• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 08:05

700 білім бағдарламасы жабылып, тың бағыттар іске қосылады

10 рет
көрсетілді

Еліміздің білім жүйесі кадр даярлау ісін экономиканың және технологиялық дамудың заманауи талап­тарына сай қайта бейімдеуге бағытталған терең трансформация кезеңіне қадам басты. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өзінің бейнеүндеуінде мәлімдеді.

Вице-премьердің айтуынша, жүзеге асырылған саяси реформалар мен жаңа Конституция адам капиталын, ғылым мен инновацияны дамыту бағытын одан әрі күшейтті. Бұл ретте білім жүйесі елдің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі факторлардың біріне айналып отыр.

Қазіргі ахуалды бағалау мақ­сатында Үкімет 73 мыңнан аса  кәсіпорын арасында ауқымды сауал­нама жүргізіп, білім бағ­дар­ла­маларына талдау жасаған. Нәти­жесінде, жүйелі сипаттағы бірқатар мәселе анықталды.

Атап айтқанда, кадрлардың қар­таю үдерісі байқалады. Маман­дардың едәуір бөлігі 40-59 жас аралығында. Же­келеген өңірлерде, мәселен, Павло­дар облысында бұл көрсеткіш 50 па­йызға жуықтайды. Бұл алдағы 7-10 жыл ішінде білікті мамандар тапшы­лығының туындау қаупін күшейтеді.

Сонымен қатар мамандар даярлау жүйесі мен экономиканың нақты қажеттіліктері арасында елеулі теңгерімсіздік бары да анықталды.

«Мәселен, Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы саласына 800 ма­ман қажет болса, білім беру жү­йесі бұл сұранысты толық қамтама­сыз ете алмай отыр. Ал Қарағанды облысында 351 IT вакансияға 2,5 мыңнан аса студент даярланып жатыр»,  деді Аида Балаева.

Үкімет басшысының орынбасары тағы бір өзекті мәселе ретінде білім  бағдарламаларының шамадан тыс көптігін және олардың тәжірибеден алшақтығын атады. Бүгінде жоғары оқу орындарында экономика бағыты бойынша 140-тан астам, құқықтану саласы бойынша 100-ден аса білім  бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Олардың басым бөлігі бірін-бірі қайталап, мазмұндық тұрғыдан ұқсас болып келеді.

Анықталған сын-қатерлерге жа­уап ретінде Үкімет 700-ден астам білім  бағдарламасын жабу туралы шешім қабылдады. Бұл ретте қазір білім алып жатқан барлық студенттің оқуын толық аяқтауына кепілдік беріледі. Алайда аталған бағыттар бойынша жаңа қабылдау тоқтатылады.

Оның орнына AI мен Data, биоинжиниринг, smart agriculture, білім беру технологиялары секілді 21 басым даярлық бағыты іске қосылады. Сонымен қатар 35 бағыт бойынша тәжірибеге бағдарланған оқытуға басымдық бере отырып, терең жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.

Халықаралық ұсынымдарға сәйкес, жұмыс орнындағы оқыту­дың үлесі бакалавриатта 20 па­йызға, магистратурада 40 пайызға дейін ұлғайтылады. Бұдан бөлек, мем­лекеттік білім  гранттары өңір­лік экономикалардың нақты сұ­ра­ныстарымен тікелей сабақтас­тырылатын болады.

Сонымен қоса, педагогикалық білім беруге айрықша мән берілмек. Педагогикалық жоғары оқу орындарын адам капиталын дамыту мен заманауи білім беру технологияларын, соның ішінде жасанды интеллектіні енгізудің орталықтарына айналдыру жоспарланып отыр.

«Бүгін біз түбегейлі таңдау жасап, бір реттік шешімдерден – жүйелі саясатқа, жағдайға бейімделуден – алдын ала әрекет етуге, кадр даярлау­дан – болашақты қалыптастыруға бет бұрдық», – деп түйіндеді Аида Балаева.

Соңғы жаңалықтар