• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту

Баршаға ортақ мүмкіндік

20 рет
көрсетілді

Жасанды интеллектінің қолданылу аясы күннен-күнге кеңіп келеді. Бұрын IT мамандарының ғана құралы болса, қазір оны әр азамат қажетінше пайда­ланады. Бұл заман тудырған талап. «Digital Bridge» – 2025 халықаралық фо­румында Мемлекет басшысы осы үрдістің мән-маңызына тоқталған еді. Цифрлық сауаты жоғары белгілі бір топ алгоритмдерді пайдаланып, өзіндік ойлау моделін қоғамға қасақана таңуы ықтимал. Сондықтан «технология таңдаулыларға ғана емес, баршаға қызмет етуге тиіс» деген еді. Былтыр ғана ашылған Alem.ai жасанды интеллект орталығы осы мақсатта қызмет етіп жатыр.

Бұл – мектеп оқушыларынан бас-тап, студенттер, кәсіпкерлер мен ғалымдар білім алатын, зерттеу жүргізіп, стартап жасайтын, озық технологияларды бірлесе дамытатын кешенді кеңістік. Жобаның негізгі мәні – әлемдік үздік тәжірибелерді жасанды интеллект саласында дамуға ұмтылған кез келген адамға қолжетімді ету. Неліктен олай жасалып жатыр? Жасанды интеллектінің игілігі санаулы топтың қолында қалса, қоғамда жаңа цифрлық теңсіздік қалыптасады. Ал технология көпшілікке бірдей қолжетімді болса, әр адам оны өз кәсібіне, күнделікті тіршілігіне бейімдеп, өнімділігін арттыра алады.

«Осы ұстаным негізінде орталық алдына бірнеше нақты мақсат қойылған. Біріншіден, жасанды интеллект сала­сын­дағы кадр тапшылығын азайту үшін жыл сайын мың маман даярлау жоспар­ланып отыр. Екіншіден, жер­гілікті инновациялық компанияларды қалыптастыру үшін жүз жаңа стартапты іске қосу көзделген. Үшіншіден, ғылыми бағытты дамыту мақсатында кемінде он зерттеу жобасына қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар 2030 жылға қарай орталық жұмысына түрлі саладағы он мың адамды тарту жоспарда бар», деді «Alem.ai» орталығының өкілі Айгүл Дауылбай.

Осыдан жиырма жыл бұрын жасанды интеллекті мұншалық өріс алып кетеді деп кім ойлаған? Бірақ адамзат қай кезде де өздігінен ойланып, дербес әрекет ететін көмекшіні әбден армандаған. Мә­селен, Аристотельдің «Саясат» атты трактатында технологияның адамзат игілігіне қызмет ету керектігін жазады: «Әгараки әр құрал өз жұмысын өзі атқарып, бұй­рық күтпей-ақ қажетті істі орындаса, тоқу станогының шөркелері өздігінен жүріп, лираның ішектері өздігінен ойналса, онда шеберге қызметші де, қожайынға құл да керек болмас еді», дейді. Қайран, Аристотель кейінгі заманда өздігінен тоқитын Жаккард станогын немесе өздігі­нен ойнайтын механикалық пианиноны көрсе болжамының құр бекер қиял емесіне көзі жетер еді. Шығармашылық жұмысты шебер атқаратын Alem.ai-дағы жобаларды көрсе, тіпті таңғалатын сияқты. Бұл сөзіміз бекер емес. Жасанды интеллект тек теориялық идея немесе философиялық пайым деңгейінде қалып қоймай, нақты адамдардың тағдырын, кәсіби бағытын өзгертіп жатыр. Соның бір көрінісі – Alem.ai алаңында білім алып жүрген жастардың тәжірибесі.

21 жастағы музыкант Никита Цай шығармашылық қабілетін тек музыкамен шектемей, оны цифрлық ортада да сынап көріп жүргенін айтады: «Қазір «Alem.ai» базасындағы мектепте оқып жүрмін. Мұнда жастар бағдарлама әзір­леп, машиналарды адам қиялын түсіну­ге үйретеді. Мен музыкамен алты жасымнан бері айналысамын. Мектепте, колледжде оқыдым, кейін жоғары оқу орнына түстім. Бірақ уақыт өте келе кәсіби бағытымды цифрландырамын деп шештім», дейді жас өнерпаз.

Никитаның айтып отырғаны орталық жанынан ашылған «Tomorrow School» мектебі. Бұл – еліміздегі жасанды интел­лектіге маманданған алғашқы мектеп­тердің бірі. Мұнда дәстүрлі дәріс оқылып, дайын ақпарат берілмейді. Керісінше, студенттер бір-бірінен үйреніп, нақты тапсырмаларды бірге шешу арқылы білім игереді. Бұл – әлемдік тәжірибеде кең тараған тәсіл. Жоба Францияда та­ны­мал педагог Николя Садирак негі­зін қалаған «01Edu» платформасына сүйеніп құрылған. 2024 жылдың қазанында Astana Hub қолдауымен іске қосылған мектеп бүгінде жасанды интеллектіге қызыққан кез келген адамға тегін білім алуға мүмкіндік беріп отыр. Оқу бағдарламасы 18 айға созылады. Осы уақыт ішінде қатысушылар 50-ден астам жобаны орындап, 20-дан аса бағ­дарламалау тілін меңгереді. Мек­теп тәулік бойы жұмыс істейді. Сон­дық­­тан әркім өзіне ыңғайлы уақытта оқып, білімді өмірмен қатар алып жү­ру­ге бейімделеді. Бұл тәсіл дербес ойлау­­ды қалыптастырып, алған білімді тәжірибеде қолдануға үйретеді.

Бірақ «Alem.ai» тек білім берумен шектелмей, стартаптарды дамытуға да ерекше мән беретін айттық. Мұнда жаңа идеяларды қолдау, команда жасақтау, инвесторлар мен сарапшыларды тарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіледі. Осы мақсатта арнайы зерттеу алаңдары ашылып, технологиялық компания­лар мен ғылыми топтарға өз жобаларын сынақтан өткізуге мүмкіндік қарастырылған. Сонымен қатар орталық мемлекеттік құрылымдармен «GovAI» бағдарламасы аясында әріптестік орнатып, жасанды интеллектіні басқару жүйесіне енгізу, түрлі үдерістерді автоматтандыру және тиімділікті арттыру бағытында нақты жобаларды жүзеге асырып келеді. Мұндай бастамалар елде бұрыннан қалыптасқан инновациялық ортаға да сүйенеді. Бүгінде Astana Hub аумағында 1 600-ге жуық компания тіркелген, соның 150-і жасанды интеллект саласында жұмыс істейді. Кейбір жобалар халықаралық деңгейде танылып үлгерді. Соның бірі – «Higgsfield AI». Бұл платформа бейнені генерациялау және өңдеу бағытында жұмыс істеп, 16 миллион доллар инвестиция тартқан. Google нұсқасы бойынша әлемдегі үздік 25 стартаптың қатарына енген жоба бүгінде 2 миллионнан астам қолданушы жинаған. Ал GoDays стартапы қызметкерлердің күйзеліс деңгейін талдайтын жүйе ұсынып, 490 мың доллар инвестиция тартқан және Оңтүстік Кореядағы үздік IT жобалардың қатарынан көрінген.

Осының бәрі жасанды интеллектінің жай ғана технология емес, нақты эконо­микалық, әлеуметтік өзгерістердің қоз­ғаушы күшіне айналып келе жатқанын көрсетеді. Бұл жетістіктердің түп-төр­кіні – жасанды интеллект мамандарын бір орталыққа топтастырып, олар­дың біліктілігін жүйелі дамытуда жа­тыр. Саланы дамытудың мұндай үлгі­сі туралы «EdCrunch Amansultan» плат­формасының негізін қалаушы Нұрлан Қиясов та ерекше атап өтеді:

«Әлемдік тәжірибеде де белгілі бір заңдылық қалыптасқан. Инновация қарқынды дамуы үшін таланттар бір ортаға шоғырлануы керек. Біздің елдің аумағы кең болғандықтан, дарынды жас-тар мен ғалымдар әр өңірде шашыраңқы орналасқан, олардың арасындағы байланыс та сирек. Қазір ғылыммен айналысып жүрген орталар бар, бірақ олар оқшау күйде. Егер Кремний аңғары немесе ғылыми қалашықтар секілді бір жерде топтасып жұмыс істесе, нәтижесі әлдеқайда тиімді болар еді. Сол кезде жаңа инновациялық жобалар туындайды. «Alem.ai» төңірегіне жақын компаниялар күш біріктіріп, бірлесіп әрекет етсе, бұл елімізге тың инновациялық серпін әкеледі», дейді Нұрлан Қиясов.

Мұндай жүйелі жұмыстар өз кезегін­де елдің зияткерлік әлеуетін арттырып, жаңа буынның ойлау көкжиегін кеңей­теді. Ең бастысы, жасанды интеллект тек санаулы топтың құралы емес, бар­шаға ортақ мүмкіндікке айналады. Осы тұрғыдан алғанда, «Alem.ai» бастамасы – еліміздің цифрлық болашағын айқын­дайтын маңызды қадамдардың бірі.