• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ата заң Бүгін, 08:15

Адам капиталы – конституциялық жаңару өзегі

10 рет
көрсетілді

Конституция – мемлекеттің саяси-құқықтық негізі ғана емес, оның болашаққа деген көзқарасын айқындайтын аса маңызды құжат. Сондықтан жаңа Конституциядағы ғылым мен білімнің орнын саралау – уақыт талабы. Бұл мемлекеттің интеллектуалдық әлеуетке қаншалықты сенім артатынын анық көрсетеді.

Еліміздің ғылым мен инновацияға басымдық беруі – жаһандық өзгерістер­ге берілген дер кезіндегі орынды жауап. Бұл үрдіс адамзаттың цифрлық дәуірге өтуімен тығыз байланысты. Жа­сан­ды интеллект, үлкен деректер және инновациялық технология адамның өмір салтын түбегейлі өзгертіп жатыр. Бұл – технологиялық емес, өркениеттік бетбұрыс. Осындай кезеңде ғылымның рөлі бұрынғыдан да арта түседі. Алайда бұл бағыт кешеге дейін қолданыста бол­ған Конституцияда жеткілікті дең­гейде көрініс таппаған еді. Ғылым дербес құндылық ретінде емес, жанама сипатта ғана қамтылды. Бұл жағдай ғы­лымды мемлекеттік саясаттың орталық эле­ментіне айналдыру қажеттігін көрсетті.

Жаңа Конституция осы олқылықтың орнын толтырады. Ғылым енді қосалқы сала емес, мемлекеттік саясаттың іргелі басымдығына айналады. Бұл өзгеріс пре­амбуладан-ақ байқалады. Яғни елдің болашағы білім, ғылым және зияткерлік құндылыққа негізделеді. Осылайша, мемлекет даму философиясы индустриялық көзқарастан интеллектуалдық модельге көшіп отыр.

Бұл бағыттың қалыптасуына Мем­ле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында айтылған басымдықтар негіз болды. Мәселен, 2021 жылғы Жол­дауында «Ғылымды дамыту – біздің аса маңызды басымдығымыз» деп атап өтсе, 2023 жылғы Жолдауында: «Біз мәдениетті, білімді және ғылымды өркендету арқылы ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек», деген нақты міндет қойды. Осы бастамалардың Ата заң деңгейінде бекітілуі ғылым мен білімнің маңызы мемлекет тарапынан ресми түрде танылғанын көрсетеді.

Ғылым мен зияткерлік меншікке арналған арнайы баптың енгізілуі – сая­си-құқықтық тұрғыдан маңызды қадам. Бұл мемлекет ғылымды ұзақмерзім­ді даму факторы ретінде қабылдаға­нын айғақтайды. Мұндай тәжірибе дамы­ған елдерде қалыптасқанын көру­ге болады. Германия Федеративтік Респуб­ли­касының Негізгі заңының 5-бабында ғылыми зерттеу, оқу және білім алу еркіндігі мен қауіпсіздігі Конституция деңгейінде кепілдендірілген. Испания Конституциясының 44-бабының 2-тар­мағы ғылымның қоғамдық мүдде үшін дамуы маңызды екені жазылған. Онда мемлекет ғылыми және ғылыми-техника­лық зерттеулерді ілгерілетуді қолдайты­ны нақты жеткізілген. Сол сияқты Ита­лия Конституциясының 9-бабында мемлекет мәдениет пен білімді қолдаумен шектелмей, ғылыми және техникалық зерттеулерді дамытуға да жауапты екені көрсетілген.

Осы мысалдар ғылымның ұлттық сая­саттың өзегіне айналғанын дәлелдейді. Қазақстан да осы жолды таңдап отыр. Жаңа Конституция білім экономикасына көшуге құқықтық негіз қалап, ғылым және инновацияны басты құндылық ретінде айқындауы – маңызды қадам. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін адам капиталына инвестиция салу қажет.

