Ежелгі ғасырлардан сыр шертетін киелі Түркістан өңірінің әр тасы тарихқа толы, шежіреге бай. Мыңжылдықтардың куәсі болған көне қала топырағын аяғыңмен басып, тарихи орындарын көзбен көрудің әсері, әрине, тым бөлек. Жуырда «Балуан тас сапары» экспедициясымен елорда әуежайынан он бір адам бортқа отырып, Шымкент шаһарына бет алдық. Қазақ халқының айрықша күш туралы дәстүрлі түсінігін жаңаша зерделеуге бағытталған жоба Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен «Қазақ күшінің картасы» аясында жүзеге асып отыр. Бірнеше күнге созылған сапар барысында Сайрам, Ордабасы, Созақ, Бәйдібек, Отырар, Сауран аудандарын аралап, тарихи нүктелерге табан тіредік.
Күш атасы
Экспедиция барысында қатысушылар тарихи балуан тастарға куә болып, олардың мән-маңызына бойлады. Кезінде батырлар көтерген бұл тастар тек физикалық күштің емес, ерлік, намыс пен рухани беріктіктің рәмізі саналады. Жоба жетекшісі Абылайхан Калназар бастаған топ сапарын Сайрам қаласынан бастады. Қасиетті орындар – Ибрагим ата, Қарашаш ана, Бибіғияс ана кесенелеріне бас сұғып, Нанжеместің көтерген рәміздік балуан тасын зерттеуге ұласты. Иә, алғашқы нүктенің Сайрам болуы да тегін емес: көне шаһар ежелден рухани және мәдени орталық танылған.
Одан әрі Ордабасы ауданындағы Қажымұқан Мұңайтпасұлы кесенесіне зиярат етіп, палуан бабаның қара шаңырағындағы жәдігерлермен таныстық. Атап айтқанда, палуан арбасының бел темірі, ожауы, су құяр ыдысы, сырнайы мен шабаданын, табалдырығын таңдана тамашаладық, толқи қол тигіздік. Батыр тұлға өмірінен естеліктерге қанықтық.
Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейінде күш атасының үлкенді-кішілі сегіз балуан тасы сақталған. Топ мүшелері мұражайға арнайы ат басын бұрып, батыр бабаның көтерген тастар тарихымен танысты.
«Мұнда қара күш иесі Қажымұқан атамыздың арнайы көтерген тастары, жаттығуда пайдаланған және ел аралап өнер көрсеткенде білегінде ойнатқан түрлі алып тастар, сондай-ақ кеудесіне қойып, балтамен ұрып сындырған тастардың бөліктері сақталған. Музей қорында ең төмені 32 килодан 600 килоға дейінгі кір тастары мен таудың тығыз тастары бар», дейді музейдің бөлім басшысы, балуанның шөбересі Меруерт Ескермес.
Қажымұқанның жаттығу жасаған кір тастары – музей қорындағы ең алғашқы тіркелген жәдігерлердің бірі екен. Екі дана кір тасының бірі – кәдімгі қалыпты үлгідегі, палуанның жастық шағында пайдаланған, салмағы 32 килолық тас. Тастың бір бетіне бедерлі «1895 ж.» деген жазу қашалған. Ал екінші кір тас – салмағы 48 кило. Ол кәдімгі тау тасынан қашалып, қажетті деңгейдегі салмақта арнайы жасалған. Бұл тасты палуан қартайған шағында жаттығу мен өнер көрсету кезінде пайдаланған.
Мұражай сөресіндегі бөлшек тасқа да көзіміз түсті. Қажымұқан палуан Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында ел аралап өнер көрсеткенде шалқасынан жатып, көкірегіне шамамен 180-200 кило тартатын ауыр тастарды қойып, ұсталардың үлкен кувалдаларымен ұрып сындырған. Сол тастардың ұшып түскен бір бөлшегі бүгінге жеткен. Бөлшек тастың салмағы шамамен 25-30 кило. Ал мынау 350 килолық томбы тасты 1946 жылы көтерген. Түлкібас ауданы Ұрбұлақ ауылындағы Әлімқұл Бердіқұл қарияның үйінен алынған. 550 килолық қызыл диірмен тасты да Қызыл-Сеңгір ауылында өзі көтерген. 630 килолық ақ диірмен тасты да 1944–1946 жылдары Бөржар ауылында өнер көрсеткен кезде көтерілген. Кейін сол ауылдағы Жолдыбай қарияның ауласында сақталған.
Мұражай алдындағы 480 килолық Баянауылдан келген тасты 2018 жылдың тамыз айында Ордабасы ауданының тумасы, Баянауыл өңірінде мемлекеттік қызметте жүрген Қуанышбек Әбдуғаппарұлы «Туған жерге тағзым» бағдарламасы аясында Қажымұқан музейінен алып келген. 1921 жылы палуанның ұста досы Сүбектің өтінішімен Қажымұқан ауыл сыртындағы ауыр тасты көтеріп, досының үйінің ауласына жеткізіп берген. Кейін Сүбек ұста оның салмағын өлшеп, бетіне өлең жолдары мен жылын қашап жазып, естелікке қалдырған. Қуаныш Әбдуғаппарұлының айтуынша, бұл тас – сол түпнұсқа жәдігер.
Осы ретте жолда естіген бір әңгіме ойға оралып отыр.
Ілгеріде Шаян өңірінің партия комитетінде қызмет атқарған Мырзахмет Сүлейменов деген азамат болыпты. 1940 жылдары Шәуілдірде алып Қажымұқанмен етене араласыпты. Оның үйінің алдында сандықтай ғана болса да орнынан қозғау қиын, аса ауыр бір арыстан тас бар екен деседі. Ауылдың он шақты жігіті жабылса да әлгі тасты қозғалта алмайды. Бірде ойда-жоқта Қажымұқан сол үйге келе қалады. Мырзахмет балуанның мінезін білсе де, қалжыңдап, әрі намысын қамшылап:
– Құдай маған осы тасты алып тастайтын Рүстемдей бір дәуді бермеді? – дейді.
Ым астарын түсінген Қажымұқан көзінің қиығымен қарай:
– Рүстем ауылыңда жүргенде неден састың? – деп бұл да әзілге басып, бір күліп алады. Содан әлгі тасқа жақындап, еш қиналмастан жерден жұлып алып, сәл шайқай, бірнеше қадам жерге лақтырып жібереді. Шад-шадыман болған досы бұны мәртебе көріп, ерлікті ел-жұртқа жаяды. Болжам бойынша, ол тастың салмағы 30-40 пұттай болған. Бұл балуанның жетпіске келген шағынан аңыз боп қалған оқиға екен. Әлқисса.
Тас пен рух
Экспедиция аясында «Күш лекциясы» ұйымдастырылып, онда күш ұғымының тек физикалық емес, рухани мәні де кеңінен талқыланды. Жоба жетекшісі Абылайхан Қалназардың айтуынша, сапардың басты мақсаты – балуан тастарды тек материалдық мұра ретінде емес, ұлттық рух пен тарихи сананың көрінісі ретінде зерделеу.
«Балуандық тек қана қара күшпен өлшенбейді. Оның рухани және қайраткерлік қабаттары бар. Балуан тас та тек қана физикалық түрде көтерілмейді. Ол да тұтас бір философия болғандықтан, басқа да салаларда рәміздік тұрғыда көтеріле береді», дейді ол.
Айта кетейік, экспедиция құрамында арнайы жасақталған «Балуан тас» журналистер мен блогерлер пулының тұрақты өкілдері, ғалымдар мен спортшылар бар. Мәселен, Зейін Әліпбек бастаған журналистер мен блогерлер қосыны, Серік Ерғали бастаған ғалымдар шоғырын атап өтеміз. Спортшыларды балуан Арман Сүлеймен бастап жүрді.
Ғалым Серік Ерғали экспедицияның ғылыми маңызын атап өтті.
«Бұл жолғы сапар жоғары деңгейде өтті. Ғылыми жаңалықтар да аз емес. Мәселен, «балуан тас» ұғымының «зілтас» атауымен сабақтас екені нақтыланды», деді ол.
Сапардың ең әсерлі сәті Отырар ауданында өткенін ерекшелеп айтамыз. Мұнда ұзақ жылдардан кейін балуан тас көтеру дәстүрі қайта жаңғыртылды. Наурыз тойында салмағы 200 килоға жуық тасты экспедиция мүшесі, палуан Арман Сүлеймен көтеріп, жиналған жұртты таңғалдырды.
Экспедиция аясында Академияның алда жоспарланған «Пілмен күрескен қазақтың жеті палуаны», «Ұлы даланың балуан тастары», «Көкпар қайдан шыққан? Генезис, этимология, сыр-құпиялары», басқа да кітаптарға түрлі материал жиналды. Мәселен, Арыстанбаб кесенесі маңындағы зиратта жерленген Ошақты руының Тасжүрек атасынан тарайтын және Жоңғар шапқыншылығы заманындағы атақты қолбасшы Саңырық батырдың жақын туысы Итемген ердің естелігіне айрықша тоқталды. Оның «пілді жеңген» деген дақпырты мен тағы да басқа күштік ерліктері жазып алынды.
