақын күндері «Тәп-тәтті» дүкенін ашқалы отыр.

Ауылдан ат-тонын ала қашатын жас келіндерге Заринаның шуақты өмірі өнеге болары сөзсіз.

 

Ұлытау облысы,

Жаңаарқа ауданы,

Қараағаш ауылы

Соңғы жаңалықтар