Президент ЕАЭО-ның экономикалық әлеуетін одан әрі нығайту қажеттігіне үнемі назар аударып келеді. Сондай-ақ интеграциялық бірлестікті дамытудың басым бағыттарын айқындап, нақты міндеттер қойып отыр. Одақ аясындағы саммиттер мен кездесулер барысында мемлекет басшылары үнемі ірі жобалар бойынша жол карталарын пысықтап, үкіметаралық қаржыландыру тетіктерін келісіп, бірлескен бастамаларды жеделдету мәселелерін талқылайды. Алдағы отырыстарда бұл механизм жаңаша түрленбек.
Себебі қазіргі таңда әлем жаппай цифрлық трансформация мен жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Сондықтан уақыт ағымынан қалмай, заманауи технологияларды ЕАЭО-ға мүше елдер экономикасының барлық саласына енгізу мәселесі күн тәртібіне шықты. Меніңше, алдағы жылдардағы негізгі тақырыптарының бірі де осы болады. Мұндай жүйелер сауда ағындарын жоспарлауға, кедендік рәсімдерді жетілдіруге және баж салығының ықпалын тиімді бағалауға мүмкіндік береді.
Астанада V Еуразия экономикалық форум басталды
Сонымен қатар азаматтардың еркін қозғалысына кедергі келтіретін жасанды шектеулерді азайту, шекаралардағы жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегін қысқарту мәселелері де өзекті болып отыр. Негізі ЕАЭО құрылғаннан бері кедергісіз сауда ортасын қалыптастыруға бағытталған көптеген құжат қабылданды. Дегенмен әлі де шешімін күткен мәселелер бар.
Осындай кедергілерді жедел анықтау үшін ЕАЭО елдерінің заңнамалық бастамаларына мониторинг жүргізетін жасанды интеллект технологияларын пайдалану мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Ортақ экономикалық кеңістік құрылған соң, кедергісіз нарық пен тауарлардың еркін қозғалысын қамтамасыз ету басты міндеттердің бірі болуға тиіс.
Ресеймен ынтымақтастықтың маңызына тоқталсақ, Қазақстан үшін Ресеймен қарым-қатынас стратегиялық сипатқа ие және оның айқын басымдықтары бар.
Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы басталды
Ең алдымен, Ресей Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі болып қала береді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 30 миллиард АҚШ долларына жуықтап, Ресейдің Қазақстанның жалпы сыртқы саудасындағы үлесі 20 пайыздан асты. Бұл бағыттағы басты міндет – сауда көлемін ұлғайту ғана емес, сонымен бірге оны әртараптандыру, өңделген және шикізаттық емес экспорт үлесін көбейту, сондай-ақ ЕАЭО нарығына бағытталған бірлескен өндірістерді дамыту.
Меніңше, одақ әлеуметтік-экономикалық жағдайды бірден түбегейлі өзгертіп жіберетін қадамдарға бара қоймас. Алайда саммит аясында ұзақ мерзімді жобалар мен бағдарламаларға негіз болатын маңызды шешімдер қабылдануы мүмкін. Ал олардың нәтижесі болашақта халықтың тұрмыс сапасына және қатысушы мемлекеттердің экономикалық дамуына елеулі әсер ететіні сөзсіз.
Айбар Олжай,
экономист-сарапшы