• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 08:03

Геологиялық әлеуетті күшейту – басым бағыт

20 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектенов Geoscience & Exploration of Central Asia (GECA 2026) халықаралық геологиялық форумына қатысты. GECA 2026 форумы халықаралық ұйымдар, дипломатиялық корпус, сондай-ақ ұлттық және шетелдік компаниялар өкілдерін біріктірді.

Геологиялық форумның пленарлық отырысында сөз сөйлеген Премьер-министр Олжас Бектенов ел экономикасы мен өнер­кәсібінің тұрақты дамуындағы геологиялық барлаудың страте­гиялық маңыздылығын атап өтті.

«Биыл – шын мәнінде, Қазақстан үшін тарихи жыл. Экономика мен қоғамның барлық саласын одан әрі жаңғырту ісіне тың серпін берген жаңа Конституция қабылданды. Жалпыхалықтық референдумда еліміздің азаматтары нағыз отаншылдықтың үлгісін көрсетіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауқымды бастамаларына жаппай қолдауын білдірді. Қазірден бастап мемлекеттік басқару­дың ашықтығын арттыруға, қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға және адам капиталын дамытуға бағытталған Ата заңның нормаларын жүзеге асыруға біз айрықша көңіл бөліп отырмыз. Аталған өзгерістер экономиканы дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, соның ішінде геологиялық барлау саласы отандық өнеркәсіптің стра­тегиялық негізіне айналды», деді О.Бектенов.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша саланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және заманауи технологияларды қолдану аясын кеңейтуге бағытталған геология және жер қойнауын пайдалану саласындағы жүйелі реформалар жүзеге асырылып жатыр.

Мұндағы маңызды қадам қызметтерге ашық қолжетімділікті қамтамасыз ететін жер қойнауын пайдаланудың Бірыңғай порталын іске қосу болып отыр. Мәселен, «Бірінші келді – бірінші алды» деген әлемдік озық тәжірибенің негізінде жер қойнауын пайдалану құқығын беру үдерістері айтарлықтай жеңілдетілді. Бұл кейінгі үш жылда геологиялық барлауға шамамен 280 млрд теңге жеке инвестиция тартуға мүмкіндік берді.

Қорлар бойынша есептілік­тің халықаралық стандарттары енгізілді. Алдағы уақыт­та гео­ло­гиялық зерттеулерге ор­­нық­ты көзқарас қалып­тас­тыру мақ­сатында 1:50 000 масштабындағы геофизикалық карталарды жа­сақ­тау қолға алынды.

Бүгінде елімізде геологиялық саланы дамытудың заманауи әрі технологиялық моделі қалып­тасып жатыр. Ұзақмерзімді басым­­дықтар қатарында – техноген­дік минерал­дық түзілім­дерді эко­номикалық айна­лымға тарту, жерасты сулары­ның кен орындарын түгендеу жұмысы, сондай-ақ саланың цифр­лық трансформациясы жағ­дайында жұмыс істеуге қабілетті геологтер, инженерлер мен сарапшылар даярлау бар. Астанада сарап­тамалық зертхана, керн қоймасы және геологиялық ақпарат қоры бар геологиялық клас­тер құры­лып жатыр. Орта­лық кадр­лық әрі техникалық ре­сурс­­тар­ды біріктіріп, салалық зерт­теу­лерді жеделдетуге ықпал етеді.

Еліміз елеулі минералды-шикізаттық әлеуетке ие. Оны инвесторлар пайдалы қазбаларды барлау, өндіру мен қайта өңдеу тұрғысынан басым аймақтардың бірі ретінде қарастырады. Елде шамамен 10 мың кен орны бар, шикізаттың негізгі түрлері бойынша қорлардың жалпы көлемі 2,3 мың тоннадан аса алтын, 4,3 млрд тонна мұнай, 3,8 трлн текше метр газ, 33,5 млрд тонна көмір және 26,7 млрд тонна темірді құрайды. Ресурстық базаның едәуір бөлігін сирек жер металдары, оның ішінде былтыр ашылған 800 мың тоннаға жуық церий, неодим, иттрий және басқа да элементтердің қоры бар «Құй­рықтыкөл» кен орны құрайды.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде ел аумағын геологиялық-геофизикалық зерделеуді 2,2 млн шаршы шақырымға дейін жеткізу жұмысы жалғасып жатыр. Бүгінде ол шамамен 2,04 млн шаршы шақырымға жетті. Жер қойнауын геологиялық зерделеуді қаржыландыру 10 есеге ұлғайтылғаны, алдағы 3 жылда шамамен 500 млн долларды құрайтыны атап өтілді.

Форум барысында цифрлық технологиялар мен ЖИ енгізе отырып, геологиялық барлау, жер қойнауын пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және тәжірибе алмасуға назар аударылды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, Өзбекстан Республикасы тау-кен өнеркәсібі және геология министрінің орынбасары Рустам Юсупов, Тәжікстан Республикасы Үкіметі жанындағы Геология бас басқармасының басшысы Илхомджон Оймухаммадзода және тағы да басқалар өзара іс-қимылды кеңейту жөнінде ұсыныстар айтып, пікір білдірді.

Форумға қатысу аясында Премьер-министр «Жас геолог» стендін, минералдардың экспозициясы мен геологиялық кластер макетін аралап көрді.

Соңғы жаңалықтар