• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тарих Бүгін, 08:35

Қаныштың Қытайға сапары

20 рет
көрсетілді

Қазақ ғылымының тау тұлғасы, академик Қаныш Сәтбаевтың: «Қандай ортада жүрсең де, қандай лауазымға ие болсаң да, үш қасиеттен жаңылмағайсың: еңбексүйгіштіктен, сыпайы­гер­шіліктен, адамгершіліктен» деген сөзі бар.

Ғұлама бұл ұстанымын ғұмыр бойына бағдар еткендей. Ғалым туралы естеліктерден оның биік адамгершілік тұлғасын еңбек дегенде тау қопарарлықтай екпінін, кішіпейілдігін, тағысын-тағы айрықша мінез-құлқын оқып-біліп келеміз. Қанағаң жөнінде том-том кітаптар алдағы уақытта да жазыла беретіні айқын.

Академиктің тағы бір атап ай­тарлық қыры – ғылым сәулесін кеңес өкіметінің шекарасынан әрі асырып, жер бетіндегі өзге мемлекеттерге түсіргені. Біз сөз еткелі отырған оқиға – кітап беттерінде жазыла қоймаған, кеңес өкіметі тұсында айтылмаған дүниелердің бірі.

1958 жылы (кей деректерде 1957 жыл деп көрсетілген) Қазақ КСР Ғылым академиясының пре­зи­­денті, академик Қаныш Иман­тай­ұлы ­КСРО-ның ғылыми деле­­гациясы құра­мында пайдалы қазба кен орындарын іздеу мәсе­лелері бойынша Қытайдың алғаш­қы ғылыми конференциясына қа­ты­суға  Бейжіңге сапарлайды. Әлгі ғылыми жиында әйгілі  ға­лым Қазақстандағы гео­логиялық кар­таға түсіру ерек­ше­лік­тері, металлогениялық зерт­теу­лер­дің нәти­желері мен келе­шегі тура­лы мазмұнды баяндама жа­сайды. Бұл баяндама Қытай геолог­терінің үлкен қызығушылығын тудырады. Се­бе­бі дәл сол тұста Қытай елінде масштабы 1:3 000 000 болатын бір ғана геологиялық карта жарық көрген болатын. Осы кон­ференциядан ке­йін Қытай Гео­ло­гия министрлігі­нің өкілдері елдің бүкіл аумағын­да пайдалы қазбаларды іздеу және металлогения бойынша кең ауқым­ды геологиялық жұмыс жүргізу әдіс­темесі туралы кеңес одағының, атап айтқанда Қазақстанның мамандарымен кеңесе бастайды.

Бізге бұл мәліметтерді жеткіз­ген академик Қ.Сәтбаевтың Баянауыл­да­ғы мемориалдық музейінің қыз­мет­ке­рі Гауһар Балабаеваның айтуынша, ғалым еліміздегі пайдалы қазбалар, әсіресе Жезқазған мыс кен орындарының маңызы туралы баяндай келіп, қазақ жерінің геологиялық байлығын әлем ғалымдарына таныстырады.  Осылайша, халықара­лық ғылыми ортада үлкен құрметке ие болған.  

 – Конференцияда Қ.Сәтбаевтың баяндамасына Қытай еліндегі ғылы­ми орта айрықша қызығушылық танытып, оның ғылыми еңбектері ха­лықаралық деңгейде мойында­лады. Тіпті сол елдің Геология министрі арнайы қабыл­дайды. Қытайдың атақты геологтерінің бірі кейін өз есте­лігінде  Сәтбаев туралы: «Қазақ­стан­ның жер қойнауын терең зерттеген, кен байлықтарын ғылыми тұрғыдан дәлелдеп көрсеткен аса көрнекті ғалым. Оның еңбектері тек бір ел үшін емес, бүкіл әлемдік гео­логия ғылымы үшін маңызды бол­ған еді» жазып қалдырыпты.  Бұл пікір Қаныш Сәтбаев еңбегі­нің халық­­ара­лық дейгейде мойын­дал­ға­нын көрсетсе керек, – дейді музей өкілі.

