• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тұлға Бүгін, 08:55

Өнер көгіндегі ақиық

30 рет
көрсетілді

Қазақ поэзиясында өзіндік өрнегімен, айрықша үнімен дараланған Шөмішбай Сариев – ұлттық сөз өнерінің көгінде еркін самғаған тұлғалардың бірі. Оның болмысын терең таныған Ғафу Қайырбековтің «қос қанатты ақын» деген теңеуі – сөз зергерінің шығармашылық табиғатын дөп басқан анықтама. Бір қанаты – жанды тербеген лирикалық жырлар болса, екінші қанаты – ел арасына кең тарап, халықпен бірге тыныстаған ән-өлеңдері. Осы қос арна тоғысып, Шөмішбай поэзия­сын биікке самғатты.

Соның айқын дәлелі болса керек, Мәде­ниет және ақ­парат министрлігінің қол­дауымен елорда төріндегі Роза Бағланова атындағы «Қа­­зақ­­концерт» мем­лекеттік ака­де­миялық кон­церт­тік ұйы­­­мы сахнасында ақын­­ның 80 жылдық мерей­тойына ар­налған «Айналдым сенен, атамекен-ай» атты шығар­ма­шылық кеш – ел мәдениетіндегі елеулі оқиғаға айналды. Айтулы концерт бір тұлғаның мерейтойы ғана емес, тұтас бір дәуірдің үнін, ұлт­тың жан дүниесін, сағы­нышы мен мұратын тербеген тағы­лымды басқосу ретінде есте қалды. Мерекелік кеште Сенат төрағасы Мәулен Әшім­баев пен Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақ­парат министрі Аида Балаева жолдаған жүрек­жарды құт­тық­таулар оқылып, ақын­ның жары Жұмагүл Са­риева құрмет төрінен орын алды.

Өлең өлкесінде өзіндік үнімен өрнек салған Шөміш­бай Сариев өткен ғасырдың жетпісінші жылдары-ақ жар­қырай танылды. Ақын тек төл туындыларымен ғана емес, әлем әдебиетінің інжу-маржандарын қазақ тіліне тәржімелеу арқылы да ұлттық руханият көкжиегін кеңейтті. Атап айтсақ, Д.Гулиа, О.Бер­­гольц, И.Абашидзе, С.Ви­­кулов, А.Дементьев, Ф.Алиева, Р.Рож­дественский, Х.Аб­­дул­лин, М.Эминеску, Луиш ди Камоэнс сияқты көптеген шетел ақындарының өлеңде­рін қазақ тіліне аудар­­ды. 1989 жылы «Қайнар» баспасынан «Тамаша, Тамаша, Тамаша» атты кітабы басылып шықты. Қазақ ақындары арасында тұң­ғыш рет «Ғашықтар жыры», «Бозжорға» атты автор­лық бей­не­таспасы жарық көрген. 2000 жылы Шө­міш­бай Сариев Бухаресте ЮНЕСКО ұйым­дастырған Румы­нияның ұлы ақыны Михаил Эминескуге арнал­ған бүкіл дүниежүзілік ақын­дар симпозиумы­на  Орталық Азиядан жалғыз қатысқан ақын болды.

Ақын жырларының өзге тіл­дерге аударылуы – оның шығар­маларының адамзаттық ортақ құндылықтарға айнал­ғанының айғағы. «Арай­лы көктем», «Теңіз­ден соққан жел», «Тағдыр», «Уа­қыт», «Біз­дің ғасыр» секілді жыр жинақтары – уақытпен үндес­кен, дәуір тынысын дөп бас­қан, оқырман жүрегінен терең орын алған сырлы әлем. Бұл кітаптардан өмір­дің өзі, адамның ішкі иірім­дері, заманның үні естіледі. Ғалым Айгүл Ісімақова атап өт­кендей, Шөмішбай поэзия­сының бірегей қыры – оның табиғи әуезділігі, өлең­де­рінің әнге айналуға сұра­нып тұратын тылсым сазы. Ра­сында, ақын жырлары оқыл­ған сәттен-ақ әуенге айна­лып, жүрекке жол табады. Азаматтық пафос пен нә­зік лириканы шебер ұштас­тырған ол – қазаққа кең тараған талай әннің мәтінін жазып, поэзия мен музыканың арасын жалғаған алтын көпірге айналды.

Кезінде Шөмішбай Сариев шығар­машылығын жоғары баға­лап, ақын поэ­зиясының сыр­шылдығы мен тереңдігіне айрық­ша тәнті болған акадамик Зейнолла Қабдоловтың «Әннің ғұмыры – оның сөзін­де» деген бір ауыз пікірінде тұлға табиғатының тұтас бол­мы­сы жатқандай. Себебі Шөміш­бай Сариев – поэзия мен ән әлемін табиғи үйлес­тіре білген сирек дарын. Оның жырлары тек оқылмайды, олар айтылады, шырқалады, халықпен бірге жасайды. Ақынның қаламынан туған 300-ден астам ән мәтіні – қазақ музыка өнерінің алтын қорына қосылған асыл мұра. «Айналдым сенен, атамекен-ай», «Сәлем саған, туған ел», «Сарыарқа», «Қарағым-ай», «Ауылым-әнім», «Бозжорға», «Аяулым», «Қазақ елі», «Сары­­арқа», «Ғашық жүрек», «Ар­­ман жолдар», «Өмір-өзен», «Сағындым, сағым жыл­дар», «Қимай сені барамын», «Сағынышым – Астана» сынды туындылар – халық жадын­да жатталып, ұлттық рухтың айнасына айналған шығармалар.

