• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:30

Маңғыстаудағы мұзайдыны

20 рет
көрсетілді

Маңғыстау облысында мұзай-дынына қызығушылық бар болғанмен, бұл мәселе күні бүгінге дейін арман күйінде қалып келіп еді. Жуырда сол ұзақ жыл­ғы арман ақиқатқа айналып, халықаралық деңгейдегі мұз сарайы ашылды.

Ақтау қаласында халықаралық стандарттарға сай салынған олимпиа­далық үлгідегі нысан екі қабатты ғимараттан тұрады. Мұнда мұзайдыны, спортшыларға арналған киім ауыс­тыру бөлмелері, жаттықтырушылар кабинеттері, әкімшілік бөлмелер, келу­шілерге арналған кафе қарастырылған, спортшылар мен қонақтарға барлық қажетті жағдай жасалған.

Спорт кешенінің ашылу салтанатында сөз сөйлеген өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай:

«Жастардың спортпен жүйелі түрде айналысуына жан-жақты жағдай жасау – біздің басты басымдық­тары­мыз­дың бірі. Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен­дей, бұқаралық спортты дамыту, зама­науи спорт инфрақұрылымын қалып­тастыру – стратегиялық маңызды міндеттер. Осы орайда бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлу қажет. Әсіресе қысқы спорт түрлерін жастар арасында кеңінен насихаттау аса маңызды. Мұндай бастамалар өскелең ұрпақтың қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың әлеуетін ашуға мүмкіндік береді. Болашақта облысымыздан олимпиада чемпиондары шығады деп сенемін», деп атап өтті.

Мемлекет басшысы жеке ин­весторлардың қоғамдық маңызы бар жобаларға, оның ішінде спорт нысандарын салуға қаржы салуға тиіс екендігін айтқан бо­латын. Осы тапсырмаға сәй­кес жаңа мұз сарайы жеке ин­вес­тиция есебінен жүзеге асқан жоба болуымен ерекше, әрі Маңғыстауда бизнестің әлеу­меттік инфрақұрылымды да­мытуға қалай қатысатынына мы­сал бола алады. «Бауыржан ЛТД» ЖШС директоры, кәсіпкер Ұлықпан Көбесовтің бұл жобасы «Даму» қоры арқылы жүзеге асырылатын «Өрлеу» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдауға ие болды.

Мұз сарайының ашылу салтанатына мәнерлеп сырғанау­дан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, еліміздің бес дүркін чемпионы, Жаңаөзен қаласының тумасы Гаухар Нау­рызова, шайбалы хоккейден ха­лықаралық дәрежедегі спорт шебері, Маңғыстау облысының бас жаттықтырушысы Дмит­рий Шахов, сондай-ақ Санкт-­Петербургтен арнайы шақы­рылған жаттықтырушы – мә­нер­­­леп сырғанаудан спорт ше­бер­­лігіне кандидат, Маң­­ғыс­тау об­лысының аға жат­тық­тыру­шысы Алена Панкратова қатысты.

Ұлттық құраманың мүшесі, еліміздің намысын халықаралық аренада қорғап жүрген спортшы, ел чемпионы, халықаралық жарыстардың жүлдегері, Төрт құрлық чемпионатының, әлем чемпионатының, Азия ойын­дарының, қысқы Универ­сиа­даның қатысушысы, серіктесі­мен бірге ISU халықаралық рей­тингінде үздік 50 жұптың қата­рына енген Гаухар Нау­рызова туған өлкесінде жаңа спорт нысанының ашылуына риза­шылығын білдіріп, нысанның жастарды саламатты өмір салты тұрғысында дамытуға тигізетін ықпалын, болашақ чемпиондарды тәрбиелеудегі мән-маңызын атап өтті.

«Біздің қалада мәнерлеп сырғанау өнері әлі бастапқы дең­гейде. Дегенмен жаңа мұзайдынының ашылуымен бұл тамаша спорт түрі қарқынды дамып, батыл да талантты балаларды өзіне тартатынына се­нім­дімін. Жасөспірімдер бұл спортта бағын сынаудан қо­рықпай, табандылық танытып, тұғырдың биігінен көрінеді деп үміттенемін. Заманауи зәулім сарайда оларға барлық мүмкіндік бар. Мұзайдынының ашылуы – үлкен оқиға, өлкем үшін мақтанамын, барша спорт­шыларымызға үлкен жетістіктер тілеймін», деді, қазіргі уақытта Испанияда белгілі спортшылар, Олимпия ойындарының қатысушылары, Гран-при кезең­дерінің жүлдегерлері Кирилл Халявин мен Сара Уртадоның жетекшілігімен жаттығып жүрген спортшы Г.Наурызова.

Шынында да, Ақтауда ашыл­­ған мұзайдыны сарайы өңір­­дің спорт саласындағы үлкен жаңалық болды. Маң­ғыс­тау өңірінің спорттық инфра­құ­рылымын дамытудағы ма­ңыз­ды нысан жас спортшыларды кәсіби даярлауға жол ашады. Олимпиадалық спорттың хоккей, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, кёрлинг сияқты төрт түрін дамытуға мүмкіндік беретін нысанға Астана, Өскемен, Қара­ғанды қалаларынан білікті жат­тықтырушыларды тарту жоспарланып отыр. Негізгі басымдық хоккей мен мәнерлеп сырғанауға беріледі.

Нысанның ашылуы Маң­ғыс­тау облысында қысқы спорт түрлерін дамытуға, жас спортшыларды қолдауға, бұқаралық спортты насихаттауға тың серпін беретіні сөзсіз.

 

Маңғыстау облысы 

Соңғы жаңалықтар