Арқалықтағы Дала өлкесі тарихы мұражайында тұрған ұлттық аспап Торғай өңіріне белгілі қолөнер шебері Төкей Оспановтың қолынан шыққан.
Шебер дәл осы үлгіде үш домбыра жасап, оның бірін Өзбекәлі Жәнібековке, екіншісін сазгер Төкен Елтебаевқа берген. Үшіншісі музей қорында сақтаулы.
Қобызға ұқсайтын домбыра мұражайға 1975 жылы 30 наурызда тапсырылыпты.
«Шанағы сегіздік формада жасалған бұл домбыра бір қарағанда қобызға ұқсайды. Төкей ағамыз – домбырамен қатар қобыз жасаған кісі. Арқалықтан ұлттық аспаптар цехын ашамын деп жүріп өмірден өткен. Жалпы, бізде тұрған домбыраның шанағы ағаштан бүтіндей шабылып жасалған. Аспаптың дөңгеленіп келген артқы жағы Арқаның қалақ домбыралары тәрізді тегіс шабылған. Ал оның үш бұрышқа ұқсайтын жоғары жағы қырлы болып келеді. Негізі, эксперимент түрінде жасалған аспап болса керек. Мысалы, Арқада қалақ домбыра, кең сағақты, қуыс мойын домбыралар екі-үш үлгіден кездеседі. Ал бұл домбыраның басқа түрін кездестірмедім. Сондықтан шебер мұны тәжірибе үшін жасап көрген болуы керек деп ойлаймын. Бірақ домбыра қаңсып тұрып қалғаны болмаса, сөйлеп тұр», дейді музей директорының орынбасары Батырлан Сағынтаев.
Қостанай облысы