Ал атақты «Айналдым сенен, атамекен-ай» әнінің алғаш­қы орындаушыларының бірі Қазақстанның халық әр­тісі Роза Рымбаева ақын өлең­дерінің уақыт сынына төтеп бергенін айтып, олар­дың бү­гін­де өзектілігін жоғалт­паға­нын тілге тиек етеді.

Шөмішбай Сариев шығар­маларының кең таралуына қазақ өнерінің саңлақтары да зор үлес қосты. Ақын әнде­рін Димаш Құдай­берген әлем сахнасында шырқап, ұлт­тық өнерді жаһандық дең­гей­ге шығарса, Мәдина Ера­лиева, Роза Рымбаева, Мақ­пал Жүнісова, Сембек Жұма­ғалиев, Бағдат Сәмедино­ва, Бауыржан Исаев секілді әнші­лер халық арасына кеңі­нен таратты. Әндері халық­аралық деңгейде де жоға­ры бағаланды. Мәселен, «Аяулым» әні халықаралық «Азия дауысы» байқауында Гран-при иеленіп, қазақ әнінің мәртебесін асқақтатты. Ал «Ән­ұраным – Азиада» туындысы тұтас елдің рухын көтер­ген спорттық мерекенің рәмізіне айналды.

Тұлға табиғатының дәл осы дара қырына айрықша басым­дық берілген «Айнал­дым сенен, атамекен-ай» атты айтулы мерейтойлық кештің көркемдік деңгейі де жоғары шықты. Сурет­кердің сыршыл әлемі сұлу саз болып төгілген концерт шымылдығы ақын жырларынан туған ән­дер­мен түріліп, көрермен жү­ре­гін бірден баурап алды. Бағдар­ламада автордың клас­си­каға айнал­ған таңдаулы шығар­мала­рының ретро­спек­тивасы ұсынылды. Әсіре­се ақын­ның Сейдолла Бәйте­реков, Кеңес Дүйсекеев, Төле­ген Мұха­меджанов секілді талант­ты композиторлар­мен шығар­машылық тандемі­нен туған тамаша әндер әуезге толы әсерлі кештің мазмұнын байытты.

«Astana Musical» мемле­кет­тік театры әртістерінің орын­дауындағы поэзиялық қойы­лымдар кеш мазмұнын байытып, көркемдік деңгейін арттырды. Ақын сөзі мен сах­на­лық өнер үндесіп, көрер­менге ерекше әсер сыйлады. Сахна төрінде «Ойлан, балам» әнінің алғашқы орындаушысы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ерік Жолжақсынов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Нұрлан Өнер­­баев, Жеңіс Ысқақова, Ұлық­пан Жолдасов, Құрмаш Махан, Ерлан Рысқали, Гүлсім Мыр­забекова, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегер­лері – Бауыржан Исаев, Ал­тын­шаш Мұқатаева, «Да­рын» Мемлекеттік жас­тар сый­лығының лауреаты Аяу­лым Кама­жан, «Мә­­­де­ниет са­ла­сының үздігі» төсбелгі­сінің иегері Пери­зат Тұра­рова, тағы басқа өнер иелері ән салып,  «Gulder» ансамблі мен Қа­зақ мем­лекеттік симфо­ния­­лық ор­кестрі кештің көр­кін қыз­дырды. Бас дирижер Дас­тан Ибрагимовтің же­тек­шілі­гімен орын­далған музы­калық шығармалар поэзия мен әуен­нің үйлесімділігін айқын көрсетті.

«Шөмішбай Сариевтің сөзіне жазылған, мен орын­да­ған «Аққу – арман» әні тың­дарман тарапынан жоға­ры сұранысқа ие болып, көп­шіліктің көңілінен шыққан туындылардың бірі саналады. Ән мәтінінің мазмұны мен идеясы әр буын өкіліне жақын әрі түсінікті болуымен ерекшеленеді. Мен Шөмішбай ағамен шығармашылық байланыста болып, бірқатар жоба­ны бірге жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болдым. Ол кісі ән авторларымен, орындаушылармен тығыз жұмыс істеуге ерекше мән беретін. Ән мәтініне қатысты ұсыныстар айтылған жағдайда, оны талқы­лап, орындаушының өтіні­шін ескеруге әрдайым да­­­­йын тұратын. Шөмішбай Сариев­тің шығармашылық мұрасы өте ауқымды. Ол қазақ музыка өне­ріне көптеген танымал әндердің мәтінін сыйлады. Сондықтан да ақын жырлары кеңінен орындалып, шығармашылық мұрасы болашақта да шырқала береті­ніне сенім мол», деді әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Өнербаев.

Кеш соңында Қасым-Жомарт Тоқаев атынан арнайы ықылас гүлі табысталып, ел Пре­зидентінің ілтипаты ақын еңбегіне берілген жоға­ры ба­ғаның белгісіндей әсер қал­дырды. Бұл – өнерге көрсе­тілген құрметтің, сөз құдіретіне деген ілтипаттың айқын көрінісі.

Соңғы жаңалықтар