Премьер-министр Олжас Бектенов орталық мемлекеттік органдардың, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің, «Самұрық-Қазына» АҚ басшыларының қатысуымен Экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссияның отырысын өткізді.
Онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы одан әрі ырықтандыру мен бәсекелестікті дамыту, оның ішінде тауар және цифрлық нарықтардағы кедергілерді жою, денсаулық сақтау, байланыс, электр энергетикасы, табиғи монополиялар қызметтері саласындағы реттеуді жетілдіру бойынша қойған міндеттерін жүзеге асыру мәселесіне ерекше назар аударылды.
Комиссия Мемлекет басшысының «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығының орындалу барысын қарады. Басым бағыттардың бірі – дәрі-дәрмектерді нарыққа шығару мерзімін 3–5 жылдан 100 жұмыс күніне дейін қысқарту. Денсаулық сақтау министрлігі препараттарды тіркеу мен сараптамадан өткізудің негізгі кезеңдерін біріктіретін «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша композиттік мемлекеттік қызметті енгізіп жатыр. Халықтың инновациялық медицинаға кең ауқымда қол жеткізуін әрі технологиялар трансфертін қамтамасыз ету мақсатында Комиссия түпкілікті цифрландыруды жүргізу және сатып алудың барлық негізгі тізбесіне дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды қатар енгізу мәселесін қарады.
Деректерді Сәйкестендіру кодтарының базасына енгізуге қажетті мобильді құрылғыларды верификациялау мәселесіне де назар аударылды. Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев «Телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту туралы» заң жобасы шеңберінде жүргізіліп жатқан іс-шаралар туралы баяндады. Верификация рәсімін заңнама арқылы нақты бекіту тіркеу жүйесінің орнықтылығы мен цифрлық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді.
Одан бөлек электрондық құжат айналымы жүйелері нарығын дамыту және цифрлық секторда бәсекелестік ортаны қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыс туралы хабарланды.
Инвестиция тарту, жаңа қуаттарды іске қосу, тарифтік жүктемені теңестіру мақсатында енгізілген Электр энергиясын бірыңғай сатып алушының жұмысына қатысты сұрақтар, сондай-ақ теміржолдағы кіреберіс жолдардағы түйткілді мәселелерді жою жайы талқыланды.