Бейжің қаласында Қазақстан мен Қытай мәдениетінің тоғыспалы жылының ашылуы аясында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті Насихат бөлімінің меңгерушісі Ли Шулэймен кездесті.
Келіссөз барысында тараптар мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты одан әрі дамытудың келешегін және бірлескен бастамаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Аида Балаева Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейін атап өтіп, ынтымақтастықты алдағы уақытта да кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.
«Бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас жан-жақты стратегиялық әріптестіктің бұрын-соңды болмаған биік деңгейіне көтерілді. Бұл, сөзсіз, қос мемлекет басшыларының зор еңбегінің нәтижесі. Біз өз тарапымыздан ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге және елдеріміздің арасындағы ықпалдастықты кеңейтуге мүдделіміз. Мәдени алмасу жылы аясында бірқатар бірлескен жобаны жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз. Атап айтқанда, креативті индустриялар фестивалін, театр және цирк фестивальдарын өткізуге болады. Былтыр Бейжіңде Қазақстанның мәдени орталығы ашылғанын атап өткім келеді. Бұл мәдени байланыстарды нығайтуға қосымша мүмкіндік береді», деді Мәдениет және ақпарат министрі.
Өз кезегінде Ли Шулэй Қазақстан мен Қытай мәдениетінің тоғыспалы жылының өтуі екі ел халқының жақындасуына серпін беретін маңызды фактор болатынына сенім білдірді.
«Қытай мен Қазақстан – сенімді достар әрі стратегиялық серіктестер. Біздің қарым-қатынасымыз стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңіне қадам басты. Мемлекеттеріміздің басшылары осы жылды Мәдени алмасу жылы деп жариялады. Біз бұл оқиғаға айрықша мән береміз және оның аясында ұйымдастыруға болатын іс-шараларды талқылауға әзірміз», деді Ли Шулэй.
Кездесу барысында тараптар бірлескен жобаларды дамытуға қатысты бірқатар бастама көтерді. Әсіресе киноиндустрия саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Аида Балаева Қытай аудиториясының қазақстандық кино үшін зор әлеуетке ие және ірі кинокомпаниялармен әріптестік орнатуға мүмкіндік мол екенін атап өтті.
Сондай-ақ тараптар бірлескен деректі және көркем фильмдер түсіру, оларды кейін екі ел аумағында ілгерілету мәселелерін талқылады. Ли Шулэй қазақстандық кинематографистерді Шанхай халықаралық кинофестиваліне қатысуға шақырып, бұл алаңның киноны дамыту және мәдени байланыстарды нығайтудағы маңызына ерекше тоқталды.
Бұдан бөлек, тараптар бейнелеу өнері саласындағы ынтымақтастықтың келешегіне тоқталып, бірлескен пленэрлер мен көрмелер ұйымдастыру, сондай-ақ екі ел суретшілері арасындағы шығармашылық байланысты дамыту мәселелерін сөз етті.
Басқосуда сонымен қатар Қазақстан және Қытай авторларының шығармаларын өзара аудару мәселелері талқыланып, әдеби туындыларды экрандаудың әлеуетіне назар аударылды. Бұдан өзге, гастрольдер мен бірлескен қойылымдарды қамтитын театр саласындағы ынтымақтастық мәселелері де көтерілді. Басым бағыттардың бірі ретінде туризмді дамыту, оның ішінде медиа өкілдері үшін таныстыру турларын ұйымдастыру мәселесі де айқындалды.
Сондай-ақ Бейжің қаласында Қазақстан мен Қытай мәдениетінің тоғыспалы жылының ашылуына арналған салтанатты Гала-концерт ұйымдастырылып, іс-шараға мыңға жуық адам қатысты. Тағылымды кеш екі ел арасындағы достық пен өзара түсіністіктің нығая түскенін білдіретін маңызды мәдени оқиға болды.
Іс-шара Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин арасындағы 2026 жыл Қазақстан мен Қытайдың Мәдениет жылы болып жарияланған уағдаластықтар аясында ұйымдастырылды.
Салтанатты кештің құрметті қонақтары қатарында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қытай Халық Республикасының Мәдениет және туризм министрі Сунь Ели, Қазақстанның ҚХР-дағы Төтенше және өкілетті елшісі Шахрат Нұрышев, сондай-ақ дипломатиялық корпус өкілдері мен Қытайдың шығармашылық зиялы қауым өкілдері болды.
Қытай ұлттық опера театрының сахнасында құттықтау сөз сөйлеген Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени ынтымақтастықтың жаңа мазмұнмен толыға түскенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде бірлескен жобалар табысты жүзеге асырылып, гастрольдер, концерттер, көрмелер мен фестивальдар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Сонымен қатар Бейжіңде Қазақстанның мәдени орталығының ашылуы екі ел арасындағы байланысты нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Министр мұндай бастамалардың болашаққа берік негіз қалайтынын және жас ұрпақты жаңа жетістіктерге жігерлендіретінін ерекше атап өтті.
«Бүгінгі кеш – жай ғана концерт емес, аударманы қажет етпейтін мәдениеттер диалогі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, мәдениет ұлттың бет-бейнесін айқындайды, ал әлем елді ең алдымен оның өнері арқылы таниды. Осындай кездесулер, музыка, театр және шығармашылық арқылы біз бір-бірімізді тереңірек түсініп, жақындай түсеміз. Мәдениеттердің тоғыспалы жылы бізге жаңа мүмкіндіктер ашады. Бірлескен жобаларға жол ашып, шығармашылық ізденістерді жандандырып, өзара рухани байытуға серпін береді», деді Премьер-министрдің орынбасары.
Өз кезегінде Қытайдың Мәдениет және туризм министрі Мәдениет жылы гуманитарлық байланыстарды тереңдетіп, екіжақты ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететін маңызды алаң екенін айтты.
«Қытай мен Қазақстан мәдениетінің тоғыспалы жылы аясында екі елдің музейлері мен ғылыми-зерттеу құрылымдары бірлесіп археологиялық зерттеулер жүргізуге, өнер қайраткерлері Қытай –Қазақстан музыканттарының дөңгелек үстелі сияқты алаңдарда терең диалог орнатуға мүмкіндік алады. Сахналық өнер мен креативті индустрия салаларында бірлескен кадр даярлау жұмыстары да күшейтіледі. «Қытай мен Қазақстан мәдениетінің тоғыспалы жылы» мәдениет және өнер ұйымдары арасындағы практикалық ынтымақтастықтың маңызды платформасына, сондай-ақ екі елдің мәдени байлығын танытатын жарқын алаңға айналарына сенімдіміз», деді Сунь Ели.
Гала-концертке Қазақстан мен Қытайдың белгілі өнер майталмандары қатысты. Кештің айрықша рухын еліміздің жетекші шығармашылық ұжымдары – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі, «Астана Опера» театры, «HasSak» этно-фольклорлық тобы, «Астана Балет» театры, Бейжің хореография институты және Қытай опера және балет театрының ұлттық оркестрі айшықтай түсті.