• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Шаруашылық Бүгін, 08:10

Агроэкспорттың жаңа кезеңі

20 рет
көрсетілді

Қазақстан ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі жағынан әлемдегі жетекші елдердің қатарына қосылды. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының соңғы деректерін негізге алған Дүниежүзілік банк мәліметіне сүйенсек, еліміз бұл көрсеткіш жөнінен әлемде алтыншы орында тұр. Қазақстан бұл ретте Қытай, Америка Құрама Штаттары, Аустралия, Бразилия, Ресей секілді мемлекеттерден кейін орналасқан.

Айта кетерлігі, бұл аумақтың құрамына тек егістік жерлер емес, сондай-ақ еліміздің ауыл шаруашылығы алқаптарының басым бөлігін құрайтын ұшы-қиыры жоқ жайылымдар да кіреді. Бұл аграрлық артықшылық елімізді өз жерін мүмкіндігіше қарқынды түрде өңдеп, кәдеге тиімді жаратып отырған бірқатар аграрлық державадан көш ілгері көрсетіп тұр.

Әлем елдері ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде өздеріне тән бағыттарға маманданған. Мәселен, АҚШ жүгері өндіруден көш бастаса, Бразилия соя мен қант қамысы өндірісі бойынша алда келеді. Ал Аустралия бидай экспорттайтын ірі мемлекеттердің бірі ретінде оқ бойы озық тұр. Біздің ел дәстүрлі түрде дәнді дақылдар, ең алдымен, бидай мен арпа өсіруге басымдық береді. Дегенмен кейінгі жылдары егіс құрылымы біртіндеп өзгеріп жатыр.

Елімізде ауыл шаруашылығын әр­та­­рап­з­­тандыру стратегиясы жүйе­лі түрде жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, мемлекет бидай ал­қап­тарын қысқартып, табысы жоғары дақыл­дардың үлесін арттыруға ден қойып отыр. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдегендей, басымдық майлы және малдың азығына жарар дақылдарға, сондай-ақ арпа мен картоп өсіруге беріледі.

Соңғы деректерге сәйкес, еліміздегі жалпы егіс көлемі 23,8 млн гектарды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға кеңейген. Сонымен қатар бидай алқабы 125 мың гектарға қысқарып, шамамен 12,1 млн гектарды құрады. Осы кезеңде, керісінше майлы дақылдар, мал азығы дақылдары, арпа егілетін аумақтар көбейген. Мұндай өзгеріс ауыл шаруа­шылығының тиімділігін арттыру, климаттық жағдайға бейімделу, астықтың әлемдік бағасындағы құбылмалылыққа тәуелділікті азайту қажеттілігімен байланысты болып отыр. Сарапшылардың пікірінше, табысы жоғары дақылдарға көшу аграрлық секторды дамытудағы маңызды қадам саналады.

Осылайша, қомақты жер ресурсына ие еліміз аграрлық моделін кезең-кезеңімен жаңғыртып, тұрақ­тылыққа, рентабельділікке және өндірісті әртараптандыруға басымдық беріп отыр. Жалпы, агроөнеркәсіп кешені кейінгі жылдары тұрақты өсім көрсетіп, елдің әлемдік астық нарығындағы позициясын нығайта түсті. Өндіріс көлемінің артуы мен экспорт географиясының кеңеюі аграрлық сектордың жаңа сапалық деңгейге өткенін аңғартады.

Ауыл шаруашылығы министр­лігінің баспасөз қызметі ұсынған мәліметке көз жүгіртсек, мемлекеттік қолдау шараларының, заманауи агротехнология  енгізілуінің және қолайлы ауа райы жағдайының нәтижесінде, Қазақстан екі жыл қатарынан рекордтық астық өнімін жинады. Өткен жылы орташа өнімділік гектарына 16,3 центнерді құрап, жалпы 25,9 млн тонна астық жиналды. Оның ішінде бидай көлемі 19,3 млн тоннаға жетті. Өндірістегі өсім экспорт көлемінің ұлғаюымен қатар жүріп жатыр. 2024-2025 сауда маусымының қорытындысы бойынша астық пен ұнның астық баламасындағы экспорты 15,3 млн тоннаны құрап, бір жылда 60 пайызға артқан. Бұл еліміздің сыртқы нарықтағы сұранысының жоғары екенін көрсетеді.

Сонымен қатар жедел деректер де оң динамиканы айқындайды. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының мәліметіне сәйкес, былтырғы қыркүйек пен биылғы наурыз аралығында астық және ұн экспорты 8,9 млн тоннаға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1 млн тоннаға артқан. Бұл көрсеткіш экспорт қарқынының сақталып отырғанын дәлелдейді.

Негізгі экспорт бағыттары ретінде дәстүрлі нарықтар – Орталық Азия елдері алдыңғы орында тұр. Атап айтқанда, Өзбекстанға жеткізілім 14 пайызға өссе, Қырғызстанға экспорт 1,8 есеге артқан. Ауғанстан мен Түрікменстан бағытында да айтар­лық­тай өсім байқалады. Бұл өңірлік сұраныстың тұрақты екенін көрсетеді. Кейінгі жылдары астық Вьетнамға, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Солтүстік Африка елдеріне экспорттала бастады. Бұған қоса Иран, Әзербайжан, Грузия бағыттары қайта жандана түсті. Еуропа елдеріне жоғары сапалы durum және Hi-Pro бидайы жеткізіледі. Қытай ба­ғы­ты да қарқынды дамып келеді. Был­­­­тыр мал азықтық ұн экспорты 2,9 млн тоннаға жетіп, бір жылда 2,4 е­се­­ге өскен. Бұл көрші нарықтағы сұ­­ра­­­­ныс­­­тың артып отырғанын білдіреді.

Жалпы, мемлекетіміз ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерін әлемнің 70-тен аса еліне экспорттайды. Кейінгі бес жылда агро­өнеркәсіп кешені экспорты 1,8 есеге өсіп, 7 млрд долларға жеткен. Өткен жыл­дың өзінде экспорт көлемі 36,9 па­­йыз­ға артты.

Сарапшылардың бағалауынша, экспорт құрылымында өңделген өнім үле­сі­нің 51 пайыздан асуы да – маңызды көр­сеткіш. Бұл еліміздің тек шикізат жет­кізуші емес, қосылған құны жоғары өнім өн­діруші елге айналып келе жатқанын көр­сетеді.

Осылайша, өндіріс көлемінің артуы мен логистикалық мүм­кіндіктің кеңеюі мемлекетімізге астық экспортын тұрақты түрде өсіруге мүмкіндік беріп отыр. Ал нарықтарды әртараптандыру мен мем­лекеттік қолдау шаралары аграр­лық сектордың бәсекеге қабілет­ті­лігін арттырып, елдің әлемдік азық-түлік нары­ғындағы орнын одан әрі күшейте түспек.

Соңғы жаңалықтар