Әдеби орта да өзінше бір қоғам, ондағы адамдар да бір-біріне қарсы боп, топ-топ боп бөлініп, сондай-ақ бірін-бірі қолдап, бірігіп, жекелеген адамдар өзара дос, аға-іні боп, ұстаз бен шәкірт деңгейіне де көтеріліп жатады. Сол секілді қаншама адамға шуағын шашып, демеген кісілердің есімі де ерекше ықыласпен тілге тиек етіледі. Сондай есімдердің бірі – Мұқан Иманжанов.
Мұқан туып-өскен ортасы мен уақытының талаптарына көнбей, өзі көксеген өмірге ұмтылған, сол жолда аянбаған адам екенін шамалауға болады. Әкесі Иманжан әрі ақын, әрі көрген-білгенін қағазға түсірген, қазіргіше айтқанда зерттеуші (мұрағаттағы қолжазбалары енді зерттеліп жатыр), әрі қай заманда өмір сүрсе де сыйлы бола білген дүмді кісі. Мұқан сол әкенің дегенімен жүрмей, оқу іздеп Алматыға кетуі – Абай балаларын сынағанда Михаэлистің: «Балаларың сенің төбең көрінбейтін жерге кетуі керек», дегенін еске түсіреді.
Алматыға кеткен соң Мұқан өкпесіне суық тигізіп, созылмалы ауруға шалдығып, өмірмен ерте қоштасқанын естеліктерден жақсы білеміз. Бірақ Мұзафар Әлімбаев: «Дімкәстігіне қарамай, Мұқан дені сау әрі өзінен жасырақ бізден әлдеқайда көп еңбектенетін», дейді. Оны тынымсыз еткен – өзі аңсаған биік деңгейлі әдебиет еді. Ізденіске толы тынымсыз да қысқа ғұмырында бізге «Алғашқы айлар» сынды сол уақытқа жаңалық болған повесі мен бірнеше әңгімесін сыйлағаннан бөлек, бірқатар ақын-жазушының көпшілікке танылуына да себепкер болыпты. С.Қирабаев, Т.Әлімқұлов, Ә.Нұрпейісов, Б.Соқпақбаев, М.Әлімбаев, З.Қабдолов, Ә.Нұршайықов, А.Нұрқатов, М.Әлімбаев, С.Сарғасқаев, З.Иманбаев, Ө.Қанахин, Т.Молдағалиев, Е.Ебікенов, Қ.Мырзалиев, Ә.Мәмбетов, Ә.Дүйсенбиев, С.Жиенбаев, Ш.Мұхамеджанов, Қ.Ыдырысов, З.Шүкіров, С.Баязитов, Ә.Нәбиев, Н.Сералиев, К.Тоқаев, тағы басқа қазір аты есімде жоқ көп жастардың әдебиетке бетін Мұқан ашты», деп жазады.
Джек Лондонның кейіпкері Мартин Иден газет-журналға жазғанын бастыра алмай, әбден қиналғанда редакциядағыларға ренжіп, олардың бәрі өздері жаза алмай, енді жаза алатындарға өш екенін меңзеп: «Әдебиеттің кірер есігін сол бірөңкей талантсыз төбеттер қоритын болған», дейтіні бар еді. Ал Мұқан Иманжанов ондай келеңсіздікке қарсы күрескенін көреміз.
«Пионерде» істеп жүргенінде оқушы балалардың тырнақалды туындыларын басып, оларға жауап хат жолдап, ағалық қылып жүрген кезін еске алып, Сансызбай Сарғасқаев былай дейді: «Мұқанның жас қаламгерлерге деген қамқорлығын, олардың сәтті шығармаларына жас балаша қуанғанын талай көрдім». Ал «Социалистік Қазақстанда» істеген кезінде өңірлерде жүрген талапты жастарды бау- лып, жарыққа шығарғанын Әзілхан Нұршайықов пен Тәкен Әлімқұловтардың естелігінен анық байқаймыз.
Өзінің қанаттастарына, інілеріне де сондай жанашырлық танытып, шығармашылық туралы әңгіме болса, бір-бірінің әңгімелерін талқыласа да жанын сала кіріседі екен. Кемел Тоқаев «Көмескі із» повесін жазарда ойын Мұқан Иманжановқа айтып беріп, сонда ол кісінің былай дегенін еске алады: «Бізде детектив жанры атымен жоқ. Егер сен осы жанрды бастап кетсең, әдебиетіміздегі үлкен олқылықты толтырған болар едің». Кейін Кемел үзеңгілес ағасы артқан сол жүкті жетер жеріне жеткізді де.
Мұзафар Әлімбаев Мұқанның осы қасиетін айта келе, былай деп дәл баға берген екен: «Театр терминін қолдансақ, Иманжанов әдеби сахнадан өзі көзге көрінбеген, шымылдық сыртында қалған, бірақ талайдың өнерін шыңдаған білгір режиссер болатын».
Әлбетте, аты аталған жазушылар Мұқандай ұстазы болмаса, танылмай қалар еді деуге болмайды. Бірақ кез келген өнер иесін дәл уағында демеп, қанаттандыру өте маңызды. Және ең қызығы, кейін қазақ әдебиетіне әрқайсы өзінше үлес қосқан осынша көп адам сондай аяулы жан ретінде қырық екі-ақ жыл өмір сүрген Мұқанды еске алатыны.
Көпке көмектескісі кеп тұратын Мұқанның дархан мінезін сөз еткен соң, оған рахмет айта білген, жақсылығын ұмытпай жазып кеткен шәкірт інілерінің де мәрттігін айта кеткеніміз әділ болар.
Жан баласын күндемей, өзі құмартқан әдебиеттің халін жалғызындай уайым қылып, жетпей тұрған тұсын жеткізе алатын жастарға бар ақылын айтып, өзіне өзі міндет етіп алған интеллектуалдық майданның ішінде күресе жүріп дүниеден өткен Мұқанның туғанына биыл – 110 жыл. Осыған орай әдебиет бапкерінің атын көпшіліктің есіне бір салып қоюды жөн көрдік.
Арман ӘЛМЕНБЕТ,
Президенттік арнаулы әдеби сыйлықтың иегері