Бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегенов Алматыда наурыз айының ортасында ұсталған белсенді Санжар Боқаевқа қатысты қылмыстық істің мән-жайын жария етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ресми мәліметке сәйкес, белсенді аса ірі көлемдегі алаяқтық жасағаны үшін және бір топ адам болып ағаштарды заңсыз кесу фактілері бойынша күдікке ілінген. Қазіргі уақытта іс бойынша қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Ерлан Өтегеновтің айтуынша, күдікке ілінген заңбұзушылықтар Боқаев ұлттық компанияда қызмет етіп жүрген кезде жасалған болуы мүмкін.
«Қылмыстық іс оның ұлттық компанияда жұмыс істеген кезеңіне қатысты қозғалған. Тергеу аяқталған соң толық ақпарат беріледі», деді Бас прокурордың орынбасары Сенаттағы брифинг барысында.
Ашық дереккөздерге сүйенсек, Санжар Боқаев 2015-2017 жылдары «ҚазТрансГаз» компаниясында басқарма төрағасының кеңесшісі қызметін атқарған. Бұдан өзге ұлттық компаниялардағы қызметі туралы нақты мәліметтер қолжетімді емес.
Еске сала кетейік, 18 наурыз күні белсендінің ұсталғаны белгілі болды. Кейін сот күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
Құзырлы органдар істің барлық мән-жайы тергеу аяқталған соң толық жарияланатынын мәлімдеді.