• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Медицина Бүгін, 08:50

Травматология және ортопедия орталығы құрылады

10 рет
көрсетілді

Айтып келмейтін апаттар мен түрлі жол-көлік оқиғалары озық технологиялармен жабдықталған медициналық орталықтардың қажеттілігін арттырып отыр. Осы орайда Алматыдағы №4 қалалық клиникалық аурухана базасында өңірлік Травматология және ортопедия орталығын құру жоспарланды.

Алматы қалалық қоғамдық денсау­лық сақтау басқармасының мәлі­метінше, жаңа орталық ауыр жарақат алған науқастарға шұғыл көмектен бастап, оңалту кезеңіне дейінгі барлық сатыда мамандандырылған қызмет көрсетеді. Бастаманы жүзеге асыруға мегаполистегі жетекші мекемелердің бірі – №4 клиникалық аурухананың таңдалуы тегін емес. Мұнда жылына 19 мыңдай пациент ем қабылдап, 12 мыңға жуық операция жасалады. Мәселен, 2025 жылы ірі буындарды эндопротездеу­ге қатысты 2 250 операция сәтті өткен. Қазірдің өзінде жаңа орталықты құруға дайындық ретінде аурухананың қабылдау бөлімі толықтай қайта жаңғыртылды.

Мұндай орталықтың ашылуы елдің оңтүстік өңіріндегі травматологиялық қызметті үйлестіруді күшейтіп, маман­дардың біліктілігін арттыруға, ғылыми зерттеу бағыт­тарын дамытуға жол ашады. Бұл маңызды жобаны Денсаулық сақ­тау министрлігі, қала әкімдігі, академик Н.Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығы толықтай қолдап отыр.

Орталықты ашуға дайындық аясында аурухана базасында Р.Вреден атындағы Травматология және ортопедия ұлттық медициналық зерттеу орталығы (Ресей) мамандарының қатысуымен шеберлік сыныптары мен ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Басқосу нәтижесінде екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, заманауи медициналық технологияларды бірлесе енгізу көзделді.

– Ауруханамыз дәстүрлі түрде травматоло­гия саласына маманданған. Инфрақұры­лым­ды дамытып, емдеудің жаңа тәсілдерін енгі­зу арқылы бұл бағытты одан әрі күшейтіп келе­міз. Орталықтың құрылуы жетекші ма­ман­дар­мен өзара тиімді іс-қимылды кеңей­туге мүм­кіндік береді, – деді №4 қалалық клиникалық аурухананың директоры Біржан Досмайылов.

Халықаралық сарапшылар да жобаның өзектілігін жоғары бағалап отыр. Р.Вреден атындағы орталықтың директоры Рашид Тихилов: «Өңірлік орталық құру – дер кезін­де қолға алынған маңызды қадам. Қазіргі травматология үздіксіз тәжірибе алмасу мен жаңа технологияларды енгізуді талап етеді. Алматыда бұл үшін барлық жағдай жасал­ған», деп атап өтті.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар