Астана қаласындағы HAS SANAT өнер галереясы алаңында Қазақстан мен Қырғызстан суретшілерін тоғыстырған «Нұр шашу» халықаралық көрмесі өз жұмысын бастады. Көрмеде Әсел Тілеулен, Сансыз Мирзираимов, Абай Насиридинуулу және Ислам Дооровтың 60-тан астам кескіндеме туындысы ұсынылған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жоба адамның ішкі нұры тақырыбын арқау етіп, әр суретшінің өзіндік қолтаңбасы, көркемдік тәсілі мен бейнелеу ерекшелігі арқылы терең мағына береді. Түрлі стильдер мен бағыттарға қарамастан, көрме тұтас бір көркем ойға бірігіп, жан тыныштығы, үміт, рухани тірек пен адам болмысының терең сезімдерін бейнелейді.
Көрменің ашылуына жолдаған құттықтауында Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мұндай мәдени жобалардың халықтар арасындағы рухани байланыс пен өзара түсіністікті нығайтудағы маңызын атап өтті.
«Нұр шашу» көрмесі – заманауи бейнелеу өнерінің үздік туындыларын біріктірген маңызды мәдени оқиға. Бұл жоба шығармашылық ізденіс пен рухани сабақтастықты айқын көрсетеді. Көрмеге Қазақстан және Қырғызстанның танымал суретшілері қатысып отыр. Бұл тек өнер туындыларын таныстыру алаңы ғана емес, сонымен қатар мәдениеттер диалогының, рухани үндестіктің жарқын көрінісі», деді ол.
Көрмеге қатысушылардың барлығы кескіндеме жанрында жұмыс істегенімен, әрқайсысы тақырыпты өзінше ашады. Экспозицияда портреттік және пейзаждық жұмыстар, абстракциялық элементтер мен ішкі үйлесімділікке негізделген көркем шешімдер тоғысқан.
Көрмені 2026 жылдың 11 мамырына дейін тамашалауға болады.