• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Өнер Бүгін, 08:12

Қоғамға ой салған қолтаңба

20 рет
көрсетілді

Суретші-иллюстратор Аңсаған Мұстафаның суреткерлік қолтаңбасында артық бояу да, күрделі композиция да жоқ. Есесіне, бүгінгі қоғамның көрінісі мен күнделікті өміріміздің көлеңкелі тұстары еш әспеттеусіз әсерлі беріледі.

Әлеуметтік желіні белсенді пайдаланатын ортаға Аңсаған Мұстафа есімі жақсы таныс. Оның алғашқы суреттері алдымен әлеуметтік желілерде жария­ланды. Қазіргі қоғам дертін дөп басып, айналада болып жатқан тұрмыс түйткілдерін бүкпесіз жеткізген шынайы туындылар бірден жұртшылық назарын аударып, ел арасына кеңінен таралды.

Еліміздің ірі қалаларында Аңсағанның терең сырға толы суреттері көпшілікке ой тастау мақсатында ілініп тұр. Көпшіліктің көкейіндегісін дәлме-дәл суреттеген «Әке, балаңа көңіл бөл!», «Ана, темекі тартпа!», «Қарттар үйінде қазақ көп», «Қорқам, әке, ұрмашы...», «Тазалық», «Ары барып ойна!», «Ұрыс тек балаға зиян», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» сынды көптеген әлеуметтік иллюстрация легін көрмеген адам кемде-кем болар.

Аңсаған Атырау облысының Миялы ауылында дүниеге келген. Алматы қаласындағы көркемсурет колледжін тәмамдаған ол кейін Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында графикалық дизайн мамандығын меңгерді. «Бейнелеу өнеріне бет бұруыма жазушы әкем мен журналист анам ықпал етті деуге болады. Бала кезімде анам Шолпан Ұғыбайқызы «Ақ босаға» атты газет шығарды. Мені ылғи жанына ертіп жүретін. Редакцияда журналист аға-әпкелердің әңгімесін тыңдап, соның желісімен сурет салатынмын. Кейін бұл әдетім шынайы өнерге ұласты. Алғашқы суреттерімді әлеуметтік желілерге жүктедім. Онда да қаламгерлер, журналистер әртүрлі идеяларын ұсынып, түрлі әлеуметтік тақырыпқа қалам тартуыма түрткі болды» дейді өнер иесі.

Болмысы бөлек, ойы астарлы суретшінің қылқаламынан туған дүниелерді үш топқа жіктеуге болады: ана мен бала, телефонға телмірген ұрпақ, мәңгі махаббат тақырыбына арқау болған сан қилы тағдыр.

Оның қай суретін алсаңыз да заман тынысын, замандас келбетін көресіз. Уақыт ағымына сай өзгерген адам психологиясындағы ерекшелікті айнытпай бейнелен­ге­ніне куә боласыз. Қазіргі қоғам­ның тарам-тарам мінезін тап басу, идеяны әлеуметтің өзінен іздеу, оны боя­масыз күйде көпшілікке жеткізе білу – сурет­ші­нің бас­ты ерекшелігі болса керек. Жұрт­шылық Аңсағанның шынайы шы­ғар­ма­ла­рын жылы қабыл­дай­ты­ны да сондықтан.

А.Құрманғазықызының шы­ғар­машы­лығына оралуы­мыздың өзіндік себебі бар. 17 сәуір күні Астанадағы Ұлттық музейде қылқалам иесінің «Сөйле, сурет!» атты әлеуметтік тақырыптарға арналған көрмесі өтеді. Бұл рухани іс-шара Аңсағанның шығармашылығындағы ма­ңызды белес деуге бола­ды. 2014 жылдан бастау алған көрме еліміздің барлық қала­сын аралап, кейін шет мем­лекеттерде жалғасын тапты. Осы­лай­ша, суретшінің таңдаулы туын­дылары әлемнің 30-дан астам елін аралап, өнерсүйер қауымның ықыласына ие болды.

Ал елордадағы көрме – осы шығармашылық сапардың  жал­ға­сы іспетті. Бұл – суретшінің 200-көрмесі екен. Мұнда автор­дың кеңінен танылған дара шы­ғар­­малары қойылады. Бір адам­ның емес, тұтас қоғамның бет-бейнесін көрсетуге тырысқан суретшінің көрмесінде ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың осал тұстары, қилы тағдырлар тоғысы, күй­бең тіршілік түйткілдері мен тех­но­логияға тәуелділік тақырып­та­ры айшықталмақ. «Елордалық көрерменге өзімнің ең кең таралған туындыларымды ұсынбақшымын. Әрбір суретімнің айтары бар. Бәрі де күнделікті өмірден алынған кө­ріністер. Жалпы, мен қазақ қо­ға­мының – үрейсіз, әр адамның ж­ү­регі уайымсыз болғанын қа­лай­мын. Туындыларым арқылы көкейімде жүрген осы арман-мақ­са­тымды жеткізгім келді», дейді суретші.

Өнердің миссиясы – рухани әсемдік сыйлау ғана емес, көрген адамға ой салу. Ендеше, суретші-иллюстратор Аңсаған Мұстафаның бас шаһардағы көрмесі көпшілікті өз өміріне, айналасына сын көз­бен қарауға, кем-кетіктің орнын толтыруға үндейтін, жақсы өзге­ріс­ке жетелейтін тағылымы мол шығармашылық кеш болатынына сенім мол.

Соңғы жаңалықтар