Павлодар облысының Майқайың кентінде болған шулы оқиғаға қатысты тергеу жалғасып жатыр. Полиция мәліметінше, қылмыстық іс екі бап бойынша қозғалған – «қайтыс болғандардың денесін қорлау» және «алаяқтық». Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Еске салайық, биыл ақпан айында Майқайыңдағы жекеменшік үйлердің бірінен 67 жастағы ер адамның, ал сол аумақтағы тағы бір үйден оның 39 жастағы қызының мәйіті табылған. Марқұмдардың денелері ұзақ уақыт бойы үй ішінде сақталған.
Майқайың кентіндегі үйлердің бірінен екі адамның мәйіті табылды
Анықталғандай, қайтыс болған ер адамның жұбайы, үлкен қызы және 6 жастағы немересі мумияланған денелердің жанында бірге тұрған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, кішкентай қыз анасының денесіне үнемі май және бал жағып отырған.
Жерлеу рәсімінен кейін қойылған тақтайшалар арқылы белгілі болғандай, отағасы шамамен жарты жыл бұрын қайтыс болған, ал оның қызының денесі екі жылдан астам уақыт үйде жатқан. Марқұм әйелдің қатерлі ісікке шалдыққаны белгілі болғанымен, дәрігер көмегіне жүгінбеген және ешқандай әлеуметтік төлем алмаған.
Шымкентте жалдамалы пәтерден үш адамның мәйіті табылды
Сонымен қатар тергеу барысында қайтыс болған ер адамның зейнетақысы есепшоттан тұрақты түрде шешіліп отырғаны анықталған.
«Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, оның ішінде сот-психологиялық және психиатриялық сараптамалар тағайындалды. Екі әйел де арнайы психиатриялық мекемеге жатқызылып, ем қабылдап жатыр. Ал кәмелетке толмаған бала тексеруден кейін Екібастұз қаласындағы мемлекеттік мекемеге орналастырылды», деді Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Жанна Белялова.
Құзырлы органдар оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, құқықтық баға берілетінін мәлімдеді.
Алматы облысында жеке тұрғын үйден төрт адамның мәйіті табылды