Жүргізуші куәлігін алу тәртібін жетілдіру мәселесі Үкімет деңгейінде талқыланды. Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің төрағалығымен өткен кеңесте емтихан жүйесінің ашықтығын күшейту, қолайлылықты арттыру әрі заңсыз әрекеттердің алдын алу тетіктері қаралды.
Кеңес барысында Ішкі істер министрлігімен бірлесіп әзірленген ұсыныстар топтамасы назарға алынды. Негізгі мақсат – жүргізуші куәлігін алу үдерісін барынша әділ, түсінікті әрі қолжетімді ету, даярлық сапасын көтеру, жемқорлық қатерін азайту.
Жаңа тәсілге сәйкес азаматтар емтиханды ақылы негізде шектеусіз тапсыра алады. Әр талпыныс арасындағы мерзім кемінде 10 күнтізбелік күнді құрайды. Қазіргі тәртіпте үш тегін мүмкіндік қарастырылған, алғашқы екі әрекет арасы бір күн, үшіншісі 30 күннен кейін өткізіледі. Бұдан кейін қайта оқудан өту талабы қойылатын. Мұндай шектеу кей жағдайда заңсыз жол іздеуге түрткі болатыны айтылды.
Қанатқақты жоба аясында Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының Астана қаласындағы филиалы базасында академиялық адалдықты қамтамасыз ететін технологиялар сыналады. Кейін бұл тәжірибені теориялық емтихан жүйесіне кеңінен енгізу көзделіп отыр. Бұған қоса, орталық тест тапсырмаларына кешенді психометриялық зерттеу жүргізеді. Оның нәтижесі жүргізушінің қауіпсіз қозғалысқа қажетті білім мен дағдылар деңгейін дәл айқындауға мүмкіндік береді.
Емтихан үдерісіне жасанды интеллект элементтері де енгізіледі. Теориялық кезеңде толықтырылған шынайылық технологиясы қолданылса, практикалық сынақ компьютерлік көру жүйесінің көмегімен бақыланады. Мұндай шешімдер тыйым салынған құрылғыларды пайдалану ықтималдылығын азайтып, талап бұзылған жағдайларды нақты тіркеуге жол ашады.
Әкімшілік жауапкершілік нормаларын енгізу де ұсынылды. Ол қызмет алушыларға да, заңсыз жолмен куәлік алуға көмектесетін тұлғаларға да қатысты болады. Емтихан кезінде микроқұлаққап, жасырын камера секілді құрылғыларды қолдану, байланыс сигналдарын қабылдайтын немесе тарататын техниканы пайдалану заң бұзушылық ретінде қаралады. Мұндай жағдайда теориялық емтихан тапсыру құқығынан бір жылға айыру тетігі қарастырылған.
Автомектептердің қызметіне қойылатын талаптар да күшейтіледі. Бағалау кезінде жүргізушілерді даярлау сапасы мен азаматтардың пікірлері ескеріледі. Лицензиялау жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Оқыту деңгейі төмен болған жағдайда рұқсат құжатын кері қайтарып алу мүмкіндігі көзделген.
Ұсынылған шаралар жүргізуші куәлігін алу рәсіміндегі ашықтықты арттырып, үдерісті заманауи талаптарға бейімдеуге бағытталған. Жүйелі өзгерістер жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.