Бір қызығы, ғұламаның осы са­па­­­рында қытайлық профессор, ­ор­­­ыс және ағылшын тілдерінің оқы­­ту­шысы Чжоу Чаофань Қаныш Сәтбаевтың жеке аудар­машысы болады. Қазақ ғалымының терең біліміне, жеке басының тартымдылығына, қарапайымдылығы мен зиялылы­ғына тәнті болған Чжоу Чаофань көр­­­некті геолог туралы жылы есте­лікті жүрегінде жылдар бойы сақтап келген.

«Сол бір алыс 1958 жылы маған Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың жеке аудармашысы болу бақыты бұйырды. Онымен араласу барысында мен оның геологиядағы жаңашыл жұмыс стиліне қайран қалдым. Сәтбаев өз елінің геологиялық зерт­телуін әлемдік деңгейге көтеріп, бұл салада Ұлыбритания, АҚШ және өзге де алдыңғы қатарлы капи­та­лис­тік елдердің ғалымдарын басып озды. Қазақстан металлогениясын зерт­­теуде ол әлемде көшбасшы орын­да болды»,  деп жазыпты қытай­лық профессор.

Сол сапардың нәтижесінде С.М.Киров атындағы Қазақ мем­лекеттік уни­верситетіндегі (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық уни­вер­ситеті) геология-геогра­фия факультетінің бір топ студенті Бейжің университетіне жібері­леді. Олар кейін аталған оқу орнын қытай тілінде тәмамдап шыққан. Түлектердің бірі, кейінгі отандық беделді ғалымдардың бірі, про­фессор Сейіт Құсайынов 1996 жылы Қытайдың Ухань қаласындағы геологиялық университетте ғылыми семинарда тағылымдамада болады. Сол жерде профессор Чжоу Чаофаньмен танысқан екен. Ч.Чаофань Қанағаң туралы көпте­ген есте­лік­­ айтып, оның Қытай гео­логия ғылымына тигізген шапағатына жоғары баға береді.

«Онымен жұмыс істеу маған өте қызықты болды. Мен ғалымға жиі сұрақ қоятынмын. Ол барлығына мұқият  жауап бере отырып, менің оқуым, жұмысым, тұрмыс жағда­йым туралы сұрайтын. Ғылыми конференция аяқталғаннан кейін біз Ұлы Қытай қорғанына экскурсия жасадық, содан кейін Шанхай­ға аттандық. Жанымызда өзге де кеңес­тік және қытайлық жолдастар, оннан астам адам болды. Жолда Қаныш Имантайұлы тамақ талғамайтын, жатын жайға да кінәмшіл емес еді. Ол өте қарапайым, тәкаппарлықтан ада, мінезі жұмсақ әрі биязы адам болды. Біз Шанхайда көшеге серуендеуге шықтық, қаланың көптеген көрікті жерін тамашалап, дүкен­дер­ге бардық. Қытайдағы дәстүр бойынша жастар үлкен кісілердің заттарын тасуға көмектеседі. Мен Сәтбаевқа оның чемоданын көте­ріп жүруді ұсындым. Бірақ ол бұған: «Қазақстанда әйел адамдардың ауыр жүк көтеруі әдепке жатпайды»  деп жауап берді. Осылайша, біз жақсы қарым-қатынасты сақ­тай отырып, еркін әрі ізеттілік жағ­дайында болдық. Ол кезде оның жасы 60-қа жақындап қалса да, ден­саулық жағдайы жақсы болатын. Ол төзімділігімен, еңбекқорлығы­мен ерекшеленетін. Жоғары адамгер­шілік қасиеттері мен тартымды­лығы менің бойымда өмір бойы өшпес әсер қалдырды», деп айтқан екен қытайлық ғалым.

Сәтбаевтың ғылымдағы тұлғалық бейнесін бірден аңғарған қытайлық оқымыстылар сол конференцияда фарфордан жасалған картинаны сыйға тартады. Картинада қытай тілінде иероглифтермен:

«Ақ қарлы таулар – қашалған асыл нефриттей, Орман мен ауыл тып-тыныш ұйқы құшағында.

Тау етегінде жалғыз үй тұр ғой шеткері, Қарағай аралап, түтіні ұшты көкке иіріліп», деп жазылыпты.

Аталған картинаны ғұламаның 125 жылдық мерейтойында жиен немересі Әлима Жармағамбетова Баянауылдағы музейге табыстаған екен. Бүгінде ол мұндағы ерекше жәдігерлер қатарында сақталып тұр.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы