Ұстаз – тек білім беруші ғана емес, ол шәкірттің дүниетанымын қалыптастырып, оның өмірлік бағытын айқындауға ықпал ететін тұлға. Қоғамның рухани, зияткерлік дамуы ең алдымен осындай ұстаздардың парасаты мен табанды еңбегіне байланысты. Сондықтан ұрпақ тәрбиесі жолында аянбай қызмет етіп жүрген педагогтерге құрмет көрсету – азаматтық парыз.
Өзім білім алып жүрген Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде осындай білікті ұстаздардың тәлімін көріп келемін. Солардың бірі – ғылыми жетекшім, аса қадірлі ұстазым Бақытгүл Ілесова. Ол – саналы ғұмырын білім мен ғылым саласына арнаған тәжірибелі педагог. Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ақпараттық жүйелер кафедрасында кафедра меңгерушісінің оқу-әдістемелік және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары әрі аға оқытушы қызметін атқарады. Ұстаздық жолында үлкен жауапкершілік танытып, болашақ мамандарды даярлау ісіне елеулі үлес қосып жүр.
Ұстаздың шынайы болмысы тек кәсіби біліктілігімен ғана емес, шәкірттерге деген жанашырлығы мен адамгершілік қасиеттері арқылы айқындалады. Бақытгүл Ералықызының талапшылдығы, іскерлігі, білімге деген адалдығы студенттерге әрдайым үлгі. Оның еңбегі талай шәкірттің ғылым мен білім жолына сеніммен қадам басуына себеп болып отыр.
Білім саласында табысты еңбек ету – үлкен төзімділікті, терең білімді және жүрек жылуын талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, Бақытгүл Ілесова – өз мамандығына адалдық танытып келе жатқан абзал жан. Оның өнегелі жолы мен ұлағатты ісі – жас ұрпаққа, әріптестеріне үлгі. Осындай оқытушылардың еселі еңбегі арқылы білім ордаларының беделі артып, ел ертеңін сеніп тапсыратын білікті мамандар қалыптасады.
Жаннұр ЗАТЫХАН,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 4-курс студенті