Соңғы жылдары елімізде бұралқы иттердің адамға шабуылы жиілеп, бұл мәселе қоғамдық қауіпсіздіктің өзекті тақырыбына айналды. Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, бұл тек жануарларға қатысты мәселе емес – бұл адам өмірі мен денсаулығын қорғауға тікелей қатысты түйткіл, деп жазады Egemen.kz.
Мәжілістің жалпы отырысында жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң жобасы талқыланып жатқан кезде депутат қоғамдағы ахуалдың күрделілігін нақты деректермен көрсетті. Оның сөзінше, елімізде орташа есеппен бір сағатта бес адамды ит қабады.
Депутаттың айтуынша, бұл мәселе тек эмоциямен емес, нақты статистикамен дәлелденіп отыр. Сондықтан бұл жерде сөз тек жануарлар туралы заңға емес, қоғамдық тәртіп пен мемлекеттің жауапкершілігіне келіп тіреледі.
Соңғы бір жылдың ішінде 41 366 адамды ит қапқан, оның ішінде 23 134 адам бұралқы иттердің шабуылынан зардап шеккен. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 38 848 жағдайды құраған, соның 24 410-ы бұралқы иттер. Бұл деректер мәселенің азаймай, керісінше күрделене түскенін көрсетеді.
Еділ Жаңбыршин атап өткендей, әрбір санның артында нақты адам тағдыры тұр – балалардың жарақаты, азаматтардың психологиялық күйзелісі, кей жағдайларда мүгедектік, тіпті адам өлімі де бар. Мәселен, Өскеменде бұралқы иттер 11 жастағы балаға шабуыл жасаған. Мұндай оқиғалар Орал, Көкшетау, Жалпақсай ауылы және Қосшы қаласында да тіркелген. Ал 2022 жылы Ақтөбе облысында бұралқы иттердің шабуылынан бала көз жұмған.
«Малшы мен ветеринар жоқ»: Депутат азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төніп тұрғанын айтты
Депутаттың айтуынша, қоғамның орынды сауалы ретінде айтқанда, адамдардың қауіпсіздігіне, бұралқы иттерге, жүйенің әрекетсіздігіне кім жауап береді деген сұраққа мемлекет нақты жауап бере алмаса, мәселе тек иттерде емес, құқықтық және басқарушылық вакуумда жатыр.
Өңірлерде тұрғындармен кездесулер барысында да тұрғындар бұралқы иттер мәселесін шешуді талап етіп отырған. Осыған байланысты «Аманат» партиясының депутаттары бастама көтеріп, заң жобасын алға шығарған, ал басқа фракциялар да бұл бастаманы қолдаған.
Бүгінгі таңда бұралқы иттер мәселесі – тек санитарлық немесе тұрмыстық проблема емес, қоғамдық қауіпсіздік пен мемлекет тұрақтылығының маңызды индикаторы. Бұл бағытта нақты шешімдер қабылданбаса, жағдайдың одан әрі күрделене түсу қаупі жоғары.
Депутат Айтуар Қошмамбетов жалақыға түсетін салық жүктемесін азайтуды ұсынды