Топ мүшелерінің кей аудандарда аумақтық өндіріс орындарына да шақырылғанын айта кетейік. Мәселен, Сауран ауданы солардың ішінде ауқымдылығымен ерекшеленеді. Бүгінде онда инвестициялық жобаларды арттыру мақсатында Өндірістік парктің құрылысы жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде үш қатардан тұратын 40 ғимараттың құрылысы аяқталып, 32 жобаның іске асқанына куә болдық. Атап айтсақ, жаңбырлатып суару және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын, ауылшаруашылық тракторларды өндіретін және сэндвич панельдер, мектепке арналған жиһаздар мен медициналық, кеңсеге арналған жиһаздар, тоңазытқыш өндіретін, ішкі есіктер және дрон өндірісі тағы басқалар бар. Сайрамдағы Орталық Азия жұртына таңсық банан плантациялары мен Отырардағы тоқыма өнеркәсібі, шланг шығару зауыты, сондай-ақ мақта зауытының жұмысы назар аудартты. Ордабасының Бадамындағы индустриялық аймақ, Бәйдібектегі су қойма құрылысы, Созақтағы газ желісі де қызығушылық туғызды.
Бабатаға барғанда...
Бәйдібек ата, Домалақ ана, Ысқақ баб, Баба Түкті Шашты Әзиз, Арыстанбаб кесенелері мен Ақмешіт әулие үңгірі... Халық қадір тұтқан киелі мекендердің қай-қайсысы да өз дәуірінен, өз тарихынан үн қатады. Бас-аяғы төрт күнде облыс аумағында 1 000 шақырымға жуық жол жүріп, он шақты әулие басына зиярат етіп, балуан тастары бар үш музей жәдігерлерімен танысыппыз. Сатыбалды Нарымбетовтің Ащысайын да көріп, көңіл толқығаны бар («Созақтан шыққан Гамлетін» осы ауылда түсірген). Іссапар деген тосын оқиғаларымен қызық емес пе? Бабата ауылына Ысқақ бабтың кесенесіне бет алғанда сол маңдағы зиратта жазушы Тәкен Әлімқұловтың «жатқанын» естіп, жүрек өрекпіп сала берді. Өзі тірідей күтіп отырғандай бір күй кештік. Әрине, сүйікті жазушымыздың басына барып, Құран бағыштауға асықтық. Міне, бәріміз шырақшының соңынан еріп, қалың тікен арасымен Тәкенді «іздеп» келеміз. Иә, қаламгердің сүйегі өз өтінішімен Қаратаудың етегіндегі өзі туған Бабата ауылына жерленген еді. Кетерде шырақшыға осында Тәкен Әлімқұлов деген жазушының зираты барын келген жұртқа ұмытпай айтып жүруін «тапсырып» кеттік. Жаңағы өрекпіген жүрек енді тыныш тапқандай болды.
Сонымен, топ жетекшісі Абылайхан Қалназардың айтуынша, «Түркістан облысына балуан тас сапары» қорытындысы бойынша «Қазақ күшінің картасына» екі рәміздік балуан тас, 13 заттық балуан тас жеке-жеке нысандар ретінде енгізіліп, толық мәліметі ақпараттар базасына тіркелді. Ал төрт заттық балуан тас нақтылауды қажет ететіндіктен, кейінге қалдырылды.
Айта кетейік, «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының «Қазақ күшінің картасы» жобасы былтыр Бас редакторлар клубы құрамының қатысуымен таныстырылған еді. Бұған дейін жоба аясында Ақтөбе, Павлодар облыстарына экспедициялар ұйымдастырылып, алғашқы ғылыми-мәдени деректер жинақталды. Ал бұл жолғы сапар Наурыз мейрамы мен Түркістанда өтетін Көкпардан әлем чемпионаты, сондай-ақ Қажымұқан Мұңайтпасұлының 155 жылдық мерейтойына орайластырылды.
Аталған жоба қазақтың дәстүрлі күш мәдениетін зерттеу, балуан тастарды ұлттық мұра ретінде жүйелеу, оларды заманауи мәдени айналымға енгізу, сондай-ақ ұлттық бірегейлікті нығайту мақсатын көздейді. Осы орайда экспедиция құрамы алдағы уақытта да балуан тастардың ізімен бірнеше бағытқа сапар жоспарлап отыр.
АСТАНА – ШЫМКЕНТ – АСТАНА