Қазіргі таңда озық елдер адам капи­талының сапасын арттыруға ерекше мән беріп, білім мен ғылым саласына қомақты қаржы бөледі. ЮНЕСКО әлем елдерінің ғылымға бөлетін қаржысын зерттеп, рейтингісін жариялайды. 2024 жылғы көрсеткіште Израиль ІЖӨ-нің 5,56 пайызын ғылымға жұмсаса, Оңтүстік Корея – 4,93, АҚШ – 3,46, Швеция – 3,42, Жапония 3,30 пайызын бөліп отыр. Бұл елдердің ғылыми және экономикалық дамудағы көшбасшылығын көрсетеді. Ал еліміз бюджетінің 0,14 пайызын ғылымға бөледі. Бұл дерек білім мен ғылымға инвестиция­ны арттыру қажеттігін дәлелдей түседі.

Бұл жерде мәселе қаржыда ғана емес. Бізге назар аудару қажет үш ма­ңыз­­ды аспект бар. Бірінші – зияткерлік мен­шік қорғауы қағазда ғана қалмай, нақты іске асуға тиіс. Екінші – ғылыми кадр тұрақтылыққа ие болуы шарт. Әйтпесе талантты, еңбегі ерек ғалымдар эмиграциялануға бет бұрады. Үшінші – ғылыми инфрақұрылым мен универси­тет­тердің зерттеу әлеуетін толық ашу маңызды.

Жаңа Конституция осы мәселелерді шешуге құқықтық негіз береді. Бірақ заңдық кепіл – тек бастама. Нақты іске асырылуы – біздің алдымыздағы міндет әрі парыз.

Президент алдағы үш жылда елімізді толық цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойды. Бұл мақсат ғылымның рөлін бұрынғыдан да айқын көрсетеді. Цифрлық трансформация технологияны енгізумен ғана шектелмей, оны ғылыми зерттеулер мен деректер талдауымен үйлестіруді талап етеді. Жасанды интеллект, үлкен деректер, автоматтандыру сияқты жүйелер ғылыми негізсіз тиімді жұмыс істей алмайды. Сондықтан ғылым мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыратын негізгі қозғаушы күшке айналуға тиіс.

Ғылыми және шығармашылық еркін­дікке кепілдік беру – осы үдерістің маңызды шарты. Зияткерлік меншік заңмен қорғалуы ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруға мүмкіндік береді. Біз былтыр зияткерлік меншікті қорғауды күшейтетін заңды қабылдадық. Бұл инновациялық экожүйенің дамуына әсер етуге тиіс.

Халықаралық тәжірибе зияткерлік меншік қорғауының экономикалық дамуы үшін шешуші екенін көрсетеді. 2024 жылғы Халықаралық меншік құқығы индексінде Финляндия, Сингапур, Дания, Нидерланд, Швеция көш бас­тап тұр. Ал 125 елдің ішінде еліміздің 74-орында орналасуы құқықтық институттарды одан әрі жетілдіру қажеттігін айғақтайды.

Жаңа Конституцияның 23-бабы 2-тармағында авторлық құқық пен өнер­табыстарды конституциялық деңгейде қорғауды көздеп отыр. Бұл шешім ғы­лыми және технологиялық дамуға ұзақ­мерзімді серпін беретініне сенеміз.

Құқықтық нормалар олардың іске асуы­­­­мен ғана құнды. Сондықтан ғылымды қаржыландыруды кезең-кезеңімен арттыру, инновацияны коммерцияландыру және «университет – бизнес – мемлекет» байланысын дамыту шешуші мәнге ие. Ғалым мәртебесін институционалдық тұрғыда бекіту де маңызды. Бұл ғылым­дағы кадрлық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, жастарды ғылыми қызметке тартуға мүмкіндік береді.

Осы қадамдар сәтті жүзеге асса, еліміз білім экономикасына көшіп, ғылым мен инновация ұлттық даму өзегіне айналады. Бұл ғылыми дамудың ғана емес, елдің тұрақтылығы мен халықаралық бәсекеге қабілеттілігінің кепілі болады.

 

Алтынбек НҰХҰЛЫ,

Сенат депутаты

Соңғы жаңалықтар